Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 16 Қараша, 2020

Менің алғашқы жалақым

1972-жылы 7-класты бітіріп, каникулға шыққанда уақытша жұмысқа тұрдым. Әке ана дүниеге ерте кеткен бізді тастап, артынан апам да кеткен, әкемді алған көк теңіздің тереңіне. Бір кемпір, бір бала болып, қоңырқай тірлік кешкенімізбен, кедейліктің тауқыметі шешемнің жанына батқан болуы керек, осындай ұйғарымға келіпті. Өзі де майшабақ ыстайтын цехта жұмысшы болды. Ол цех мектептің қасында еді. Үзіліс кезінде мамама барып, ысталған, майлы майшабақты қара нанға қосып жеп, «шала байып» қалушы едім. Цех бастығы Степан Зацепин деген кісі болды, кемпірлермен қазақша керіскенде бәрін жеңіп шығатын еді.

Ол кезде біздің Форттағы ең ірі кәсіпорын – Баутин балық комбинаты болды, оның базасы Аташ елді мекенінде еді. Сол комбинаттың қазіргіше айтқанда Тұрғын үй-коммуналдық бөлімі, ол кезде жәй ғана Жапанов дей салатын еді, бөліміне жұмысқа алды, шешем алдын-ала сөйлесіп қойған ғой. Бастығы Жұбаназар Жапанов деген кісі еді. «Негізінде, айлығың 90 сом, бірақ сендер (мен құсаған тағы 3-4 бала болды) жарты күн істейсіңдер, сондықтан айына 45 сом аласыңдар) деп бірден айтқаны есімде.

Сонымен, алғаш рет жұмысшы атандым. Трактормен сүйретіп алып келетін цистернадан талдарды суарамын, маған тапсырылған жұмыс сол болды. Бірде Шүйлі сайындағы өрік бағына барып, екі «газонға» тақ толтырып, өрік жинап әкелдік. Үйге екі шелек өрік беріп жіберді Жұбекең. Тағы бірде комбинаттың кеңсесінен біреу келіп, базаның территориясын тазалауға адам сұрады. «Адам жоқ, бәрін жұмсап жібердім» деді Жұбекең. Көше сыпыруда үнемі әйелдер жүретін еді. Сол кезде 3-4 бала бастықтан жарлық күтіп отырғанбыз. «Мыналарды бер, бос отыр ғой» деді анау. «Бұл балдар – ертеңгі жігіттер, кішкентайынан көше сыпыруға үйретсек, ертең бұлардан қандай еркек шығады?» деді Жұбекең дауыс көтеріп.

Сол кездегі ағалардың ұстанымына, тағлымды сөздеріне әлі тәнтімін!

Сөйтіп жүріп, алғашқы айлығымды алдым. 45 сом! Бұндай байлықты қолыма алғаш рет ұстап тұрғаным! Сенер-сенбесімді білмей, қалтамнан шығарып, қайта-қайта қарай беремін...

Біздің үй Аташтың ең солтүстік шетінде еді. 2 шақырымдай жаяу жүріп барамыз. Берегіректе дүкендер бар. «Нан дүкен», «Темір дүкен», «Ет дүкен», «Мата дүкен», «Тамақ дүкендер» бәрі бір жерде шоғырланған. Соның ең шеткісі «Темір дүкенде» мен кірген сайын көзім түсіп, қызыға қарайтын бірнеше зат болатын. Радиоқабылдағыштар еді.

Біздің үйде мамамның гармоны мен әкемнен қалған патефоннан басқа бұндай заттар болып көрмеген. Тіпті, велик те болып көрген жоқ.

Қолда 45 сом ақша бар! Аяғым мені өзі жетелеп, сол дүкенге алып барды. 3-4 түрлі радиоқабылдағыштардың ішінен «Алмаз» деген кішкентай біреуі ғана тура 45 сом тұрады екен. Қалғандары қымбат. Есіл-дертім сол болған ғо, басқа ештеме ойлауға шамам келмей, соны сатып алдым ғо!

Үйге жүгіріп жеттім бе, ұшып жеттім бе, білмеймін, мамама радиоқабылдағышты ұстаттым. «Дәл 45 сом тұрады екен, сатып алдым, мама, сен тыңдасын деп!» деппін. Мамам маған қарап сілейіп отырып қалды. Көзіндегі әлдебір нала ма, реніш пе, таңғалыс па, бір құбылыс әлі көз алдымда.

Кім біліпті, мүмкін сол кезде біреуге қарыз болып, соны беруге менің ақшамды күтіп отыр ма екен... Әлдене сатып алу керек болды ма екен... Қолда азғантай жандығымыз бар, жем керек, шөп керек, су керек, соған жұмсамақ болды ма екен... Әйтеуір, менің алғашқы жалақым мамама «шок» болған сияқты.

Бір кезде орнынан тұрды да, үндемей сыртқа шығып кетті. Ілесе шықтым. Шәйнекке су құйып тұр екен, қасына барған маған бұрылды да, арқамнан қақты: «Қоссайшы радиоңды. Ән бар ма екен» деді сосын.

Осы бір сәттер әлі көз алдымда.

Радионы екеулеп тыңдайтын едік. Дыбысы да жөнді шықпайды. Бірде тым жақсы айтып тұрады да, артынан бәсеңдеп барып, соңы қырылға ұласып кетеді. «Айналып жүріп айтып жүр ғо. Халық естісін деп» деп қояды мамам. Көз алдыма орасан үлкен дөңгелек сақына, сонда жәйлап айналып жүріп, ән айтқан әнші елестейді.

Кешке күн батарға жақын берілетін концерт бар еді. Соны үзбей тыңдайтын еді. Бір күні қозы-лақ бағуға мен алып кетіппін радионы. Сонда мамамның балаша өкпелегенін қалай ұмытайын...

Келесі айлығымды мамама әкеліп бердім. Ол қолымнан ұстап, төрде ілулі тұрған әкемнің суретінің алдына алып барды да: «Тәжібай-ау, балаң жұмыс істеп ақша алып келді ғой» деп жылап жіберді...

2 жылдан кейін шешем бақилық болды. Оған да 46 жылдан асты. Мамам 59 жас жасапты, мен қазір 62 ден асып отырмын. Немерелерім бар, құдайға шүкір ғой. Ең кішкентайымыз – 3 жасар тентегіміз «Әже, сотка бер» деп әжесінің телепонына жармасатыны бар. Ал, мен кейде бұдан 48 жыл бұрынғы сол қырылдақ радиоқабылдағышты сағынатыным бар.

 

Aisaghali Qydyrдың фейсбук парақшасынан

 

655 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз