Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 19 Қараша, 2020

Сәкен Сыбанбай, журналист, жазушы: Қолынан келмейтіні жоқ шебер адам

Әкемнің аты – Әбдіғаппар. 15 жасында есепшінің көмекшісі боп жұмысқа тұрған, сол салада 40 жылдан астам еңбек етіп, кеңшардың бас бухгалтері қызметін атқарып жүріп, зейнетке шықты. Қазір жасы 82-де, Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, Ынталы ауылындағы әулетіміздің қара шаңырағында тұрады.

Өзінен тараған он баланың қай-қайсысынан да «Үлгі тұтар тұлғаңыз кім?» деп сұрасаңыз, «Әкем» деп жауап берері анық. Расында да, біз үшін ең құрметті адам – әкеміз. Анамыздың ұрысқаны да кәдімгідей әсер ететін, бірақ әйтеуір әкеміз ашуланбаса екен дейміз. Бұған қарап, әкемді өте бір қатал адам екен деп ойлаудың да жөні жоқ. Ол да жылы сөйлейді, сабағымызды тексереді, үй шаруасын қаншалықты тындырғанымызды пысықтайды. Алайда әлденені дұрыс атқармасақ, қателік жіберсек, нашар баға алып қалсақ, әдепсіздік жасасақ, әкеміздің аямайтынын білетінбіз. Әлдебір жұмысты дер уақытында бітірмей, теледидар қарап отырғанымызда, даладан көкемнің (біз әкемізді «көке» дейміз) мәшинесінің гүрілі естілгеннен сыртқа атып шығып, әркім өз тірлігіне кірісетін: біреу су тасуға, біреу мал қораны тазалауға, біреу шөп оруға, біреу отын жаруға... деген сияқты. Қорыққанымыздан, әлде асыққанымыздан кейде әлгі теледидарды сөндіруді ұмытып кетіп, «ұрлығымыз» бәрібір ашылып қалатын.

Әкем – қолынан келмейтіні жоқ шебер адам. Шаруашылыққа қажетті ұсақ-түйек бұйымдардың көбін өзі-ақ жасап алады, оған қоса электр жабдықтарды, аяқ киімдерді, әп-сәтте жөндеп тастайды. Ал ол кісінің еккен бау-бақшасы мен көкөністерінің түр-түрі мен дәмін айтсаңыз... тіпті керемет! Біздің үйдің алдында екі тапшан болды: бірі – аласа, бірі – биік. Екеуінің де айналасына әкем жүзім егіп тастады. Екі-үш жылда бой түзеп, жоғары өрлей түскен жүзім жүрек пішіндес үлкен жапырақтарымен қос тапшанды көмкере жауып, жаздыгүні таптырмас тамаша қою көлеңкеге айналды. Піскен кезде тіпті рақат: тапшанда шалқаңнан түсіп кітап оқып жатасың, бір кезде қарның ашады, әлде жоғарыдағы самсаған жүзімге көзің түседі. Сондайда орныңнан тұрасың да, уылжып тұрған жүзімнің бірер шағын (шақ – жүзім жемісінің бір дестесі) үзіп алып, ыдысқа салып жуып, жей бересің. Оның ар жағында алма пісіп тұрады, алмұрт, өрік, анар...

Өкінішке қарай, маған әкемнің бағбандығы да, шебер ұсталығы да қонбапты. Мен шегені балғамен қағамын деп бармағын жаралап алатын сондай епсіз, ебедейсіз жанмын.

Жазуға құштарлығымды оятқан – әкемнің кітапханасы

Әкемнің кітапханасы – өте бай кітапхана. Ол кезінде «Сыбанбаев Әбдіғаппардың жеке кітапханасы» деген жазуы бар арнайы мөр жасатып, сатып алған әр кітабының алғашқы бетіне басқан да отырған. Яғни, ол кісінің кітабын ешкім ұрлай алмайды, ұрласа да оп-оңай ұсталып қалады. Қазақша кітаптарды бір бөлек, орысша әдебиетті бір бөлек сұрыптап, жинап қоятын. Кітап шкафының арнайы кілті болатын. «Сірә, балалар алып, жыртып тастамасын» дейтін болса керек. Ересек балалары оқығысы келген кітабын көкемнен арнайы барып сұрайтын. Көкем кілтімен ашып, алып беретін.

Менің кітапқа, жалпы жазу-сызуға құштарлығымды оятқан да – әкем. Бес жасымда-ақ әріптердің бәрін үйреніп алып, сөйлем құрай білетінмін. Әкем жұмысқа кетіп бара жатып, «бүгін күні бойы не істегеніңді қысқаша баяндап жаз» дейтін. Сөйтіп, мектеп бетін көрмей жатып, өз ойымды қағазға түсіре алатын болдым.Бірінші сыныпта балалар «са-на», «шана»-мен әуре болып, шаршап жатқанда, ішім пысып, оқулықтағы бүкіл мәтінді оқып, игеріп қоятынмын.Бала кезден көрген-білгенімді қысқаша түртіп жүру бірте-бірте әдетке айналды. Әкемнің үйдегі кітапханасы болмаса, мен журналист болмас та ма едім, қазіргідей прозаға бой ұрмас та ма едім, кім білсін...

Алыс сапарларға ақ «Жигулимен» шыққан

Әкем – елу жылдан бері мәшине айдап келе жатқан кәнігі майталман тізгінші. Алғашқы жеке көлігі – «Москвич-412»-ні 1972 жылы, яғни, мен туған жылы алыпты. Киімді қалай ұқыпты кисе, зат-бұйымдарын қалай күтіп ұстаса, көлікті де солай құрметтеп мінеді, жамбыдай жарқыратып таза ұстайды. Қазіргі мініп жүргені – «Жигули». Әй, шамамен жиырма жылдан асып кетті-ау. «Ауыл арасына ғана айдайтын болар» деп отырған шығарсыздар. Жо-о-оқ.

2010 жылы көкем сол «Ақбозатымен» Алматыға келіп, одан Астана асып, сосын Көкшетау кезіп, Бурабайда бір апта демалып қайтты. Әуелі ауылдан: «Жанымда Әнуарбек кіләстәсім бар, оның әйелі бар, баласы бар, төртеуіміз шықтық. Алдымен Алматыны аралаймыз. Сосын Астанаға тартамыз», – деп хабарласқан. «Е, Әнуарбек кіләстәсінің баласы өз мәшинесімен Қазақстанды жақсылап аралатайын деген екен ғой қарияларды. Сірә, «Джип» шығар?» дегенмін де қойғанмын. «Алматыға келдік, «Құлагердеміз», мәшинені қайда қояйық? Шықсайшы тығылмай үйіңнен!» дегесін, атып шықсам... аппақ «Жигулиден» түсіп тұр төртеуі. Әнуарбек кіләстәсінің жанында тұрған баласы... менің қызыммен жасты екен (8-де ме, 9-да ма?). О, тоба!

Төртеуі Алматыны армансыз аралады. Сосын көкем (сол жылы жасы 71-де) «811» нөмірлі ақ «Жигулидің» тізгінін өз қолына алды да, Астанаға кетті. Елордада да еркін қыдырыпты, «Хан-Шатырға» кіріпті, «Бәйтерекке» шығыпты, олай да былай суретке түсіпті. Одан ары «тақтайдай тегіс жолмен» (өзінің сөзі) Бурабайға жетіп, жақсылап демалыпты. Қайтар жолы тағы бар. «Шаршамадыңыз ба?» десек, «жолда Сарышағанда тоқтап, қонақүйде жатып, тынығып алдық» дейді. «Қанша дегенмен, жасы келген адамсыз, мұндай алыс сапарға енді мәшинемен шықпаңыз, не деп болады, түрлі жағдайларды естіп жатырмыз. Құдайдың көлігі көп қой, пойызбен-ақ бармайсыздар ма?» деп он баласы ортаға салып, ақсақалдың «тәртібін» талқыладық. «Е, балалар алаңдап, уайымдайды екен, енді шошаңдай бермейік» деп, біздің сөзімізден шоши ма десек, «Өз көлігіңмен жүрсең, ешкімге тәуелді болмайсың, өз еркің өзіңде. Ендігі бағыт – Қатонқарағай, Марқакөл, жалпы Шығыс Қазақстан деп отырмыз кіләстәсіміз екеуміз» деп қайта өзімізді шошытты. Содан ауылдағы бауырлар ақ «Жигулиді» назарынан тыс қалдырмай, аңдып жүр. Қуанышымызға қарай, әзірге тыныш.

Әкем кеңес заманындағы бір тәуір дүниенің – кеңшар қызметкерлеріне берілетін туристік жолдаманың қызығын әбден көрді-ақ. Саяхатқа жаны құмар адам. Жыл сайын еңбек демалысын ала салып, бірде Қырымға, бірде Кавказға, бірде Балтық жағалауына тартып кететін. Көкемнің Кеңес Одағында көрмеген курорты қалмаған шығар, сірә! Рига, Вильнюс, Трускавец, Львов, Киев, Одесса, Баку, Ереван, Сочи, Адлер, Ялта, Гагра, Минеральные Воды... Түскен суреттеріне қарап отырып қызығамыз. Бізге түрлі киім-кешек, сыйлық-тәбәріктер алып келеді. Соған мәзбіз. Бірде фотоальбом қарап отырып, әпкелерімнің бірі: «Көке, осы курортқа жеңешемді де неге ертіп алмайсыз?» – деп сұрап қалды. Расында да, шешем көкемнің заттарын, киімдерін дайындап, салып беріп, үйде қала беретін. «Апыр-ай, бір рет «әй, қашанғы өзің бара бересің, мені де бір ала кетсейші» деп айтып та көрмеппін-ау...» деп ол кісі сонда барып ойланып отыр. «Балалар жас болды, шыға алмады. Екеуміз бірдей кетсек, сендерге кім қарайды? Міне, енді сендер өстіңдер, есейдіңдер. Енді бірге алып шығуға болады» деді көкем. Расында да, кейінгі, Одақ тарауға жақын қалған жылдары, үлкендеріміз үй болып, кішіміз мектепке барып қалған кездер еді, курортқа екеуі үнемі бірге кететін болды.

Анам екеуі алпыс жыл отасты

Әкем 18 жасында үйленген. Анам Ұлтай екеуі 60 жыл отасты. Осыдан төрт жыл бұрын анамыз дүниеден озды.

Бір ажырасып, бір қосылып, екі жақтың үлкендерін әбден азапқа салып немесе төрге шығар жасында төсегінен жеріп жүрген кей замандастарымыз: «Соншама жыл қалай тату-тәтті тұруға болады екен? Ата мен ападан соның құпиясын сұрап келші», – деп әзіл-шынын араластыра өтініш жасайтын. Әрине, ауылға барғанда әңгіме арасында суыртпақтап сол тақырып тұрғысынан сыр тартамын. Алайда екеуі де – жалаң ақыл, жадағай кеңеске жоқ жандар ғой, өзара келісіп алғандай: «Біз не айтамыз? Үй болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмас. Бірақ бірің ашуланғанда екіншің үндемей қоя салыңдар, кейін ашу басылғасын-ақ түсінісуге болады ғой...» – деген сияқты қарапайым қағидаларын айтады. «Әсіресе әйел заты сабыр сақтағаннан ұтылмайды. Егер ол үндемей құтылар болса, ер адам қашанғы ашуланады, бұрқылдап-бұрқылдап ақыры басылады ғой» деп қана сөз қосатын анам.

Әкем бізге онша ақыл айта бермейді, көбінесе өз ісімен үлгі көрсетеді. Бірде екеуміз әлдебір жақтан келе жатып, дүкенге кірдік. Әкем көр-жер, ұсақ-түйек бірдемелер сатып алып жатты. Сатушы есептеп шықты да, әкемнің ұсынған ақшасынан артылғанын қайтарып берді. Әкем артылған ақшаны алып есікке беттеді де, қайта санап жіберіп, кері бұрылды. Әлгі сатушыға келіп: «Сіз дұрыс есептемедіңіз-ау, маған мынанша артық беріпсіз», – деп оның алдына ақша тастады. Анау сатушы (орыс келіншек еді) жалма-жан шотын қайта тарсылдатып жіберді де, жан дауысы шықты: «Боже мой! Ой, спасибо! Как хорошо, что есть на свете честные люди!». Сонда әкем: «Не стоит говорить спасибо. Просто нам чужого не надо», – деді.

Әкемнің өмірлік ұстанымы осы екенін – адал жүріп, адал тұрып, өз нанын адал еңбекпен табу екенін ол кезде толық ұғып үлгермеген болармын. Бірақ осы көріністің әлі күнге көз алдымда тұрғанына, жадымда жатталып қалғанына қарағанда, әкемді бұрынғыдан да жақсы көріп, бұрынғыдан да құрметтей түскен, «ертең өскенде мен де осындай боламын» деп түйген шығармын деп ойлаймын. Бірақ бола алдым ба? Оны кейін балаларым айтар.

«Ақ желкен» журналы, №10

1653 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз