Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Безбен
  • 19 Қараша, 2020

Сарқан ауданындағы сүт зауыты 15 түрлі өнім шығарады

Сарқан ауданындағы «Ақбұлақ-Продукт» сүт зауыты 2008 жылы қайта жаңғыртылып, содан бері отандық нарықта табысты еңбек етіп келе жатқандарына 13 жыл болды. Алғашында тәулігіне 30 тоннадай шикізат өңдесе, қазір бұл көрсеткіш 80 тоннадан асып, сүт өнімдерінің 15 түрі шығарылады, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Сарқан аудандық әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, зауыт пастерленген табиғи сүт, шалап, құрт, сары май, қаймақ, айран мен ірімшіктің бірнеше түрін өндіреді.

Зауыт директоры Бауыржан Қалимолдановтың айтуынша, мемлекет қолдауының арқасында 2008 жылы зауыт қайта іске қосылған. «Ең алдымен зауытты талапқа сәйкес қайта жаңғыртудан өткізіп, жаңа құрал-жабдықтар сатып алдық. Алғашында сүт өнімінің 3 түрін шығарудан бастасақ, қазір оның саны он бестен асты. Мемлекет қолдауын әлі де сезініп келеміз. Биылғы жылы сүтке, сары майға және қатты ірімшікке 80 млн. теңге субсидия берілді. Соның арқасында биыл зауытқа 17 млн. теңге тұратын компрессор сатып алдық. Қажетті қондырғылар Ресей мен Қытайдан әкелінді. Тауарларымыз өз ауданымыздан басқа облыстың бірнеше аудандарына және Алматы қаласына тасымалданады», - деді зауыт директоры Бауыржан Қалимолданов.

Кәсіпорынды кеңейтуге қатысты алдағы жоспарымен бөліскен Б. Қалимолданов зауытты шикізатпен қамту үшін асыл тұқымды сиыр ұстайтын арнайы кешен салынатынын айтты. Қазір сүт жеткілікті көлемде жергілікті тұрғындардан жиналып, тиісті өңдеуден өткізілуде. Сол сияқты алдағы уақытта тәтті йогурт өндіру де жоспарда бар. Тұтынушылардың әсіресе, зауыттың сары майы мен Голланд ірімшігіне деген сұранысы жоғары.

Бүгінде зауытта 67 адам жұмыс істейді. Биылғы жылы мұнда 12 жас маман тұрақты жұмысқа тұрған. Орташа жалақылары 100 мың теңге шамасында.

Еске салсақ, Президенттің агроөнеркәсіптік кешенді дамыту туралы тапсырмасына сәйкес Алматы облысында ауыл шаруашылығында төрт негізгі стратегиялық мақсат белгіленген. Олар – ет пен сүт өндірісін арттыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру. Өңірде ірі қара мал басы 1,3 миллионнан, ал қой мен ешкі 4,2 млн. бастан асты. Сүтті мал шаруашылығын дамыту мақсатында 26 мың басқа арналған 82 тауарлы-сүт фермасы құрылған. Облыс 2025 жылға дейін ет өндірісін 500 мың тоннаға, сүт өндірісін 900 мың тоннаға дейін жеткізіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша 25 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

699 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз