Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 22 Қараша, 2020

Ұлттық киім мен әшекейді дәріптейтін Ғазиза

Қазір қазақтың көне бұйымдары, ұлттық киімдері қайта жанданып келеді. Елімізде шеберханалар мен орталықтар көптеп ашылып жатыр. Ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртып, дәріптеп келе жатқан мамандардың бірі – актриса, «Өрнек» өнер орталығының иесі Ғазиза Тілеубай. Құйма зергер немесе актриса болғыңыз келсе, сұқбатты оқып шығуға кеңес беремін.

– «Болашағынан мол үміт күттіретін қазақстандық 5 актрисаның» бірісіз. Бола-шағыңызды қалай елестетесіз?

– Шынымды айтсам, актриса ретінде тек қана тарихи туындыларға түскенді ұнатамын. Қазір ұсыныс түскен жобалар ішінде іріктеу өткізіп, тарихи фильмдерді таңдап алып жатырмын. Мен үшін кино – басты табыс көзі емес. Ол – мен үшін керемет эмоциялық әсер қалдыратын, шабыт сыйлайтын іс. Әрине, болашағымды кино саласында елестетемін. Алайда бұл менің негізгі мамандығым деп есептемеймін.

– «Қазақ хандығындағы» Қызданайдың рөлін сомдау қиындық тудырды ма?

– Әрине, Қызданайдың рөлін сомдау оңай болған жоқ. Себебі бұл сала бойынша кәсіби білімім болмады. Бұл сәтте қысқа мерзімді курстармен шектелдім. Сондықтан түсірілім алаңында маған тәжірибе жетіспеді. Мысалы, байқасаңыздар, туындының бірінші және екінші маусымындағы Қызданайдың айырмашылығы бар. Тіпті көз жанары да, көзқарасы да өзгерген. Себебі алғашқы маусымында мен бар болғаны 18 жаста едім, ал екінші маусымында кино әлеміне жас ана ретінде оралдым. Бұл шақта өмірге деген көзқарасым өзгеріп, рөлді сомдау кезінде де айтарлықтай өзгешеліктер болды.

– «Қазақ хандығы» картинасы сіз үшін несімен ерекше?

– Бұл туынды кино әлеміндегі алғашқы сапарым болғандықтан, ерекше есімде қалды. Мен үшін үлкен тәжірибе болды. Кино саласының ішкі сипатымен таныс болып, көптеген жаңа дүниемен бетпе-бет келдім. Сол себепті «Қазақ хандығы» туындысы менің жүрегімнен ерекше орын ала білді.

– Алдағы уақытта қандай кейіпкердің рөлін сомдағыңыз келеді?

– Жоғарыда айтып өткенімдей, мен көбіне тарихи жоба кейіпкерлерін немесе қоғам үшін маңызды, тәлім-тәрбие бере алатын тұлғаның рөлін сомдағым келеді. Бұл – мен үшін өте қызық әрі ерекше рөлдер. Сонымен қоса, өзімді антиқаһарманның рөлінде көргім келеді. Бәлкім алдағы уақытта ойым өзгерер, несібеме орай көре жатармын. Егер сапалы, көрерменге берер ойы ауқымды туындылар болса, ұсыныстарды қабылдаймын.

– Шеберхана ісіне қызығушылық қашан басталды? Кімнен тәлім алдыңыз?

– Шеберхана ісіне бала күнімнен қызыға бастадым. Себебі ата-анамның мамандығы – суретші. Шығармашылық ортада өстім деп айтсам да болады. Құйма әлемін әкем 2002 жылдан бастап зерттеп, сол іске дағдылана бастады. Бұл өнерді әкемнен үйрендім. Ата-анамның осы іске икемі болғандықтан, маған үйрену қиынға соқпады. Білімді тікелей ата-анамнан алып, еркін тәжірибе жүргізе алдым. Көп адам бұл істі игеру үшін біршама уақыт жұмсайды. Ал мен ата-анамнан меңгеріп, жеңілдік ұтып алдым деп есептеймін. Бұл – мен үшін үлкен бақыт.

– Қазақы құндылықты дәріптейтін, тарататын құйма зергерлерді дайындап шығару ойыңызда бар ма?

– Шыны керек, шәкірт даярлау әзірге ойымда жоқ. Ол үшін бұл істе нағыз шебер, кәсіби маман болуым керек. Көлемді түрде жобалар дайындағаннан кейін ғана арнайы курс ашып, шәкірт дайындай аламын деп ойлаймын. Қазір бұл іске уақытым және тәжірибем жеткіліксіз. Бірақ «Білімдіден не пайда, тыңдаушысы болмаса» деген сөзді ескеріп, болашақта тәжірибемді басқаларға үйретемін.

– Сіздің қолыңыздан шыққан ұлттық нақыштағы киімдер мен баскиімдер көздің жауын алады. Өрнек, ою сызбаларын өзіңіз ойлап табасыз ба?

– Рақмет. Әрине, жаңа дүние-лерді ойлап табуға тура келеді. Қазір осы саладағы көптеген маман ұлттық нақыштағы киімдерді заманауи нұсқада шығарып келеді. Менің ойымша, бұл – үлкен қателік. Әлеуеті өте жоғары әрі өрнегі сондай әдемі тарихи киімдердің сызбасын өзгерткім келмейді. Сондықтан көбіне көне киімдердің түпнұсқа-сының сапалы түрде көшірмесін жасап шығаруға тырысамын.

– Қазіргі қоғамның ұлттық киімге сұранысы қандай?

– Тек қана ұлттық киімдер топтамасымен шектеліп қалмаймын. Әшекей бұйымдарды да жасап шығарамыз. Бұл тұрғыда сұраныс жақсы. Көрсеткіш біздің жұмысымыздың сапасына, бағасына байланысты деп ойлаймын. Әр заттың бағасын қолжетімді етуге тырысамыз. Себебі біздің мақсатымыз – оны сатып пайда көру емес, ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Тұтынушыларымыз да бағасы тиімді әрі сапалы екенін айтып, қуантып жатады. Оларға алғы-сымды білдіремін. Осы саланың қоғамда ерекше орын алып, сұра-нысы артып, бизнестің бір түріне айналғанына өте қуаныштымын.

– Парақшаңызда қазақ тілінің құндылығы жайлы жиі сөз қозғайсыз. Қазақ тілінің болашағы жайлы не айта аласыз?

– Қазақ тілінің болашағын қазіргі бүлдіршіндеріміздің сөйлеуіне қарап елестетуге болады. Біздің буын, яғни менің қатарластарым, аға-әпкелерім қазақ тіліне шорқақ. Десе де олардың балалары қазақ тілінде өте жақсы сөйлейді. Оның себебі – мультфильмдердің қазақ тілінде түсірілуі. Балалар сол арқылы тілін жаттықтырады, жаңа сөздер үйренеді, қазақ тілін мейлінше меңгеріп шығады. Қазіргі буынның «мама» деп емес, «анашым» деп сөйлеуі қуантады.

– Қазір Елтерес деген батырдың анасысыз. Бала тәрбиесіне қаншалықты мән бересіз?

– Бала тәрбиесі өте маңызды. Балаға 4 жасқа дейін қандай тәрбие берсеңіз, ол соны өз болашағында қолданады. Бұл кезең бала үшін өте елеулі. Сондықтан ата-ана баланың бұл шағын құр жіберіп алмауға ұмтылуы қажет. Бұл істе маған ата-анам көмекке келеді. Олардың маған осы тұрғыда қолұшын созатынына ризамын. Әкем – бала тәрбиесінде өте тәжірибелі адам. Оның көпті көргені, білімі жиі пайдаға асады. Қобалжып, уайымдаған сәттерде әкем үнемі ақылын айтып, тәжірибесін бөлісіп отырады.

– Парақшаңызда «Елтереспен жолда көрген қоқысты жинауды әдетке айналдырдық» деген жазба жарияладыңыз. Қоғамға өнер саласынан басқа қандай үлесіңізді қосқыңыз келеді?

– Иә, Елтерес екеуміз айналаны қоқыстан тазартуды қолға алдық. Бірақ балам әр кезде қоқыс жинауды әдетке айналдырып алды. Бұл жағдайда оның қолын тазалап, қадағалап жүру қиынға соғады. Дегенмен, балаға осы-лай мәдениеттілік пен эко сананы қалыптастыру дұрыс деп ойлаймын. Осы арқылы ұлым барлық қалдықты қоқыс жәшігіне тастауға үйренді. Меніңше, осындай әрекеттер баланың еліне деген құрметі мен табиғатты аялауға деген санасы пайда болуына әсер етеді. Экологиялық қозғалысты қолдаймын, олармен біргемін, жұмыс кестеммен сәйкес келмесе де, жиі назар аударуға тырысып жүрмін.

– Сізді қандай дүние, қандай құбылыс шабыттандырады?

– Мені шабыттандыратын – балам. Өмірде әр нәрседен шабыт алуымыз керек. Әлемдегі жақсы, жаман оқиғалардың өзінен де шабыт аламын. Меніңше, адам өз психологиясын дамыту үшін әрбір құбылысқа мән беріп, одан шабыт алуы тиіс.

– «Өрнек» ұлттық өнер орталығы сіз үшін не?

– Бұл орталық – үйім, сүйікті ісім, энергиямды дұрыс жұмсауға көмектесіп жатқан кәсібім, менің досым. Ол мен үшін маған қажеттінің барлығы деп ойлаймын (күліп).

– Қызықты әңгімеңізге көп рақмет! Сізге шығармашылық табыс тілейміз!

Айдана Шалқарова,
Әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетінің
2-курс студенті,
«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №46

 

 

3043 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз