Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 22 Қараша, 2020

«Бір үзім нанның» авторы хақында бір үзік сыр

Сыр өңіріндегі Жаңақорған ауданы талантты ұл-қыздар мен қайраткер тұлғаларға бай. Аудан әкімі Руслан Рүстемов  аймақтағы дарынды өнер иелері жайлы өз пайымдауларын әлеуметтік желіде  жиі жариялап жүр.  Бүгін біз Русланның ауданда 30 жылдан астам халық театрын басқарған драматург Әмір Мәжитов туралы толғанысынан  хабардар болмақпыз. Жалпы жаны жұртқа жақын жаңашылдықпен жазатын әкім аз ғой. Оқып көріңіз..

***

«Туасы, даңқтың жолы даңғыл болмайды, абыройдың жолы арналы емес, шартараптың қай шеті де шырғалаң болды десе шындық. Аумалы-төкпелі заманда бас сауғалаған себеп көп. Бір жаны үшін адам басын тасқа да соғады, отқа да салады. Осыны біліп қазақ «қуаныш келсе таспа, қасірет келсе саспа» деген, қай нәрсеге де қалыппен, байыппен барған дұрыс. Уақыт бәріне жеткізеді, бірақ істің сәтін күткен жөн. Ал, сәті келген істің салмағы жеңіл келеді. Иә, сөз басын осылай түйіндеуге драматургтың тамаша туындысы түрткі болды. Ендеше рухпен сырласудың сырын осылай сабақтайын.

Әмір Мәжитовтың өнерге келуі тіптен қызық. Кездейсоқ көрінеді. Аяқ астынан аңсары ауған секілденеді. Бірақ өнер болымсыз емес, бүкіл жан дүниесін кеулеп, көктемде жарып шығатын гүл қауызына ұқсас тұла бойын талант жасушалары оятады. Ал, асыл сезім кеудеге сыймай, шабыт шақырып тұратын магнит десе де болады. Сол әсер Әмір ағаны мәдениет саласына топ еткізіп тастай салған жоқ, ақыл тоқтатқан, шығармашылықтың салмағын сезінетін шағында әкелді. Айтпақшы, сол кезеңдерде ауданда өнерге өзегін жұлып беруге бар бірнеше ардақты азамат шықты. Олардың қатарында тігінші Әнуар Мүлқайдаров, мұғалім Әнуар Маженов, Қалдығыз Тәжімбетова, тәрбиеші Жақсыгүл Бегманова, жүргізуші Сергей Әбдірейімов секілді саңлақтарды да осы орайда атап өтуге тиіспін. Бұлардың да өз биігі бар.

Әуел баста Әмір аға Қазалы ауыл шарауашылығы техникумын бітіріп, еңбек жолын есепші болудан бастады. Өндірістен қол үзбей Ташкент халық шаруашылығы институтының экономика факультетінде оқыды. «Бірлік», «Задарья», «Өзгент» совхоздарында бухгалтер қызметін атқарды.

Өзі есепші бола жүріп, жұмыстан соң қалам, қағаз, есепшотын жиып қойып, жастардың басын қосып, ауыл клубын кешкі көңілді әнге бөлейді екен. Замандастарының айтуынша оның концерт ұйымдастыруы бір бөлек, яғни жастардың музыкалық аспапты меңгеруіне де күш салады екен. Бәлкім, осындай ерекшелігі шығар, ол қызмет істеген кезеңде сол ауылдарда қылмыстық оқиға мүлдем болмаған.

Менің Әмір Мәжитов туралы ел арасынан естіген алғашқы әңгімем осылай басталды. Және оның драматургияға ден қойған құтты қадамы қызықтыра түсті.

Бұл 2015 жылдың ақпаны еді. Ауданға әкім болып алғаш тағайындалған тұсым. Қызметтік тұрғын үйім Манап Көкенов атындағы мәдениет үйімен жапсарлас болған соң күн сайын кешкілік серуендеп шығамын. Жан-жағыммен жақын танысқым келеді. Мәдениет үйінің бір бұрышына Әмір Мәжитовке қойылған ескерткіш тақтаға көзім түсті. Онда «Бір үзім нан» пьесасының авторы" ретінде ерекше ілтипатпен жазылған. Дереу аудандық кітапханаға адам жібертіп, сол шығарманы алдым да жұмыстан соң жата-жастана оқыдым. Оқиға өзіне еріксіз тартып барады. Шытырман шығарманың шынайылығы жүректі езгілеп, көңілді күпті етті. Көз алдымнан күйзеліс кешкен тағдырлар көрінісі кетпей қойды.

Пьесаның басты кейіпкері Бақтыгүл ұлы Мейірбек пен жары Ұлықбектен ашаршылық кезінде айрылып, зар жылап қалады. Осылай қос мұңлық – Ұлықбек пен Бақтыгүлдің қиын тағдыры суреттеледі.

Бақтыгүл аштықтан жүдеп, дертке ұшырап, аяқтан жүруден қалған ері мен жалғыз ұлы үшін бейнеттен қашпай, байдың үйіне жалданады. Тауқыметке төзіп бағуға тырысты. Сөйтіп жүріп өмірдегі ең жақындарынан қас-қағымда айрылып, қайғыдан қан жұтады.

Уақыт көшті, заман түзелді. Тоқшылық заман орнады. Алайда осындай алғаусыз өмірдің ақ-қарасын түсінбеген Сағынбектің және оның келіншегі, қаланың ерке қызы Назгүлдің мұңсыз мақсаты, ананың шерлі жарасын, қадірін аяқасты еткен адамшылығы жоқ баянсыз бейнесі баяндалады.

Бақытты байлық деп білген Назгүл келіннің енесі дайындаған құрт қосқан көжесін “мынау не жуынды?” деп дәм татпай қойғаны кейуана көңілін қатты жаралайды. Бір түйір нанға кіріптар кезеңде перзенті де, өмірлік қосағы да аштықтан қаза болғанын бұлар қайдан білсін? Маңдайға жазған тағдырдың тәлкегі нанның қадірі қалай болатынын түсіндірді. Ал, мына ұрпақ оны ұға ма? Негізгі сюжет осындай ойға жетелейді.

Шынында, бұл қазақтың көрмегені бар ма, небір нәубетті бастан кешірді. Драматург сонау кеңес кезеңінің азапты жылдарындағы геноцидтің зобалаңын боямасыз күйде тұңғыш көрсете білген алғашқы авторлардың бірі.

Бәлкім сондықтан болар, тың тақырыпқа түрен салғандардың қатарындағы сұңғыла ой иесіне КСРО халық әртісі, Қазақстанның Еңбек ері Асанәлі Әшімовтің:«Әмірдің қаламынан өрбіген туындылардың ішінде «Бір үзім нан» атты еңбегі ерекше құнға ие. Себебі, ол ғасыр қасіреті, қазақ қасіреті. Сонау кеңестік кезеңнің қылышынан қан тамып тұрған шағында бұндай дұниені еш қаймықпай сахнаға шығару ол Әмірдің ерлігі. Мен Мәжитовты «Дала таланты» деп атар едім», - дегені бекерден-бекер емес еді.

Сол кездері жаңа туындының тұсаукесеріне театр сыншыларынан бөлек М.Әуезов атындағы академиялық театрға жиналған көрерменнің қарасы қалың еді. Ашаршылық жылдарындағы қазақ аулының ауыр жайын, шынайы өмірін бейнелейтін, сол қоғамның шындығын суреттейтін 2 бөлімді, 7 көріністі «Бір үзім нан» пьесасын ел сүйсіне тамашалады. Көрермен тамашалап қана қоймай Әмір Мәжитовтың шоқтығы биік шығармасына жоғары баға берді. Солардың бірі белгілі театр қайраткері Т.Жаманқұлов болатын. Оның: «Әмір Мәжитов қазақ драматургиясына тұңғыш рет ашаршылық тақырыбын ашқан «Бір үзім нан» атты пьесасымен келген және оны өзі сахналап, қазақ театры тарихында өзіндік ерекше қолтаңбасын қалдырған тұлға» дегені ел есінде.

Әуелгіде осы пьеса желісімен Жаңақорған халық театры сахнаға шығарып, халықтан өз бағасын алады. Содан кейін жаңа спектакль халық театрларының республикалық «Театр көктемі–1987» байқауында бақ сынады. Пьеса М.Әуезов атындағы академиялық театрда қойылып, бас жүлдеге ие болды. Өнер жемісі республикалық теледидардан насихатталды. Соның нәтижесінде Алматы, Орынбор, Көкшетау қалаларына гастрольдік сапармен барып, үлкен табысқа қол жеткізді.

Ол 1960 жылдан автоклуб меңгерушісі кезінен қазақтың маңдайалды әртістері Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Сәбира Майқановамен сахналас болған танымал Мәриям Райшеваның басшылығымен спектакльдерде басты рольде ойнай бастады. М.Әуезовтің «Айман-Шолпанындағы» Арыстан, «Қаракөзіндегі» Сырым тұлғаларын сахнаға алып келді. Сондай-ақ М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек», Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», Қ.Мұхамеджановтың «Құдағи келіпті», «Өзіме де сол керек», «Бөлтірік бөрік астында», О.Бодықовтың «Қанжар мен домбыра», «Қарақұм трагедиясы», С.Жүнісовтің «Ажар мен Ажал» пьесаларын сахналады.

Өнерде өзіндік қолтаңбасы бар Әмір аға Жаңақорған және Бірлік драма ұжымының «Халық театры» атағын алуына да қосқан үлесі зор. Ол драматургиядан бөлек бұрқыратып өлең де жазған, әуелетіп ән де салған, қолына домбыра алып айтысқа қатысып, сөз де қағыстырған, жыр-терменің де тиегін ағытқан талант. Былайша айтқанда бесаспап, жеті өнерді серік еткен жайсаң бола білді.

Тәңірге де жақсы керек, ол 1993 жылы 14 наурызда 56 жасында дүниеден қайтты. Қайғы елдің қабырғасын қайыстырды. Ақтық сапар алдында ақын Адырбек Сопыбеков:

...Біледі жұрт не бердің,

Еліңмен өсіп көгердің.

Тағы бір шамы сөнді ме,

Манаптан кейін өнердің!..

Өнерден озған тарланым,

Көп еді-ау сенің арманың.

Артыңнан ерген ұрпағың,

Жалғастырар қалғанын.., – деп жоқтады.

Оның қаламынан туған пьесалары, өлең-толғаулары мен дастандары, айтыстары ел мұрасына айналды. Халық ақыны Манап Көкеновтың жас шағын бейнелейтін «Бәйтерек», «Мың асқанға – бір тосқан» пьесаларын жазды. «Әдіһам мүсәпір мен Зүлһая қыз» аңыз-дастаны, «Нартайдың үш арманы» әңгімесі – қазақ өнерінің рухани мұрасы болып қалды.

Драматург, режиссер, өнер тарланының есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында Жаңақорған кентіндегі өзі тұрған үйінің алдындағы көшеге Әмір Мәжитовтің есімі берілді. Жары Ардақ апа мен оның 8 ұл-қызы, 37 немере, 47 шөбересі әке мұрасын жинақтап, «Аманат» атты кітап шығарды. «Бәйтерек бұтағымен, адам ұрпағымен мың жасайды» деген ғой, ұлы Нұрпейіс кәсіпкер-меценант ретінде ел дамуына да, халықтың әлеуметтік жағдайына да үнемі көңіл бөліп отырады. Әкеден көрген тәрбиенің үлгісі осындай-ақ болар. Сол секілді немересі Арман қазір аудандық мәслихат депутаты, жастардың жетекшісі, белсенді азамат. Халықшыл мінез иесі. Орнында бар оңалардың нақ нышаны осы шығар.

Сөзімді әрі қарай жалғасам, бүгінде Мәдениет үйінде ескерткіш тақта тұр. Әлшекей атындағы өнер мектебінің бір бөлмесі «Әмір Мәжитов бөлмесі» деп аталады. Кинорежиссер Қалила Омаров «Жаңақорған халық театры. Әмір Мәжитов» атты деректі фильм түсірді.

Әрине, халық жадындағы қалаулы жанның есімі бір сәт өшпек емес. Оны жоғарыда айтылған іс-шаралар айғақтай алады. Бұл тұрғыда театр сыншысы Әшірбек Сығайдың:«Ауылдық өнер, облыстық өнер, республикалық өнер деген болмайды. Өнер біреу-ақ. Өнердің тегі де бір, өзі де бір, болашағы да бір, бояуы да бір. Жалғыз өнердің жалынан ұстап өткен Әмір сияқты азаматтардың арқасында ғана біздің қазақ мәдениеті, ұлт өнері өзінің тұғырында мығым тұр деп айтар едім. Өнердің көрігін қыздырып, 30 жылдан астам халық театрын басқарған Әмір Мәжитовтың өнері – мәңгілік өнер. Өлмес өнер деген атқа ие болған дарынды кісінің өмірі әманда ұрпағына сабақ деп ойлаймын. Сондықтан Әмір секілді халық махаббатына ие болған азаматтарды өскелең ұрпаққа дәріптеп, неге насихаттап отырмасқа?» – дегені ойға оралады.

Әлемде жалғыз туындымен де классик атанған таланттар аз емес. Олардың қасында ел трагедиясын елеп-екшеп, оны тарихи туынды «Бір үзім нан» арқылы кең көлемде керемет баяндай білген ұлтымыздың талантты ұлының тұғыры біз үшін әркез биік. Менің Әмір аға туралы толғанысым осылай өрбіді».

Руслан Рүстемов, Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының әкімі

 

842 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз