Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Фотогалерея
  • 24 Қараша, 2020

Алматы қарқынды даму жолында (фоторепортаж)

Алматы-тәуелсіздігіміздің темірқазығы. Бүгінде мәдени астанамызға айналған алып шаһар күн санап көркейіп, ғимараттар үздіксіз бой көтеріп келеді.  Ғимарат демекші, соңғы жылдары әсем қаламызда тұрғын үй құрылысы қарқын алуда. Өйткені, сұраныс жоғары. Тілшіміз күн санап көркейіп келе жатқан қала келбетін жыл бойы фотокамерасына түсіріп шыққан еді. Ендеше, қаланың өсу келбетін төмендегі фоторепортаж арқылы тамашаласақ.  

Деректерге сүйенсек, Алматыда 8,4 мыңнан астам көп пәтерлі тұрғын үй бар. Ал бүгінгі уақытта 26 мыңнан астам қала тұрғыны баспана сатып алу кезегінде тұр.

Осы жылы Астана күні қарсаңында «Алатау сити», «Акварель», «Central Avenue» , «Медеу парк», «Теренкур Терраса», «Гүлдер» 6 тұрғын үй кешеніндегі кезекті үйлер пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Ата заң күніне орай Алатау ауданында мемлекеттік бағдарламамен салынған 13 шағын аудандағы үйлер де қоланысқа берілді. Онда барлығы 23 үй, 740 пәтер салынған.

1 мыңнан астам пәтер Алатау, Бостандық, Медеу және Наурызбай аудандарынан берілді. Жаңа тұрғын үй кешендері Алматыны «шетсіз қалаға» айналдыруға мүмкіндік береді.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев мәселені өзгерту үшін, қала шетінде тұратын азаматтардың да қала орталығындағы тұрғындар сияқты қызмет түрлеріне қолдары жетімді болуы үшін олардың өмір сүру сапасын арттыруда жағдай жасау керектігін бір емес бірнеше рет атап өткен болатын. Оның тапсырмасымен қалада баспанаға қол жетімділікті арттыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. 2019 жылдың 10 маусымынан бастап бүгінгі күнге дейін 3 мыңнан астам мұқтаж адам баспанамен қамтамасыз етілді. Оның ішінде 284 көп балалы отбасы (қалалық «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша), 258 көп балалы және толық емес отбасылар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар (республикалық «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша) және 1050 азамат 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастар үшін жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы бойынша баспанамен қамтамасыз етілді.

Алматыда қала жастарын баспанамен қамтамасыз етуде "Алматы жастары" бағдарламасының қосқан үлесі де қомақты болды. Бағдарлама жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай және жеңілдетілген несие беру бағыттарынан тұрды.

Бағдарлама Алматы қаласының 35 жасқа дейінгі (қоса алғанда) жастарын қолдау мақсатында әзірленді. Бағдарламаның ерекшелігі пайыздық төлемнің төмендігінде, яғни заемдар бастапқы және қайталама нарықтардан тұрғын үй алу үшін жылдық 5% мөлшерлемесімен 13 млн. теңгеге дейін беріледі.

Алматыда жыл қорытындысы бойынша 2,4 млн шаршы метрге жуық тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл туралы қала әкімі өзінің инстаграммдағы парақшасында мәлім етті.

 «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Наурызбай ауданында жалпы ауданы 217 840 шаршы метр болатын 127 көппәтерлі «Алма сити» ТК бой көтеруде. Биыл 100 үй пайдалануға беріледі. Жыл соңына дейін ауданы 27 371 ш. м болатын «Нұрлы дала» ТК-да 8 үй тапсырылады. Қазіргі уақытта  «Нұрлы дала» ТК "Нұрды жер" бағдарламасы аясында "Шаңырақ" санаты бойынша өтініштер қабылдау басталды. Сонымен қатар Алатау ауданында 43 620 ш. м 22 үйден тұратын «Мәдениет» ТК салынуда.

Әуезов ауданындағы Жетісу-2 ықш.-да №117 мектепке жапсарлас 900 орынды қосымша құрылыс салынуда. Наурызбай ауданында да №186 мектептің қасына 513 оқушыға арналған қосымша құрылыс және 120 орынды балабақша бой көтеруде.

ҚазҰУ-да студенттер үйі салынуда

Алматыда тұрғын үй салу құрылысымен қатар, студенттерге арналған жатақханалар салу жоспары да қолға алынуда. Биыл әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жаңа студенттер үйінің құрылыс жұмысы басталып кетті. Студенттер үйі 1250 орындық жайлылығы жоғары сантқа кіреді. Жалпы көлемі 22,5 мың шаршы метрді құрайтын тоғыз қабатты ғимаратта асхана, компьютерлік сыныптар, демалыс орындары, мәдени-тұрмыстық нысандар болады. Студенттер әжетхана мен себезгісі бар екі орынды бөлмеде тұрады. Құрылыс жұмысы 2021 жылдың 1 шілдесінде аяқтау жоспарланған.

Әлеуметтік маңызы бар объектіні салу үшін мемлекеттік жеке меншік әріптестік қағидаты негізінде инвестициялар тартылады. Аталған жобаның инвесторы "Baikadam" ЖШС. Студенттер үйінің құрылысын "СК "Самұрық Құрылыс" ЖШС жүзеге асырады, ал "Qazdorm" ЖШС басқарушы компания болмақ.

Еске салайық, Елбасы 2022 жылдың соңына дейін жоғары оқу орындарында кемінде 75 мың орынды жатақханалар салу жөніндегі құрылыс жұмыстарында қажеттіліктерді ескере отырып мәселені толық шешуді тапсырған болатын.

Қаладағы ең үлкен жаңа мешіт салынуда

Алматының Алатау ауданында жеке инвесторлардың қаражатына жаңа мешіт бой көтереді.Алла үйінде бір мезетте  7  мың мұсылман құлшылық жасай алады. Күмбезі күн көзімен таласқан алып мешіттің жалпы аумағы – 6 гектар. 20 мың шаршы метрді құрайтын нысан қаладағы ең үлкен діни ғимарат болмақ.

Салынып жатқан мешіттің құрылысымен қала әкімі Бақытжан Сағынтаев танысты. Ғибадат ететін орынның ерекшелігі, онда жеке кітапхана, әкімшілік бөлім, медресе сыныптары болады. Көркіне көз тоймайтын мешіт алдында 3500 көлікке арналған тұрақ жасалады. Ал нысан 2021 жылы қолданысқа беріледі.

«Алмалы» демалыс аумағы қайта жөндеуден өтті

Биыл Алматыдағы Алмалы орталығы қайта жаңарудан өтті. Оған президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға жасаған жұмыс сапары барысында Республика алаңындағы қайта жөндеуден өткен «Алмалы» демалыс аумағын аралап көрді. Жаңартылған аумақ бірнеше бөлікке, атап айтқанда, балаларға және мәдени ойын-сауыққа арналған аймақтарға бөлінген.

Алаңға қазақ суретшілері салған мүсіндер қойылып, ауқымды көгалдандыру жұмысы жүргізілген. Ағаштар, бұталар мен гүлдер отырғызылған. Қаланың тарихы мен мәдениетін ескере отырып, қонақтар мен қала тұрғындары үшін демалатын орындар ұйымдастырылған, сондай-ақ, әртүрлі мәдени-ағарту шараларын өткізу қарастырылады.

Жер астындағы «Алмалы» сауда және ойын-сауық орталығын қайта жөндеу жұмыстары 2021 жылы аяқталады деп жоспарлануда.

Жаңарған бақ қалаға көрік қосты

Биыл Алматының Бас ботаникалық бағы келушілерді таңқалдырды. Бақ толықтай жаңарды. Жобаны Болат Өтемұратов қоры қолға алған. Қор 2018 жылы Бас ботаникалық баққа жауапты Ботаника және фитоинтродукция институтының өтініші бойынша қайырымдылық жобасын бастаған. Оның жалпы құны 15 миллион долларды құрады. Жобаның мақсаты – аумақтың тұтастығы мен біртектілігін сақтай отырып, бақшаны мұқият қалпына келтіру, инфрақұрылымды жаңарту және жасыл қорды ұлғайту.

Ботаникалық бақта 174,3 мың жаңа өсімдік отырғызылды – 1300-ден астам ағаш, 40 мың бұта, 130 мың дәнді және көпжылдық өсімдіктер, 3 мың раушан, соның ішінде сирек кездесетін түрлер мен ерекше сорттар.

Ботаникалық бақтың өсімдіктерді сумен қамтамасыз етудің негізгі мәселесі шешілді. Мұнда екі жаңа артезиан ұңғымасы бұрғыланды, Керенқұлақ өзенінен су алу кеңейтіліп, күніне 600 текше метр су келеді. Су ұзындығы 13 шақырым болатын жаңа арық желісі арқылы өтеді. Тамшылатып суару және авто суару жүйелері орнатылды.

Жалпы аумағы 50 мың шаршы метрден асатын жолдар жаңартылды, пандустар жасалды, тактильді жолдар төселді, 250 жаңа орындықтар, 1500 шамалы шамдар және 130 CCTV камералар орнатылды. Навигациялық көрсеткіштер, ақпараттық тақталар орнатылып, өсімдіктер жиынтығына арналған мобильді қосымша жасалды.

Жол сапасын арттыру маңызды

Алматыда жыл қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 80%-ға дейін жететін болады. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев хабарлады.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Instagram-дағы өзінің парақшасында жол-көлік инфрақұрылымын салу және жөндеу туралы айтты.

«Өткен жылдағыдай жұмыстың басым бөлігі Жаңа Алматыда жүргізілуде. Қаланың ықшамаудандарына айналған бұрынғы ауылдардың тұрғындары жолдар мен тротуарлардың жоқтығы туралы бірнеше рет мәселе көтерген еді. Оны шешуді өткен жылы қолға алдық, орталықтан алшақ жатқан тұрғын аймақтарын инфрақұрылымдық жағынан қайта жаңғырту үшін бюджетті нақтыладық және қаржы бөлдік», — деп жазды Б. Сағынтаев.

Айта кетерлігі, 2020 жылы ұзындығы 200 шақырым болатын 283 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді, оның ішінде шеткі ықшамаудандардағы 177 көше де жөнделді. Бүгінгі күні 265 көше жөнделді, ал ұзындығы 18 шақырым болатын 18 көшеде жөндеу жұмыстары жүруде.

Бұдан өзге, ағымдағы жылы ұзындығы 47,8 шақырым болатын 177 көшеде жаңа жолдар салынуда. Ұзындығы 35 шақырымдық 144 көшедегі жолдардың құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін ұзындығы 12,8 шақырым болатын 33 көшеге жол салу жұмыстарын аяқтау жоспарлануда.

Өжет, Ұлжан-1, Ұлжан-2, Шаңырақ-2, Әйгерім-1, Әйгерім-2, Дархан-Байбесік, Трудовик (Томирис), Алғабас-АЗТМ, Жас Қанат, Қарасу, Көк-Қайнар, Ақбұлақ, Саялы-2 ықшамудандарында жаңа жолдар салынуда. Оның ішінде Әйгерім-1, Әйгерім-2, Шаңырақ-2, Ұлжан-1, Дархан — Байбесік ықшамаудандарындағы жолдар пайдалануға берілді. Жалпы бұларда 122 мыңнан астам адам тұрады.

Сонымен қатар, 2020 жылы Рысқұлов даңғылы — Емцов көшесі, Сейфуллин даңғылы — Жансүгіров көшесі, Бұқтырма көшесі — Құлжа тракті қиылыстарындағы үш жолайрықтарының құрылысы жалғасуда. Абай даңғылы мен Сайын көшесінде үңгілеу жұмыстары жүруде. Солтүстік айналым көшесі — Москвин көшесінің солтүстігі, Солтүстік айналым көшесі — Жұмабаев көшесінің солтүстігі, Солтүстік айналым көшесі — Боралдай көшесінің оңтүстігі, Майлин көшесі — Тоқай көшесі бойларында жаяу жүргіншілердің жер үсті төрт өтпелі жолдарының құрылыстарын аяқтау жоспарлануда.

Велоинфрақұрылым дамуы

Мегаполистегі абаттандырылған велоинфрақұрылымының ұзындығы 82 шақырым.

 Алматының қалалық мобилділік басқармасы хабарлағандай, қысқы маусымда велосипедшілердің қөауіпсіздігі үшін веложолақтардан блокираторлар — боллардтардан алынып тасталады. Бұл жолдарды қардан тазарту үшін қажет.

Байтұрсынов көшесі бойындағы ұзындығы 2,19 шақырым болатын учаске мен Қонаев көшесі бойындағы ұзындығы 2,2 км аумақ боллардтармен жабдықталған. Көктемде олар өз орындарына қайта қойылады.

Жалпы, бүгінгі күні Алматыда 82 шақырым велосипед инфрақұрылымы —веложолдар мен веложолақтар абаттандырылған. Атап айтқанда, Абай даңғылы бойындағы бөлінген жолдар (Достық даңғылынан Орталық стадионға дейін); «Атакент» көрме орталығы аумағындағы веложолдар; Тимирязев көшесі бойындағы (Байтұрсынов көшесінен Жароков көшесіне дейін);  Каблуков көшесі бойындағы (Өтепов көшесінен Торайғыров көшесіне дейін); Торайғыров көшесі бойындағы (Каблуков көшесінен Сайын көшесіне дейін); Сайын көшесіндегі (Торайғыров көшесінен Рысқұлбековтың оңтүстігіне қарай); Жібек жолы даңғылындағы (Уәлиханов көшесінен МжДП-не дейін);  Гоголь көшесіндегі (Пушкин көшесінен Желтоқсан көшесіне дейін, Қалдаяқов көшесінен Қайырбеков көшесіне дейін) веложолдар.

Сонымен қатар, көліктің қозғалыс бөлігінен бөлінген веложолақтар да ретке келтірілді. Олар мына көшелердің бойларына орналасқан: Байтұрсынов көшесі (Мақатаев көшесінен Тимирязев көшесіне дейін); Қонаев көшесі (Абай даңғылынан Мақатаев көшесіне дейін); Мақатаев көшесі (Уәлиханов көшесінен Байтұрсынов көшесіне дейін); Шевченко көшесі (Қонаев көшесінен Жароков көшесіне дейін); Бұқтырма көшесі (Майлин көшесінен Құлжа трактіне дейін); Жароков көшесі (Тимирязева көшесінен Өтепов көшесіне дейін); Өтепову көшесі (Жароков көшесінен Каблуков көшесіне дейін); Уәлиханов көшесі (Райымбек даңғылынан Абай даңғылына дейін).

Суреттерді түсірген-Досжан Балабекұлы

3260 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз