Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 27 Қараша, 2020

Әлмерек бабаның қара шаңырағы қайда болса, қара ошағы да сол жерде

«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі!» - демекші, Әлмерек бабамыздың өзінен бастау алатын батырлық пен батылдық, ерлік пен елжандылық, парасат пен пайым ұрпақтарының бойынан да табылып отырған. Батыр бабаның өз кіндігінен тараған ұлдарының әрқайсысы азаматтықтың үлкен мысалындай болып, елдің жоғын жоқтап, жүгін арқалаған ұлы тұлғаларға айналған. Сөзімізге дәлел болуы үшін «Жәнібексіз жау жеңілмес, Құрмансыз дау шешілмес!» деген ел аузында нақылға айналған ұғымды талдап көрсек. Бұл ұранды сөз осыдан үш жүз жылдай бұрын пайда болған екен. Елдікті оятып, ерлікті ту еткен, шашақты найзасының ұшымен ел басына төнген қара бұлтты сейілткен батыр бабамыздың ұлы Жәнібек ат жалын тартып мінген уақыттан бастап әкесі Әлмеректің жоңғарлармен жер мен ел үшін жүргізген жорықтарының да, сын сағатта сыналып, ел үшін, жер үшін өмірін отқа да, оққа да байлаған жекпе-жектерінің де бірден бір жалғастырушысы болды. Жекпе-жекте ешбір жауына дес бермеген, аламан соғыста да ешқашан жеңілістің дәмін татпаған Жәнібекті елі Албан руының ең үлкен қолбасшысы сайлаған. Жоғарыда айтылған ұранды сөз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елін, жерін қорғап, кеудесі мен намысын жауға таптатпаған Жәнібектің жасаған ұлы ерліктері мен қайтпас қайсарлығы үшін айтылған екен. Жекпе-жекте жеңе алмасын білген жау қапияда отырған жерінде Жәнібек батырды жасырын келіп уланған жебемен ту сыртынан атып жаралайды. Жәнібек батырдың ақырғы демі ұлы Қойлыбайдың құшағында шығады. Әкесіне қастық жасаған жансызды кейін кенже ұлы Бәйсейіт өлтіреді. Батылдық пен батырлықты қатар ұстанып, елдікті сақтау жолында атқа қонып, халқының жауға деген ызасы мен кегінің, мұңы мен шерінің жоқтаушысы болған Жәнібек батыр бар болғаны 49 жасында осылайша өмірмен қоштасады. Бодандықтың бұлтын сейілтіп, Халқы үшін атқа қонып,  азаттықтың ақ таңын атқызу жолында мәңгілікке аттанған батырды әкесі Әлмерек қазіргі Әлмерек қорымына жерлеуді ұйғарады. Кейін жасы келіп, өзі де өмірден өтер алдында: «Мені ерліктің парасатын көрсеткен ұлым Жәнібек батырдың жанына жерлеңдер...» - деп өсиет еткен екен. Осы қорымға әуелі Жәнібек батыр жерленгендіктен алғашында «Жәнібек қорымы» деп аталыпты.  Кейін Әлмерек баба жерленгеннен кейін қорым «Әлмерек қорымы» деп аталған. Ал тағы бір ұрпағы - Құрман даулы жердің ақ-қарасын ажыратып, ұтымды ой, қара қылды қақ жарғандай шешім қабылдай білген аузы дуалы, сөзіне елі тоқтаған қара сөздің қас шебері болған. Тегінде, «тектілік» деген қасиетті ұғым осындайға айтылса керек.

Қазіргі таңда Әлмерек ауылы, Әлмерек бастауы, Әлмерек тоғаны, Әлмерек қорымы т.б. жер-су атаулары бар. Мені «Әлмерек бабаның қара шаңырағы қай ұрпағына тиесілі?» деген бір сұрақ көптен мазалап жүрген еді. Әкемнің айтқан әңгімелерінен «Әлмеректің қара ошағы Қаракісіде қалған...» деген деректерді еститінмін. Бірақ нақты кімде? Расымен осы күнге дейін сол жәдігер сақталған ба? Нақты жауапты таба алмай жүрген едік. Бірде фейсбук парақшасында тайға таңба басқандай, көзге нұр құйғандай «Әлмеректің қара ошағы Ауған Ысқақұлының шаңырағында...» деген деректі оқығанда, баба мұрасын іздеушілер бір-бірімізге осы ақпаратты жіберіп, қуанышымызбен бөлісіп жаттық. Дегенмен «шындыққа көз жеткізу керек» деген ойды ортаға салған «Әлмерек баба» мәдени-тарихи қорының төрағасы Ысқақ Молдәлімұлының ұсынысын мақұл көрдік. Алған ақпараттың ізін суытпай, Жәнібек батырдың ұрпақтары - Ысқақ Молдәлімұлы, Алтай Ибраһимұлы үшеуміз Жылысай ауылына ат басын тіредік.  Көкейдегі бір мақсат - бабамыздың ошағын көзбен көру. Ауған ағаның үйінің жанына келіп тоқтағанымызда қоршау ішінде шаруа істеп жүрген үй иесі қазақи қонақжайлықпен құрақ ұшып қарсы алды. Бірден бұйымтайымызды айтқанда, өзі алдымызға түсіп, үйге қарай жол бастады. Біздің дұрыстап жайғасқанымызға көз жеткізген үлкен кісілер түпкі бөлмеден ақ жамылғысы бар, үш бұтты ошақты ортаға әкелді. Шыдамсыздық танытқан мен орнымнан атып тұрып, ошақты сүйіп-сүйіп алдым. Сабырлылықты ту еткен Ысқақ аға «әуелі құран бағыштайық» деді. Алтай ағам да телефонын алып алған, суретке түсіріп жатыр. Төрт ғасырға жуық тарихы бар жәдігерді көргенде расымен бойың толқыған сәтті бастан кешіріп, көңілдің көк дөнені сонау ғасырларда атой салған бабамызды көзбен көргендей ерекше бір күй билейді екен. Аруақтарға арнап құран бағышталып, бата қайырылғаннан соң Ысқақ аға орнынан тұрып, «енді ошақты ұстауға болады» деді. Дүрбелеңге толы дүбірлі кезеңде белдеуден найзасы, кермеден тұлпары кетпеген,есімі дұшпанды тітіркенткен батыр бабамыздан қалған тәбәрікті көзбен көріп, қолмен ұстап, бір сәтте мәре-сәре болып қалдық.  Ауған ағаның әпкесі тарихтан сыр шертіп, әңгіме бастады. Әлмерек атаның кенжесі Қаракісінің еншісіне тиген қара ошақ ұрпақтан ұрпаққа мирас болып қалып отырған екен. Бұл ошақ Қаракісіден Сақауға, Сақаудан Дорбаға, Дорбадан Атамқұлға, Атамқұлдан Божбанға, Божбаннан Тоқмолдаға, Тоқмолдадан Күшкеге, Күшкеден Ысқаққа, Ысқақтан қазіргі ошақ иесі Ауғанға жеткен екен. Ауған ағамыздың Ринат атты ұлы және немерелері бар екен.

Қысқасы, Әлмерек бабамыздан бері немерені қосқанда 12 ұрпақтың қолын көрген екен бұл ошақ. Өз уақытында тай сүйрей алмаған бұл ошақ қазір әбден кішірейген, жұрнақтарын бір-біріне қосып, ошақ кейпін келтіріп ұстап отырған Ауған аға жоғалған аяғының орнына қолынан келгенше бір аяқ жасап орнатыпты. «Қиындықты бастан кешірген сәттерде бабаның ошағына тәу етушілер негізгі беліне орнатылған темірлерін ырымдап ала берген» дейді. Тіпті ошақтың күйесіне дейін қырып алушылар да болған екен. Ғасырлар бойы әртүрлі жағдайларды өткерген ошақ қазір жұрнақтардың қосылған түрімен қалыптасқан. Осындай мұраны бабаның көзіндей сақтап отырған Ауған ағамыздың әулетіне алғысымыз шексіз. Қазақтың салты бойынша қара шаңырақта ошақ қалатын болған. Сонымен қатар Әлмерек бабаны ақтық сапарға Қаракісінің шаңырағынан шығарған болса және «кенже ұл - шаңырақ иесі» деген қазақи ұстаныммен қарасақ, онда, расында, ұрпақтан ұрпаққа мирас болған қара шаңырақ иелігі қазірде Ысқақұлы Ауған ағамыздың еншісінде деп санаймыз. Қасиетті қара шаңырақтың дастарқанынан дәм татып, бойымызды үлкен рух билеп, жолға шықтық. Ел арасында бабадан қалған басқада жәдігерлер ұрпақтарында бар деп ойлаймыз және оларды да көретін күн алыс емес екеніне сенімдіміз.

Нұғман Алмасбек Нөкербанұлы

«Әлмерек баба» мәдени-тарихи қоры

идеологиялық бағытының жетекшісі

2620 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз