Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 30 Қараша, 2020

Ұйқыдан ерте тұру үшін не істеу керек?

Ерте тұру үшін, ерте жату керек. Бірақ бұл мүмкін емес дейді көпшілік. Ал мамандар мүмкін дейді. Бүгін біз сайт оқырмандарына психолог, психотерапевт мамандардың кеңестерін ықшамдап ұсынамыз. 

Ерте тұру үшін алдымен неліктен ерте тұруың керек екенін түсінуің керек. Күнім өнімді де ғажайыптарға толы болсын, жаңа күнді қызықты іспен бастайын десеңіз ерте тұрыңыз. Бұл туралы ұйқыға жатар алдында ойлаған абзал. Күн сайын ертең мына жұмыстарды іске асырам деп  өзіңізге ұнайтын шаруалардың тізімін жасап, оны күнде кешке қайталап оқып алыңыз. Әр күнді бұл күн ең соңғы күндердің бірі деп ойлап,  мағынаға, махаббатқа толтыруға тырысыңыз.

 

Кешке міндетті түрде жылы суға түсіп, оймен сол күнгі реніш, уайым, проблемаларды сумен шайып жіберіп, керісінше жақсы әсерлеріңізді ойлап, көңіліңізді көтеріңіз. Телефон, компьютерге қарамаңыз. Тіпті, бес минутқа да қоспаңыз. 

 

Жатар алдында тойып тамақ ішу немесе ішімдік ішу өте зиян!

Кешкі 22.00-ден кейін ұйқыға жату керек. Ең әрі кеткенде 23.00-де жатқан жөн. Ерте жатқанның пайдасы түнде мелатонин гормоны түзіледі.

Төсектен тұрып кетуге асықпаңыз.

Ұйқыдан оянған соң жұмыстарыңызды ойлап, тез тұрып кетсеңіз стреске ұрынасыз. Физиологтар таңертең керіліп-созылудың өте пайдалы екенін дәлелдеген. Ағза оянады. Көңіл-күй көтеріледі.

Ұйқыдан күліп оянудың әсері ұшан-теңіз. Ғалымдар күлімсіреген кезде бет бұлшық еттерінің тартылуы мен  көңілдің эмоционалды күйінің бір-бірімен тығыз байланысты екенін тапты. Еш себепсіз  күлімдеп ояну өмірге оптимистік көзқараспен қарауға үйретеді. Күлімдеуді әдетке айналдырыңыз. Кейін кез келген кезде күлімдеу арқылы өз көңіл-күйіңізді реттей алуға қол жеткізесіз.

 

Айтпақшы, ұйқыдан ояту үшін қойылған сағат қоңырауының шырылынан кейін тағы біраз ұйықтау өте зиян.

 

 Оятқышқа өміріңіздің әсерлі сәтін ескен салатын әдемі әуен қойыңыз. Бұл өте маңызды! 

 

Ерте тұру арқылы жаныңызға жайлылық пен тыныштық сыйлайсыз. 

 

Мына бір кеңестерден өзіңізге керегін алыңызшы. 

 

-Оятқышқа бала күнгі әдемі әуенді таңдаңыз. Оны айына бір рет өзгертіп тұрыңыз;

-Жаңа халат сатып алыңыз;

-Жуынуға арналған хош иісті гель сатып алыңыз;

-Ұйқыдан тұрған бойда ысқылтым су ішіңіз;

-Таңды жақсы тілек тілеуден бастаңыз; 

-Таңғы ас мәзірін алуан түрлі етіп өзгертіп отырыңыз;

-Хош иісті шәйлар сатып алыңыз;

-Таңертең өзіңізге өте ұнайтын іспен айналысып, өзіңізді марапаттап қойыңыз.

 

Ұйқысы қанып, ерте тұрған адамның жүзі нұрланып, ерекше сұлуланып тұратынын ешқашан естен шығармаңыз. Сонымен қатар,  өзіңізді ретке келтіруге уақыт табылады. 

 

Кез келген жаңалықты бірінші боп біліп, әлеуметтік желіге жақсы ақпараттар жариялауға мүмкіндік аласыз. 

 

Ең бастысы, ерте тұрған адам сабырлы қалыпқа түсіп, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы жақсара түседі. 

Адамның өзіне деген сенімділігі артып, ішкі жан-дүниесі тыныштыққа бөленеді.

 
Дайындаған
Айнұр Әкімбайқызы

3305 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз