Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 01 Желтоқсан, 2020

Түндегі құлшыныс күндіз қайда кетеді?

Адамдардың көпшілігі түнде шабыттанып, түрлі жұмыстарды жоспарлап, қазір кірісіп кететіндей құлшынады. Бірақ ертеңіне бойын енжарлық басып, жұмысқа деген ынтасы басылып қалып жатады.

Неліктен деп ойлайсыз?

Түндегі мотивация мен бойдағы бұла күш қайда деп адамдар аң-таң қалып, мұны депрессиялық күймен шатастыратын жағдай да кездеседі. Бұл  туралы ғалымдардың еңбектері мен психологтардың тұжырымдарына сүйеніп, бүгін біз сайт оқырмандарына пайдалы ақпараттар ұсынуды жөн көрдік.

Адам уақытын дұрыс жоспарлай алмаса,  күш-қуаты да дұрыс жұмсалмайды. Соның салдарынан мидың қызметі бұзылады.

Адамдардың көпшілігі күні бойы "мынаны оқу керек", "мына жұмысты істеу керек", "үйді тазалау керек" деген сияқты міндеттемелерді ойлап жүреді. Ми бұл қаптаған "керек" деген міндетті жұмыстарды пайдасыз шаруалар деп қабылдайды.Соның салдарынан ол жұмыстарды істеуге мүлде ықылас болмайды. Адам өз-өзінен шаршап, жұмыстарды ертеңге ысыра салады.  Жалқаулық пен прокрастинация осыдан келіп шығады.

Ал енді түнде ұйықтар алдында миымыз  күндізгі міндеттемелерден, артық жүктемелерден босап, өзінің армандау, демалу, рахаттану сияқты жұмысына кірісуге дайын болады да,  белсенді түрде жұмыс істей бастайды. Яғни, бұл кезде ми өзі үшін рахаттана жұмыс істейді. 

 

Негізгі мәселе мелатонин және серотонин гормондарында дейді зерттеушілер. Қарапайым тілмен түсіндірсек, серотонин адамды оятады, мелатонин ұйықтатады. Мелатонин гармонының нағыз түзілетін уақыты 22.00-24.00 аралығы. Осы уақытта жастыққа бас қойсаңыз, тез ұйықтап кетесіз. Ал ұйқыдан оянар сәт жақындағанда серотонин түзіле бастайды. Күндіз жиналған серотонин сіздің сергек жүруіңізге көмектеседі де, кешке қарай серотонин мелатонинге айналып, енді сіздің ұйықтауыңызға көмектеседі.

Егер сіз уақытылы ұйықтамасаңыз не болады?

Алдымен сіз мелатонин түзілетін сәтті өткізіп аласыз да, ұйықтай алмай, кеш жатуға мәжбүр боласыз. Бұл уақытта тіпті сіз шамадан тыс сергектік сезініп, өнімді жұмыс істейтініңізді байқайсыз. Демек бұл кезде серотонин өндіріле бастады деген сөз. Адам ағзасына "таң атты" деген жалған хабар жеткендіктен осылайша  серотонин беймезгіл өндіріле бастайды.

Әлбетте өндірілген серотонин жылдам таусылып, таңертең сіз өзіңізді шаршап тұрғандай сезінесіз. Серотонин жоқ, адам организмі ол гормонды  шексіз өндіре бермейді. Түнде ұйықтамай жүрген кезіңізде күндізгі керек серотонинді тауысып қойғансыз. Сондықтан да күні бойы шаршап, ешнәрсеге зейін қоя алмай,  сіркеңіз су көтермей тұрады. Серотонин жетпеу деген осы.

Күні бойғы жиналған серотонин қоры кешке мелатонинге айналуы керек болатын, сіз режим сақтамай, ағзаңызға зиян келтірдіңіз. Кеш жатып, кеш тұру әдетіңізге айнала бастайды. 

Біраз уақыттан соң осындай режимсіздік салдарынан организмде ақау пайда болады. Гармондар түзілісі бұзылады. Денсаулығыңыз сыр береді. Серотонин мөлшері аз болғандықтан ұмытшақ, жалқау, күйгелек жанға айналасыз. Ал мелатониннің жетіспеуінен ұйқыңыз қанбай, күш-қуатыңыз қалпына келмей үнемі шаршап жүретін боласыз.

Бұл шыркөбелек айналған шеңберден шығудың жолы бар ма?

Мамандар жалғыз жолын нұсқап отыр. Күн режимін сақтау, өзіңізді қинап 22.00-де ұйқыға жатуға дағдыландыру және ерте тұру. Сондай-ақ, "мына жұмысты істеу керек" деген сөзді мүлде қолданбай, өзіңізге "мына жұмысты істеп тастаймын" деп жігер беріп отыру. 

 

Түнде ертеңгі күнге жоспар құрып тастап, тың идеялар келіп шабыттанғанмен, іске асыруға келгенде жалқауланып, күнде ертең деп жүретін себебіміз осы екен. 

 

Серотонинді денсаулық пен жастық гормоны, ал мелатонинді бақыт гормоны деп бекерге атамайды. 

 

Ұйқыға ерте жатып, ерте тұруды дағдыға айналдырамыз ба? Әлде оны да ертеңге ысыра саламыз ба? 

 
Дайындаған
Айнұр Әкімбайқызы

996 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз