Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 02 Желтоқсан, 2020

Қастеевтің шөбересі – ең жас дизайнер

Жақында атақты суретші атамыз Әбілхан Қастеевтің шөбересі, дизайнер Айсаным Қастеевамен әңгімелестім. Ол – ұлттық нақыштағы киімімізді заманауи бағытта насихаттап жүрген жас дизайнерлеріміздің бірі. Айсаным қазақтың қарапайым ғана қызы екен. Сұқбат барысында оның сөйлеу әдебіне, ұяңдығына, қарапайым болмысына риза болдым. Әңгімесі де, өнері де ерекше жанмен өткізген уақыттың қалай тез өтіп кеткенін байқамай қалдым.

НИДЕРЛАНДЫ ЖЕРІНДЕГІ АЛҒАШҚЫ КӨРМЕ

– Әкем 10 жасымнан бастап маған ағылшын тілін үйретті. Ондағы мақсаты – менің шетелде білім алғанымды қалады. «Ағылшын тілін білсең, далада қалмайсың, үйрен» деп жігерлендірді. Бір күні далада балалардың ролик теуіп жүргенін көріп, мен де тебуге қызықтым. Әкеме барып, ролик сатып алып беруін сұрадым. «Алып берем, бірақ бір шарт қоям», – деді. Шарты – ағылшын тіліндегі кітаптың жарты бетін аудару. Мен келісе кеттім, әйтсе де ол кезде ағылшын тілін білмейтін едім. Сөздіктің көмегімен аударып, әкеме көрсеттім. «Жарайсың, бір ғана жұбын алып беремін. Енді екінші жұбы керек қой. Ол үшін кітаптың қалған бетін аудар», – деді. Айтқанын орындадым.

Әкемнің айтқанын тыңдап, шетелде оқуды мақсат еттім. Бірақ қандай мамандықта оқитынымды білмедім. Тілші, аудармашы болармын, бастысы шетелге оқуға барсам болды деп жүрдім. Ағылшын тілінде хабарларды жүргізіп жатқанымды айнаға қарап айтатынмын. Салған суреттерім мектептің газетіне шығатын еді. Әйтсе де, атамның жолын қуамын деп мүлде ойламадым. Ойым тек шетелге оқуға кету болды. 15 жасымда ағылшын тілін жетік меңгердім. Содан соң әкем қытай тілін үйрен деп өтініш айтты. Солай қытай тілін үйрететін курстарға бардым. Отбасылық жағдайға байланысты қытай тілін жалғас-тырмадым және шетелге оқуға кетем деген мақсатымнан бас тартып, Қазақстанда қалдым.

Кішкентай кезімде менің суреттерім Нидерланды елін-дегі көрмеде көрсетілді. Ол кездегі сезімім, әсерім қандай болғанын білмеймін. Есімде жоқ. Есімде қалғаны – сол көрмеден жүлделі орын мен сыйлықтар алғаным ғана. Майлы бояу мен қолшатыр, қызғалдақ гүлінің формасы осы сыйлықтар – менің жадымдағы жылы естеліктің бірі. Әлі күнге дейін қолшатыр мен қызғалдақ формасы үйімде сақтаулы. Мен жұмыс процесінде рақаттанамын деп айта алмай-мын. Себебі көңіл күйім жоқ болып, жұмыс істегім келмесе де, тапсырыс келіп тұрса, киім тігемін. Кейде мәжбүрлі түрде жасайтын кездерім болады.

Киім тігетін материалды арнайы шетелден алдыртпаймын, олар өзімізде де бар. Ал дизайнерлік киімдерімнің бағасын шамалап болса да айта алмаймын. Себебі әр кезде әрқалай болады. Дизайнына, көлеміне байланысты өзгеріп отырады. «Шабыт келгенде жасаймын» деп шабыттың артынан қууға болмайды. Шабыт келмесе де, өзіңді мәжбүрлеп жұмыс істеп, жаңа туынды шығаруға міндеттісің, – дейді кейіпкеріміз.

Өнерге әркімнің-ақ бар таласы. Бірақ Айсанымның өнерге алғаш келуі тіптен қызық. Ол оқиғасын былай баяндап берді:

Авторлық құқықты ұрлайтындар көп

– Ұлттық киімді таңдаған себебім, университетте бізге ұлттық ою-өрнектерді біріктіріп, заманауи нақышта киім тігуге тапсырма берген. Солай алғашқы жұмысымды бастадым. Бірде менің дизайнымды ұрлап, авторлық құқығымды таптаған жағдай болды. Әрине, басында ашуландым. Кейін әкем: «Авторлық құқықты бұзып, сенің дизайныңды ұрлап жатса, ол өте жақсы», – деді. Содан бері ашуланбаймын. Авторлық құқығымды ұрлады деп ешқандай шара қолданбадым. Бұл менің деңгейім емес екенін түсіндім. Қазір жеке курсым бар. Ақылы түрде түрлі тігіс түрінен бастап, киім тігуді үйретемін. Өзім не білемін, соның бәрін үйретемін. Үш жылдық тәжірибемді ортаға саламын.

Әлемге әйгілі суретшінің жолын қуған шөберенің қолынан шыққан туындылар керемет. Ерекше үлгіде тігілген. Бір өзі бірнеше өнерді меңгеріп жүрген Айсанымды кинодан да көріп қалып едік. Ол туралы былай деді: 

– «Мен сені сүйемін, Ақерке!» фильмінде ойнадым. Бұл фильм шынайы өмірдегі оқиғаға негізделген. Жұбайым екеуміз басты рөлде серіктес болғандықтан, оңай болды. Себебі жолдасым мені фильмде де қолдап, бағыт-бағдар берді. Актер болмаса да, өзі талантты адам. «Талантты адам кез келген істе талантты» деген сөздің жаны бар екен. Менің жолдасым қай салаға болса да талантты. Оның арқасында мен де кинода ойнап шықтым. Бұл фильм маған өмір қамшының сабындай қысқа екенін түсіндірді. Менің өмір мен қоғамға көзқарасымды өзгертті. Актриса боламын деп ойлаған емеспін. Әйтсе де, бұл фильмге кездейсоқ түскен жоқпын деп санаймын. Өмірде кездейсоқ еш нәрсе болмайды. Барлығы Алланың қалауымен болып жатқан дүние деп есептеймін. Бұл – философиялық фильм. Барлық оқырманға фильмді қарап шығуға кеңес беремін.

Аяулым МИРХАНҚЫЗЫ,
«Ұланның» жас тілшісі.
Ақтөбе қаласы

«Ұлан» газеті, №48

 

3651 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз