Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 03 Желтоқсан, 2020

Әлихан аманаты  – әр қазаққа аманат  

Медғат Өмірәлиев, Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының актері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

Қазақтың ХХ ғасыр басындағы қилы тағ­дыры, арманы, мақсаты, замана запыраны, мемлекеттік биікке қарай басқан қадамы туралы толымды дүниенің бірі «Тар заман» телехикаясы дер едік. Сол сериалда Әлиханның бейнесін сомдаған актер Медғат Өмірәлиев айтулы тұлғаға портреттік ұқсастығымен ғана емес, актерлік ойнау шеберлігімен де көптің есінде орныққаны анық. Сериал режиссері Мұрат Бидосов біздің бүгінгі кейіпкеріміз туралы: «Осыдан екі жыл бұрын «Ақылдың кіл­ті» атты тарихи теле­сериалды түсірген кезде Медғаттың актерлік шебер­лігі­мен бірге физикалық тұрғы­дағы ширақтығына көз жет­кіздім. Түсірілім барысында өзіне жүктелген міндетке аса жауап­кершілікпен қарап, образды жан-жақты әрі шынайы ашуға барын салатын. Сол кезде өзінің алдындағы аға буын актерлермен, ізін басып келе жатқан інілерімен түсірілім барысында рөлді жоғары деңгейде орындауға күш салып, ашық-жарқын мінезімен де көзімізге түсті. Жалпы актердің сыртқы фактурасымен бірге ішкі жан дүниесі, ой-өрісі тең болмаса қос қанатын кеңге ­жайып, алысқа самғай алуы екіталай. Бұл тұрғыдан Медғаттың қос қанаты тең деп айтар едім. Актердің осындай сергектігі, тереңдігі, жұ­мысқа деген жауапкершілігі кез келген режиссерге жақсы әсер қал­дыратыны анық» дегені бар. Театрдағы айшықты рөлі бір төбе, «Кәусар», ­«Кү­ләш», «Қыз жолы», «Өгей жү­рек», «Ақылдың кілті», ­«Ба­луан Шолақ» атты отан­дық фильмдерге түсіп үлгер­ген М.Өмірәлиевпен бүгінгі сұхбат өнер тақырыбына арналды...

– «Ұстазсыз шәкірт – тұл» дейді. Әңгі­мемізді ұстаздар өнегесінен бастасақ...

–  Актерлік жолға келген маған білім беріп, шеберлігімді ұштаған киелі ордам ол кезде институт, кейіннен академия деп аталған, Жүргенов атындағы қарашаңырақ. Шынымды айтсам, бала кезден «актер» боламын деп көп армандай қоймадым. Бәлкім, осы бір бекзат өнердің өкілі атануға жүрексіндім бе екен? Артистік болмысым бала кезден байқалған болуы керек, қиялым ұшқыр, көрші-көлемге пародияны айнытпай салатын бала болып өстім. Мектепте түрлі сахналық қойылымдарды ұйымдастырып, әзіл скетчтерге де қуана қатысатынмын. Үлкен өмірге қадам басарда Алматыда оқитын ауыл үлкендерінің бірі Өнер институтына барып, бақ сынап көруге кеңес берді. Барынша дайындалдым, бағым да шығар, емтиханнан өтіп Нұрғанат  Жақыпбаевтың жетекшілігіндегі бөлімге оқуға түстім. Жарты жыл оқыдым. Өзімнің қателігім екенін мойындау керек, оқудан шығып қалдым. Мектептен кейін оқуға түсіп кеткен баламыз, қалада емін-еркін қыдыруға көңіл бөліп, сабаққа баруды ұмытыппын. Өнер ордасы мұндай енжарлығыма қатаң қарады, олардың бұл қатаңдығы менің кейінгі өміріме үлкен сабақ болды. Жарты жылда өнерге әбден ғашық болып қалған екенмін, басқа ештеңеге мойын бұрмай, 1999 жылы қайта келіп құжат тапсырдым. Тағы да түстім. Кураторымыз Әубәкір Рахимов. Екінші  мастеріміз марқұм Жайлау ағай болды. Ол кісі қайтыс болған соң Бекболат Құрманқожаев шеберлігімізді ұштады. Сол кісілерден тәлім-тәрбие алдық. Сахна тілінен Дариға Тұранқұлова, Шәмшия апайымыз баулыды. 2003 жылы академияның театр және кино актері факультетін тамамдадым. ­Диплом алмай жатып, Қазақстандағы театры жоқ соңғы облыс – Маңғыстауда жаңа театр ашылды. Елбасы іссапармен Ақтауға барған уақытта халықпен кездесіп, елдің жайын сұрайды ғой. Сонда бір қыз: «Актриса едім, өзімнің туған жерімде еңбек еткім келеді. Бірақ театрымыз жоқ» деген екен. Елбасы бірден тиісті органдарға тапсырма беріп, театр ашады. Міне, сол өнер ордасында еңбек ету біздің маңдайымызға бұйырған екен. Біздің курс және Рахиләм Машурова апамыздың курсы бірге барып, бір айдай еңбек еттік. Бір айдан соң қайтып келдік те дипломдық жұмысымызды қорғап, өнердің көш керуенімен Маңғыстауға қайта ат басын бұрдық. Былтыр газеттеріңізге сұхбат берген бас режиссеріміз әрі көркемдік жетекшіміз Гүлсина Мерғалиева: «Мен үшін ең басты мамандық – ­актер. Ол ең ұлы мамандық. Режиссер өз мамандығына келген сәтте бір маңызды дүниені түсінгені жөн: «Актердің арманы, актердің құдай берген таланты алдында режиссер жауапты». Ол соны түсініп, актерді ашуы керек, актердің талантының ­ашылуына, актердің театрдағы өмір жолына режиссер жауапкершілікті алады» деген ғой. Құдайға шүкір, актерге ұлы мамандық деп қарайтын Нұрнияз Мұханұлы, Гүлсина Мерғалиева сынды басшылардың, Гүл Зиятова сынды мықты мамандардың арқасында біз шығармашылықпен алаңсыз айналысып кеттік. Кез келген театрдың жағдайы басшылыққа байланысты екені түсінікті. Театрға, өнерге жанашыр, әкелік, апалық қамқор көрсете білген азаматтар ұжымды ұдайы алға сүйреп келеді. ­Театрымыз отандық театрлардың ішінде ең жасы. Сөйте тұра, әріптестерімнің барлығы да үлкен өнердің сүт бетіне шығар қаймағы. Иә, ұжымымызда жастар көп. Жастар еңбектенуден ­шаршамайды.

– Шаршамау бөлек әңгіме, алайда Қазақстанның ең қиыр облысына бару сол жастарға ауыр соқпады ма?

– Әрине, әсем Алматыдан соң Маңғыстауға сәл-пәл жатырқағандай болғанымыз рас. «Қайда келдік?» ­деген қорқыныш, жүрексіну сезімдерін де бастан өткердік. Бірақ жергілікті әкімшілікке өте ­ризамыз. Кілең жас, кілең бойдақ жетіп барғанда құшақ жая қарсы алды. Екі-үштен пәтерлерге бөліп орналас­тырды. Ол пәтерге киімімізбен ғана кіріп бардық, қалған жасау-жабдықты түгел даярлап қойған екен. Театр мен үй арасына қатынайтын арнайы көлік берді. Театрымыздың басшысы Нұрнияз Мұханұлы әкімшілікпен бірлесе отырып әлеуметтік жағдай­дың бәрін жасауға тырысты. Бір жыл өтер-өтпесте үйленіп, отау құрғандарымызға пәтер бере ­бастады. Сондықтан шығармашылық жұмысқа алаң көңілсіз кірістік. Екі курс бір-бірімізді жақсы білеміз, өзара дос-жармыз. Тіпті Өнер академиясында оқығанда есігіміз қарама-қарсы еді. Сондықтан ұжым да бір-бірін жатырқамады. Әрі театрдың ­ашылу салтанатына келген аға буын өкілдері: «Маңғыстаудың тарихында есімдерің алтын әріппен жазылады» деп арманымызға қанат байлап берді.

– Жаңа театрға барған сіздердің көңіл күй осындай, ал театрға сусаған Маңғыстау жұртының көңіл ауаны қалай болды?

– Маңғыстау өнер мен өлеңнің, әдебиет пен мәдениеттің өлкесі ғой. 2003 жылы 21 наурызда Ғабит ­Мүсі­реповтың «Қыз Жібегімен» жаңа театрдың сахнасын аштық. Шымыл­дық ашыла салысымен, залға қарасақ, бі­рінші қатарда қазақтың ою-өр­негімен әдіптелген киімін киген, сырға-білезігі жарқыраған әжелер шашу шаша бастады. Спектакльде актерлермен жағаласа сөйлеп, көңіл күйін анық білдіріп, бізбен бірге қойылымды ойнағандай болып, сөзімізге, сезімімізге жауап қатып отырды. Ол, әрине, бізге бір жағынан қызық, екінші жағынан қуантты.

Қазіргі Ақтау халқы театрды өте құрметтейді. Әкемтеатр болсын, ­Жастар театрының ұжымы болсын, бізге гастрөлдік сапармен келген ­актерлер біледі, залда ине шаншар жер болмайды, халық түрегеп тұрып көреді. ­Демек, біздің ұжымның да 17 жылдық еңбегі бар. Қазіргі күні де көрермен хабарласып, ой-пікірін айтып ­отырады.

– Сонда да «Орталықта қалмадым-ау, қалсам  басқа өнер арнасына түсер ме едім?» деген пендәуи ой келмей ме?

– Ой – ой болғаны үшін мазалайды ғой. Академияда жүргенде, төртінші курста Күнсұлу Тұрғынбекова, марқұм Шалқар Үркімбаев, Марат Абайділда және мен – төртеуіміз «Хабар» телеарнасында дубляж саласында жұмыс істеп жүрдік.  Диплом алған кезде Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының сол кездегі директоры Тілектес Мейрамов Шалқар Үркімбаев,  Гүлнар ­Орманова және мені театрға шақырып, Шалқар екеумізге Қодардың, Гүлнарға Баянның рөлін ұсынды. Қалсақ па деп те ойлап жүрдік. Театр ол кезде үй бере алмайды екен. Әрі төрт жыл бірге оқыған достардан қалғымыз келмеді. Сондықтан алыстағы Маңғыстауға курстастардан қалмай, бірге бардық.

Иә, кейде бір ой мазалайды. ­Алматыда қалғанда қазір қандай актер болатын едім деп ойланамын. Бірақ бұл өкініш емес.

– Сізбен әңгімелескенде «Тар ­за­мандағы» Әлихан Бөкейханның рөліне қатысты сұрақ туындайтыны анық. Ол жобаға қалай келдіңіз?

– «Тар заман» сериалын түсірерден бұрын қазақ театрларының ішінде алғаш рет Әлихан туралы спектакль қойдық. «Әлиханның аманаты» деген пьеса. Жазған – Нартай Сауданбекұлы. Бас режиссеріміз Гүлсина Бақытжанқызына ұсынған екен, ол бізге көрсетіп, ұжыммен бірге отырып оқыдық, ұнаттық. Алаш партиясының құрылғанына 100 жыл, Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толу мерейтойы қарсаңында осы шығарманы сахналадық. Сол спектакль жарық көргенде әлеуметтік желіде ақпарат тарады. Ол мәліметті осы «Тар заман» телехикаясын түсірген Мұрат Бидосов та байқап қалса керек. Одан бір жыл бұрын Абайдың қара сөздерінің желісі бойынша «Ақылдың кілті» киноэпопеясында Мұрат Бидосовпен бірге жұмыс істеген едік. Режиссер спектакліміз туралы естіп, «Әлиханды ойнадың ба?» деп хабарласты. Спектакльдегі суреттерімді жолдауымды сұрады. Жібердім. Астанада комиссияның алдында режиссерлер қай актерге тоқталғанын айтып, таңдауын қорғайтын болуы керек. Мұрат Бидосов сол жерде менің суретімді ұсыныпты. Маған қоңырау шалып, «Әлихан Бөкейханды ойнайтын болдың» деді. Міне, осылайша, Әлихан Бөкейханның рөлін спектакльде сомдауымның арқасында кинода да басты рөл бұйырды. Осы телехикаямен қатар, «Қазақфильм» киностудиясынан «Балуан Шолақ» фильмінен бір рөлге ұсыныс түсті. Ақыры сол туындыда Балуан Шолақтың досы Ақылбайды ойнап, екі жобаға қатысатын болдым. Осылайша, жаз бойы үш жарым айдай киноға түстік. Маңғыстаудан мамырда кетіп, үйге қыркүйекте бір-ақ оралдым. Шілдеде келіншегім босанып  ұлды болған едім, ұлымды үш айлық кезінде бір-ақ көрдім...

– Әлихандай тұлғаның рөліне ­дайындалу қиынға түспеді ме?

– «Әлиханның аманаты» спек­таклін қояр кезде бір айдың көлемінде үйде­гілермен сөйлесуге уақыт болмады. Қатты дайындалдық. Әлиханның шығармаларын қайта оқып шықтым. Ол туралы замандастары жазған естеліктерді оқыдым. Сондықтан «Тар заманға» іштей дайын болып барған секілдімін. Жалпы тарихи тұлға – жиынтық бейне емес. Сондықтан архив деректеріне сүйене отырып, Әлихан бейнесін сомдау үшін көп іздендім. Ол – ұлттық үлкен тұлға. Алағай да бұлағай заманда ұлт мүддесі үшін, халықтың болашағы үшін қызмет етті. Өзім де актермін ғой, өзгелердің ойынын көріп, бақылап, үйреніп, үлгі алып, сабақ алып жүремін. Бір байқағаным, актерлар тарихи кейіпкерлерді шектеулі рамкаға салып тастайды. Жеке өзім қандай да бір тарихи тұлғаның рөлін ойнағанда қарапайым адам екенін ұмытпау қажет деп ойлаймын. Кейіпкерімнің жан сарайына үңілсем деймін. Олар да өмірінде қателескен болар. Олар да бұл өмірдің махаббаты мен ғадауатын бір кісідей татты ғой. Сондықтан тарихи тұлғаларды рамкадағы ­портретке салудың қажеті жоқ деп есептеймін. Әр рөлге жеке ізденіс керек. Сондықтан «Әлиханның аманатын» қойғанда қаншама тарихи ма­териал оқыдым. Сол замандағы деректі фильмдерді көріп шықтым. Мәскеуде тұратын жиенінің нағашы атасы туралы естеліктерін жүрек сүзгісінен өткіздім.

Алматы қалдасында фильмнің тұсаукесері кезінде тарихшы мамандар келіп, қолымды алып, батасын берді. «Елу жылға дейін Әлихан Бөкейхан болып қаласың» деді. Бұл мен үшін үлкен баға.

Бірақ адам баласы өз-өзіне қатаң сын көзімен қарауы керек, әсіресе актер өзін-өзі сынамаса – өнерінің өскені емес, өшкені. Өнер адамы өзін-өзі әрдайым сынап, шыңдап отыруы керек. Сондықтан Әлихан туралы театрдағы әр рөліме ұдайы дайындалып барып кірісемін. Ал, кино – театр емес. Телехикаяға түскенде оны да жадымнан шығарған емеспін, әр рөлдің таспаға басылып қалатынын ойлап, мінсіз шығаруға тырыстым. 

 Маңғыстау өнер мен өлеңнің, әдебиет пен мәдениеттің өлкесі ғой. 2003 жылы 21 наурызда Ғабит Мүсіреповтың «Қыз Жібегімен» жаңа театрдың сахнасын аштық. Шымылдық ашыла салысымен, залға қарасақ, бірінші қатарда қазақтың ою-өрнегімен әдіптелген киімін киген, сырға-білезігі жарқыраған әжелер шашу шаша бастады. Спектакльде актерлермен жағаласа сөйлеп, көңіл күйін анық білдіріп, бізбен бірге қойылымды ойнағандай болып, сөзімізге, сезімімізге жауап қатып отырды. Ол, әрине, бізге бір жағынан қызық, екінші жағынан қуантты.
Қазіргі Ақтау халқы театрды өте құрметтейді. Әкемтеатр болсын, Жастар театрының ұжымы болсын, бізге гастрөлдік сапармен келген актерлер біледі, залда ине шаншар жер болмайды, түрегеп тұрып көреді. Демек, біздің ұжымның да 17 жылдық еңбегі бар. Қазіргі күні де көрермен хабарласып, ой-пікірін айтып отырады.

 – «Тар заманда» Әлихан Бө­кей­­хан­мен портреттік ұқсастығыңыз қатты байқалады. Бұл негізінен грим­деушілердің еңбегі ме?

– Портреттік ұқсастық мәсе­ле­сінде Әлихан Бөкейханнан аумай қалғанмын деп айта алмаймын. Гримдеуші телехикаяға түспестен бұрын хабарласып, «Шашыңызды, мұртыңызды алмаңыз» деп ескертті. Сондықтан телехикаяда шашым да, мұртым да өзімдікі. Қалған ұқсастықты гримдеушілер жасады.

– Ал Әлихан Бөкейханмен мінезіміз ұқсас екен деп, қандай да бір ұқсас­тықты байқай алдыңыз ба?

– Әлихан Бөкейхандай болу қайда? Иә, ол кісінің мінезін бойыма сіңірсем екен деген арманның болғаны анық. Дәл ол сияқты ұлт азаматы болу, елдің болашағы үшін ақырына дейін күресу, халықты ағарту жұмысымен тынбай айналысу – әр қазақ азаматының бүгінгі мұраты болуға тиіс деп ойлаймын. Ол анық дүние.

– Медғат Өмірәлиевтің аты аталса   Әлихан образы ғана елдің есіне түседі деген бір күдік бойды билемей ме?

– Жоқ. Олай ойламаймын. Мәселен, Асанәлі Әшімов ел аузында бір ғана Бекежан образымен қалған жоқ қой. Қаншама ғажап кейіпкерлер галереясы бар. Әрине, Асанәлі дегенде Бекежанның еске түсетініндей, менің атым аталса Әлиханның образы еске түссе ол мен үшін зор қуаныш. Әлихан Бөкейхан бейнесі мен сомдаған рөлдердің ішінде шоқтығы биік образ болып қалатын шығар. Жалпы мені тек тарихи рөлдерді сомдауға шақыра береді деп ойламаймын. Болашақта өз замандастарымның да бейнесін сомдаумен көрермен жүрегіне жол табатыныма сенемін.

– Ұлтқа қызмет еткен тұлғалар аз емес. Олардың қайсысының рөлін сомдағыңыз келер еді?

– «Гамлетті ойнау әр актердің арманы» деген секілді ме? Айтқандай, Гамлеттің рөлін бергенде бас тартқанмын. Мақтан үшін айтып отырған жоқпын. Бәлкім ол рөлге іштей дайын болмағандығымнан шығар. Өзім армандаған рөл әзірге менің ішкі арманым бола тұрсын...

– 18-ге дейін өлең жазған секілдісіз...

– Атам Өмірәлі өлең жазған екен. Өкініштісі, оның қаламы балаларына, немерелеріне дарымапты. 18-ге дейін өлең жазуға тырысып көрдім. Не біреудікіне ұқсап келеді, не ұйқасы келмей қалады. Содан маған өлең қонбағанын түсіндім. Өлең жазу – Құдайдың берген үлкен сыйы деп түсінемін. Өлең жазу бұйырмағанымен, Құдай талай ақынның, шығармашылық адамның, үлкен тарихи тұлғалардың рөлін сомдауды маңдайға жазған екен, оған да шүкір етемін.

– Қазақтың жері кең байтақ, бірі екіншісіне жат деуге келмейді. Әрі қазір қала мен қаланың арасы жақындаған ­заман ғой. Сонда да түптің-түбінде  туған жерге келсем деген сезім бойды билемей ме?

– Ерте ме, кеш пе, елге ораламын ғой. Әке-шешем, туған-туыс осында. Баба зираты да елде жатыр.

Сыртта жүргеннен жаман болмадым деп ойлаймын. Не десек те, елге оралу, қара шаңыраққа жақын жүру әр азаматтың ішкі бір ұстанымы шығар. 

– Театрдан киноға ауысу ойыңызда бар ма?

– Бар. Жалпы театр мен киноның өз сиқыры, өз ерекшелігі бар. Маңғыстауға келгеннен кейін кино саласынан алшақтап қалдым ­деген ой мазалаған.  Бірақ олай болмай шықты. Алғаш рет «Кәусар» фильміне шақырту алдым. Бірқатар киноға түстім. Бірақ киноға түсу барысында актердің «аузына» жасанды сөз бен сөз тіркестерін салатынын түсіндім. Сценарийді оқығанда өмірде қолданылмайтын сөздермен кезіктім. Сценариймен танысып шыққанда кино көз алдыңа елестейді. Бірақ түсірілім алаңында мүлдем басқа жағдайға тап боласың. Өзіңнің ойыңдағыны жасағың келеді. Бірақ олай жасай да алмайсың. Актер болғаннан кейін сол алаңда еркін жүргің келеді. Өкінішке қарай, кейде жүре алмайсың. Кинода көбінесе қозғалыссыз сөйлетуге тырысады. Бір орыннан жылжи алмайсың. Сонда да кино өзіне тартып тұрады.

«Күләштің» алдында «Кәусар» фильміне түстім. Шынымды айтсам, «Күләш» арқылы біраз киноға шақырту алатын шығармын» деген оймен бардым. Расында, сол киноның арқасында біраз киноға ұсыныс түсті. «Тар заманмен» қатар «Балуан Шолаққа» түстім. Түсірілімнен соң Маңғыстауға келген кезде жас ­актерлар, «Алматыда бізді сұраған жоқ па? Басты рөл үшін мені іздемеді ме?» деп сұрады әзіл-шыны аралас. Актер болып елдің назарында жүрген соң, олар да республика деңгейінде танылғысы келеді. Кино мен театр­ды қатар алып жүрудің ешқандай қиындығы жоқ. Біздің театрдың басшысы, режиссерлері қандай киноға шақырту алсақ та, «барып қайт» деп, қуана-қуана қолдау білдіріп отырады. Ол да бізге қанат бітіреді...

– Әңгімеңізге рақмет!

 Әңгімелескен

Қ.СІМӘДІЛ

"Ана тілі" газеті

Сурет:Азаматтың суреті

 

927 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз