Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 03 Желтоқсан, 2020

"Қазтелерадио»  портфелін кеңейту бойынша жұмыс істеп жатырмыз"

Қазақстан аумағында теледидар мен радио саласы дамуының ғасырлық тарихы бар. Техникалық ілгерілеу қарқыны телерадио хабарларын тарату индустриясының бет-бейнесін өзгертуге, сонымен қатар сөз бостандығы, шығармашылық пен сенімді ақпараттың объективті, жаппай таралуына ықпал етеді. Республика халқын теле- және радио хабар тарату желісімен қамтамасыз ету бойынша осы маңызды миссияны «Қазтелерадио» акционерлік қоғамы жүзеге асырады. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының телерадио хабарларын тарату саласындағы ұлттық операторы телевизия мен радио саласындағы жаһандық өзгерістер ошағында тұр. Бұл туралы «Қазтелерадио» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары, техникалық директоры Жанболат Оспанбеков бөліседі.

- Жанболат Амантайұлы, кәсіби жолыңыз туралы айтып берсеңіз, телерадиохабар тарату саласына қалай келдіңіз?

- Телерадиохабарн тарату саласына күтпеген жерден келдім. Мен техникалық және экономикалық білім алғанмын. Бірақ көбінесе IT маманы болып жұмыс істедім. Қарапайым жүйелік әкімшіден IT-компанияның бас директорының орынбасарына дейінгі жолдан өттім. Соңғы жылдары «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының геотехнологиялық полигондарының технологиялық учаскелерін жобалау саласына жетекшілік еттім. Қазтелерадиоға цифрлық эфирлік телехабар таратуды жобалау және салу бағыты бойынша келдім. Менің қызметімнің негізгі бағыты – бұл республикада ЦЭТВ енгізу мемлекеттік бағдарламасы бойынша жұмысты аяқтау, сонымен қатар техникалық бағыттарды пайдалану, жер-жерлерде әлі өшіріле қоймаған аналогтық хабар таратуды қолдау.

- Бүгінгі таңда «Қазтелерадио» АҚ өз қызметін қандай бағыттарда жүзеге асырады? Өз алдына қандай мақсат-міндеттер қояды?

- Біз жаңа қызметтерді құру, «Қазтелерадио» АҚ портфелін кеңейту бойынша жұмыс жасап жатырмыз. ЦЭТВ –  цифрлық эфирлік телехабар тарату желсі. Бұдан бөлек қазір шекара маңындағы аумақтарда мемлекеттік радиохабар таратуды дамыту жөніндегі жоба әзірленді. Бізде «Шалқар», «Қазақ радиосы» сияқты отандық радиостанцияларға қол жеткізе алмай отырған шалғай елді-мекендер бар, бұл ауылдар ақпараттық вакуумда отыр. Ал бұл мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді, өйткені шалғай аудандарда тұратын тұрғындар көбінесе басқа мемлекеттердің радиосын тыңдайды, ал бұл өзге елдің идеясы мен саясаты насихатталады деген сөз. Сондай-ақ біздің қызметіміздің негізгі бағыттарының бірі –  кадрлық құрамды оңтайландыру, бұл Мемлекет Басшысының мемлекеттік және квазимемлекеттік секторды қысқарту туралы айтылған Жолдауын орындауға сәйкес жүргізіледі.

- Қазақстанда цифрлық эфирлік телехабар таратуға көшу немен байланысты? Оның артықшылықтары неде?

- Технологиялар дамып келеді және біздің мемлекетіміз заманға сай қадам басуы тиіс. Негізгі міндет – адамдарға көбірек арналар көру мүмкіндігін беру. Мысалы, «аналогтық» желіде алыс орналасқан ауыл тұрғындары тек төрт-бес арна ғана көре алады. Цифрлық форматқа көшкен кезде арна саны үш есеге артады. Хабар тарату сапасы да айтарлықтай жақсарады. Қазір, мысалы, көрермендер аналогтық хабар тарату форматындағы бағдарламаларды қарайтын болса, олар сапасыз, бұлыңғыр, анық емес бейне көруге мәжбүр. ЦЭТВ – бұл басқа деңгей, бұл HD-формат, онда бейнелердің де, дыбыстың да сапасы жоғары, ұсынатын арналары да көп. Цифрлық эфирлік ТВ қала және ауыл тұрғындары арасындағы ақпараттық теңсіздікті жояды. Цифрлық өнімдерге қолжетімділік қазақстандықтар үшін тегін.

- Бұл процесс қашан аяқталмақ?

- Жоба айтарлықтай көлемді, ол 2011 жылы басталды, қазір біз соңғы кезеңіне жетіп қалдық. Жобаны 2022 жылға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз және бүкіл Республика, елдің барлық халқы цифрлық эфирлік телерадио хабар тарат сигалына қол жеткізетін болады.

Қазіргі уақытта жобадаҒы 827 радиотелевизиялық станцияның 529-ын салып біттік, оның ішінде 54 РТС биыл салынды, ал 13-ін жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Осыған байланысты Атырау және Қарағанды облыстарында екі комиссия жұмыс істеп жатыр. Солтүстік Қазақстан облысын толығымен цифрлық форматқа көшірдік. Келесі жылы 87 РТС құрылысын аяқтау, сондай-ақ 139 жаңа станцияның құрылысын бастау және аяқтау жоспарланған. 2022 жылы Ақмола облысында 40 РТС енгізу ғана қалады. Яғни, жобаны 2022 жылы аяқтамақпыз, жоба бойынша республика халқының кемінде 98%-ын «цифрмен» қамтуға тиіспіз. Бүгінгі таңда салынып біткен РТС-ты ескергенде,  халықтың шамамен 89 пайызы қамтылған.

- Үйде digital-форматтағы телебағдарламаларды көру үшін қандай техникалық құралдар қажет?

- Нұр-Сұлтан, Алматы және Орал қалаларында үш техникалық орталық бар. Олар барлық контентті KazSat-2, KazSat-3 спутниктері арқылы көтереді. Біздің РТС-терде жердегі серіктік станциялар тұр, олар бұл контентті спутниктен алып, оны жер үсті эфир таратқышына жібереді. Бұл қарапайым дециметрлік антеннаны пайдаланатын адамдар үшін де қолжетімді. Ең бастысы, олардың теледидары DVB-T2 стандартын қолдайтын болуы тиіс. Ал егер теледидар ескі болса, онда цифрлық қабылдағыш сатып алу қажет, ол шамамен 4-5 мың теңге тұрады. Осы қабылдағыштың көмегімен халық арналарды цифрлық форматта көруге мүмкіндік алады.   

- ЦЭТВ енгізу республика халқының өміріне қалай әсер етеді?

- Қазақстан қарқынды дамып келе жатқан ел ретінде жалпы әлемдік технологиялық эволюция рухын қолдап келеді. Бұл негізгі факторлардың бірі. Екіншіден, бұл ақпараттық қауіпсіздік. Адамдар біздің арналарымызды, жаңалықтарымызды, телешоуларымызды көріп, мемлекеттің қоғамдық өміріне қатысуы керек. Менің ойымша, ақпараттың негізгі көзі – теледидар. Пандемия жағдайында, онлайн-оқыту аясында балалардың үйден шықпай-ақ оқуға мүмкіндігі бар, қазақ тілін дамыту бойынша мемлекеттік саясат та тиімді жүргізіліп келеді. Карантин кезінде санитарлық нормалар мен ережелер туралы ақпарат халық назарына үнемі жеткізіліп отырады, халық инфекцияны болдырмау, жақындарын қорғау және т.б. туралы уақтылы хабардар етіледі. Осының 90 пайызырадио мен ТВ арқылы тұрақты қосылу, адамдардың есіне салу арқылы жасалып отыр. Бұдан басқа, тағы бір артықшылық – радиожиіліктер босайды. Мысалы, аналогтық хабар таратуда бір жиілікте бір телеарна ғана болады, ал цифрлық стандартта біз бір жиілікте көп арнаны таратамыз. Біз телекоммуникация саласындағы басқа қажеттіліктер үшін жиіліктерді босатамыз.

- ЦЭТВ жобасын іске асыруда проблемалар бар ма? Бар болса, қандай?

- Белгілі бір қиындықтар бар. Жосықсыз мердігерлер көп. Тендерде жеңіп алып, кейін шарт бойынша өз міндеттерін орындамай жатады. Мұндай мердігерлермен кейін шағым-кінәрат жұмыстары жүргізіледі. Бұл да уақыт алады. Құрылыс көбінесе қатынау қиын жерлерде жүргізіледі. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында Алтай ауданында таулы жерлерде біз 65 РТС салуымыз керек. Құрылыс салу кезеңі де өте қысқа: мамырдан қыркүйекке дейін. Ал объектілер өте көп. Табиғи жағдайлар да кедергі келтіреді. Бірақ алдымызда қандай таулар тұрса да, РТС салмай қоймаймыз.

- «Қазтелерадио» АҚ елімізде телерадио хабарын таратуды одан әрі дамытудың қандай басым бағыттары мен жоспарларын көздеуде?

- Ең жаһандық міндет – ЦЭТВ енгізу, содан кейін біз мемлекеттік радиохабар таратуды дамытпақпыз. Халықтың ақпаратқа қолжетімділігі  тең болуы тиіс. Елімізде бір де бір ұйымның «Қазтелерадио» АҚ сияқты контентті жеткізетіндей инфрақұрылымы жоқ. Бұған қоса, бізде Интернет арқылы қызметтерді ұсынатын ОТТ сияқты сервис бар. Осы сервис аясында GalamTV брендімен отандық және шетелдік телеарналар пакеті таратылады. Бұл смартфонға, планшетке, теледидарға орнатуға болатын мобильді қосымша. Сондай-ақ, қатынау қиын елді мекендерде интернет-хабар таратуды жерсеріктік байланыс желісі арқылы ілгерілету жоспарда бар.

Қорытындылай келе, Жанболат Амантайұлы қазақстандықтарға мықты денсаулық және заманауи инновациялық өзгерістер жолында оң жетістіктер тіледі. Цифрлық эфирлік хабар таратудың әр үйге келетініне және елдің барлық тұрғындарының ақпараттық кеңістікке қол жеткізе алатынына сенім білдірді. ЦЭТВ-ға көшуге қатысты сұрақтар туындаған жағдайда азаматтар «Қазтелерадио» АҚ-ға қоңырау шала алатынын еске салды.

 

691 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз