Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 04 Желтоқсан, 2020

Аффирмацияға сенесіз бе?

 

Аффирмация - өзіңді сендіруге бағытталған позитивті фразалар жиынтығы. Мақсаты - қалыпты ой жүйесін өзгертіп, армандағы болашаққа жеткізу.

Мысалы:

 • Мен өзіме сенімді адаммын

 • Менің өмірім керемет

 • Менің денсаулығым керемет

 • Мен көп ақша табамын

 • Менің фигурам сымбатты

Яғни, адам қолы жетпей жүрген мақсатына жетіп қойғандай өзін сендіруге тырысады. Бұл сөздер адамға белгілі бір уақыт бойы опора-тірек болып, күш беруі мүмкін. Содан көңілденіп, арқаланып, шабыттанып іске кірісуі ықтимал. Демек, аффирмация ынты-шынтысымен сеніп, бірнеше рет қайталаған адамға уақытша күй жасайды. Бұл жерде аффирмацияның қозғаушы күш ретіндегі оң әсерін жоққа шығармаймыз. Бірақ, бұл уақытша әсер екенін де ескеруіміз керек

Сымбатты болам деген әйел дәл сол сәтте спортпен айналысып, бай болам деген - нақты жұмыс жоспарына кірісіп кетсе - әрекет. Ал кез келген мақсатқа жеткізетін - сөз емес, сол әрекет! Адам аффирмация айтпай-ақ, мақсат қойып, жету қадамдарын жоспарлап іске кіріссе - нәтиже шығарады.

Ал мың жерден аффирмация айтса да, іс жүзінде әрекетке көшпесе, нәтиже болмайды. Толық адам "арықпын, арықпын"  деп рет қайталап, шұжық пен нанды соғып жатса - аффирмация арықтатпайды.

Мәселен, компания жұмысшыларына "іске аффирмация айтып барып кірісіңдер" демейді ғой. Немесе "осы тапсырманы аффирмациямен бітіріңдер" деу де абсурд болар еді. Жұмысшылар тапсырманы алған соң, оны уақытылы бітіру үшін бірден іске кіріседі.

Кейде аффирмация айту - жауапкершіліктен қашу, өзі әрекет етуге беттемеудің бір амалы болуы мүмкін. Адамдар саналы немесе бейсаналы түрде осылай өзін алдайды. "Айта берейін, болса болар, болмаса қояр" деген сияқты оймен.

Бірақ кейде жай қайталаймын деп, адам осы бағытқа қарай қозғала бастайды. "Жақсы айлықты жұмыс" деп күнде айтып жүріп,  жарнамаларды көзі шалады, естіп қалған әңгімелер есіне түседі дегендей. Өз әрекетінің арқасында ойындағы жұмысты тауып алған соң, "аффирмация айтып таптым!" деп таңғалуы мүмкін.

Бір сөзбен, тек "айта берсем - айға да жетем" деп жату нәтижеге әкелмейді. Әрекет керек. Аффирмация -сыртқы стимулятор. Нәтижеге кепіл бола алмайды.

Анар Есен
психолог 
 
anar_yessen инстаграм парақшасынан
 
 

1569 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз