Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 04 Желтоқсан, 2020

Кітабы жоқ ақын

Оқырманға түсінікті болу үшін ойымды 2015 жылы Жаңақорған ауданына алғаш қызметке келген кезеңдегі естеліктен бастауды жөн көрдім.

 Әдеттегіше, кешкілік жұмыстан кейін мерзімді баспасөзге шолу жасап отырғанмын. Кенет «Қазақ әдебиеті» газетінен қырық жылға жуық ұстаз болған жаңақорғандық ақын Тұрар Сүлейменов туралы профессор-ғалым, жазушы Құлбек Ергөбектің «Кітабы жоқ ақын» атты мақаласын көзім шалып қалды. Алдымдағы ыстық асты ысырып қойдым да бастан-аяқ оқып шықтым. Жазушының қаламы ұшқыр екенін жақсы білемін, бір сөйлесе, түбін түсіре, жеріне жете сөйлейтін әдеті мені қатты әсерге бөлеп тастады. Мына мақаласы да менің мойныма бұғанақ түсіргендей қобалжытып қойды. Демнің арасында дімкәс адамдай дал күйге түстім. Ойыма қазақтың Қадыры жырлаған «Талантты қадірлейік тірісінде» деген өлең орала кетті.

«Қалдырмай ескерусіз бір ісін де,

Талантты бағалаңдар тірісінде!

Кейде біз ондайлардың жасы түгіл,

Келеміз қадірлемей ірісін де!

Не керек майдасың ба, ірісің бе?

Жақсының зая қылмай бір ісін де,

Өлгенін, жерленгенін күтіп жүрмей,

Талантты қастерлейік тірісінде», – деген жолдарын жатқа білетінмін, ішімнен бір қайталап алдым. Сосын Тұрар ағамның талантын мойындағандай тарланбоз көңіл толқи түсті. Ойды ой қуып жатыр. Туасы, талант деген ескі рим сөзі ғой. Таза алтыннан құйылған, су астына жүз жыл тастасаң да тат баспайтын ақша бірлігі дегенді білдіреді. Демек әрбір талант - қайталанбас дара дарын иесі. Мұндай мықты ақын болса бұлай бей-жай қарау әркімге де әбестік. Оның үстіне заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың “ақынды шындап түсінгің келсе, туған жерін барып көр” – деген қағидасын алдыға тартқым бар. Түптеп келгенде, сөздің тоқетері әкім ақынды іздесе несі айып, ал, оның кітабы жоқ болса жарыққа шығаруды қолға алайын деп өзіме серт бердім.

Ертесіне Талап стансасына тарттым. Жол шіркін ойды жетелегіш ғой, төңірегімді неше түрлі қиял қаумалап, көз алдыма ерекше есім елестейді. Тұрар Сүлейменов... Құлбектің қаламның құрышын қандырып жазғаны тегін болмады, жұмбақ жансарайына үңіле қарағанда болмысы бөлек, жаратылысы жалқы, қалаулы жан болғаны да. Мен бұрын оны қалай танымағанмын. Өзі ҚазМУ-дың филиологиясын тәмәмдаған екен, бір оқу орнында оқыппыз. Олай болса, Алатаудың баурайында арқалы ақынның талай арманы қалған десейші.

Е тарланым-ай, Алматының кең көшелерінде сайрап жатқан талай ізіңді танымай өткен шығармыз. Оқасы жоқ, әлі де болса кеш емес. Үлгереміз.

Философтар «Демократияның ең басты заңы – адам бойында бұғып жатқан қабілеттердің жан-жақты барынша ашылуы үшін жағдай жасау, адам жанын азат ету» дейді. Поэзия дегеніміздің өзі адам мен табиғаттың арасындағы гармониялық байланысты іздей отырып, оқырман күтпеген ой айту, сол арқылы оның жүрегінде жаңа бір сезімнің шырағын жағу емес пе? Ендеше менің дұрыс жол таңдағаным ғой, ақынға сәлем беру ақылдының ісі.

Тұрар ағам бойшаң, дене тұрқында пышақтың қырындай артық сылым еті жоқ, бабындағы спортшыға ұқсайды. Жүзінен жылылық есіліп тұр. Әзілге де жақындау секілді. Ал, ақын екені анық. Бірақ ол бірден беріле кетпей: «Ой, оңашада ішкі дүниемді қағазға түсіріп жүргенім болмаса...»,- деп шегіншектей берді.

–Қолжазбаңызды маған берсеңіз, оқып шығайын.

–Шамалы реттеп алайын, сосын...

Ол үш күннен кейін кабинетке келді. Қолында бір бума қағаз. Имене келіп, алдыма отырды. Биязы, ақжарқын адам екені көрініп тұр. Ақынмын деп асау бұлақтай арқыраған жоқ, менмендікке салынып мақтанғанын да байқаған емеспін, мектеп директоры ретіндегі шаруамен келгендей үзік-үзік үн қатып қояды. Өзі 27 жыл Бесарық стансасындағы №247 мектепті, 3 жыл Талап бекетіндегі №254 мектепті басқарған директор болса да сынақ тапсыруға келген оқушыдай отыр. Естуімше, сері болған серке азамат. Оны мынадан-ақ аңғарамыз.

Кеңестік кезеңде институт бітірген түлекті екі жыл жолдамамен одақтың әрбір қиырына жіберіп, тәжірибе алмасатын дәстүр болған. Сол дәстүрмен Орынбордың қазақ қызы Бәтима Бақаева Жаңақорғанға келеді. Қазақшаға шорқақтау, мінезі тіктеу аруға Тұрекеңнің аңсары аумай ма, ары-бері жігітшілік жасап көрсе иіле кететіндей қыз емес. Содан қыр соңынан қалмай, бәйек болған ғой. Бұл әрекетіне де бетін бұра қоймайды. Амалы таусылған ақын өлең жазуды бастайды. Біреу, екеу, үшеу... өлең бірінен соң бірі арналып жатты. Осыдан кейін қыз жүрегі елжіреп, сүйіспеншілік сезімін білдіріп, келісімін берген екен. Қазақы дәстүрмен Бәтима ақ босаға аттап, Сүлейменовтер әулетіне бақ болып қонды. Мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп, өмірге 2 ұл, 3 қыз әкелді. Әттең, жарық дүниемен ерте қоштасты. Бұл ақын жанына ауыр тиді, жаралы жүрек жар бермеді, өзі жер-көкке сыймай, құлазыды. Сонда ол кеудені кернеген ащы өксігін:

Озғалы өзің өмірден,

Көңілім менің мұң-нала.

Мүжгілеп ойды кемірген,

Жұбатар мені кім ғана?! – деп жыр жолдарымен жеткізді.

Біз екеуара ұзақ әңгімелестік. Екі дос секілдіміз. Бүкпесіз ой ақтарылып жатыр. Ештеңе жасырылмай, шын пейілдің пікірлері ортамызда орам-орам болып төгілуде. Ол да қысылмады, мен де ашығын айттым.

Негізінен әкесі Сүлеймен төрт әйел алған. Тұрар төртіншіден. Артында екі інісі бар. Абдолласы Қазақ телевизиясының қайраткері, қарымды қаламгер еді. Ал, Әбжаппары мұғалім. Шынтуайтына келгенде, Тұрар қойшы ауылдың, жесір әйелдің баласы.

Енді екінші жағы бар. Тұрар аға арқалы ақын Жүсіп Қыдыровпен туған бөле. Кәдімгі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі. Жалпы, Жүсіп жаңақорғандықтар үшін мақтаулы жан. Бүгінде Бесарық ауылдық округіндегі №54 орта мектеп сол кісінің есімімен аталады. Сонымен тегін тарқатсам талант тұнбасы тұнған, жырдан жырақ кетуге жібермес биологиялық байланыс бары рас. Демек, әдебиетке әуес болатындай таланттының терең тамырына байланған екен.

Сол Жүсіп Қыдыровқа тағылымды ой тарқатқан әдебиеттің абызы Әбіш Кекілбаев: «Таңғы сәттің» лирикалық геройы – кең әлемге кергімей, елегізіп, елеңдеп қарайтын, жан дүниесі таңғы ауадай тап-таза, адал көріп, адал сөйлейтін абзал мінездің адамы. Ол дүниедегі көп құбылыс, көп жәйтті дұрыс көріп, дұрыс ұғады. Көргені мен ұққанын еш бүкпесіз ортаға алады. Оның ойлары адалдығымен, тап-таза пәктігімен ұнайды. Оның көп ойы құлақ естіп, көкірек болжамаған жаңалық емес. Көп ретте ойыңа кіріп шықпаған соныны айтқанымен емес, сенің де көкірегіңде көптен жүргенді дөп басқанымен ұнайды» дегені қандай баға!

Өмірінің соңғы сәттерінде жалынды ақын Жұмекен Нәжімеденов ауруханадан шығып, жүрекке өте қатаң режим сақтап жүр екен. Ұдайы дәрігерлердің бақылауында болады. Жағдайы ауыр бола тұрып, Жазушылар Одағына ақын Жүсіп Қыдыровты ақтық сапарға шығарып салуға келіпті. Замандасының қаралы рәсімін көру – оңай соқпасы белгілі. Онда жүру – қауіпті, әрине. Әбу ақсақал ма, әлде басқа жанашырлар ма, қояр да қоймай үйіне қайтарып жіберіпті. Міне, талантқа құрмет деген осы ғой.

Ал, мұзбалақ ақын Мұқағали ше, «Жүсіп – біздің жас поэзиямыздың ауыр батареясының жауынгерлерінің бірі. Оның туындыларының түрі де, арқалаған жүгі де ауыр, өзі де ауыр қозғалады. Ол халқымыздың бүгіні мен болашағына, өткеніне зер салып, өзінше жырлап, өзінше ойланады. Бабадан қалған құмыраның сынықтарын құрап, халқының қажетіне жарарлық бұйым жасап шығаруға талпынады. Жүсіпті өз замандастарының тірлік-харакеті, дәуірдің, Жер деп аталатын үлкен планетаның тағдыры ойландырады» деген еді ғой. Сол Мұқағали Мақатаев ақындықтың ауылына аңсары ауған Тұрарға да тілек айтқан екен: «Тұрар, талант келіп, кетпей тұрып қалсын» деп.

Тұрар аға туралы естелік жазбаның сәл-пәл кідіргенін де кей көңілдер жақтырмай тұрғаны аян. Десек те бірер сұраққа жауап алғанды жөн санап, бастырмалата сауал қойып жатырмын.

–Аға, ақындық азап па, әлде ғажап па?

–Азабы – беймезгіл уақыт демейді, сені сүйрелеп, жазу үстеліне отырғызады. Ғажабы – іштегі мұң мен шерді, шаттық пен қуанышты шығарып, жеңілдейсің. Ой-арманды ойланбай, еркіңше пайдалана аласың.

–Лирикадан алыс кетпеудің сыры неде?

–Сезім мен сүйсіну бойында жаны бар адамның бәрінде болатын жағдай. Ол кәрі-жас демейді. Адам өлгенде ғана өзімен бірге кететін қуат, ықылас, ынтықтық ағзаның бір бөлшегі секілді. «Пәленшенің келіні аяқ-қолы балғадай екен» дейтін әженің әсерге бөленген сөзінің өзі сезімнің сыйы. Сондықтан сезімсіз адам болмайды, бірақ оны көпшілік құпия ұстайды, тек ақындар ғана ашып жазады.

–Балалардан сізге тартқаны бар ма?

– Дегенде әр баланың өз несібесі бар. Мен ат қоюға шебермін. Айталық, ұлдарым Сауықбек, Сайранбек болса, қыздарым Гүлзира, Гүлмира, Гүлнәзира аталады. Ал, немерелерім Думанбек, Ақжол, Ильяс, Қасымжомарт, Назарбай. Осының ішінде шығармашылыққа жақындауы Ильясым.

Біздің қысқа сұхбат осымен аяқталды да ол есіктен шығуға аяңдады. Әлі тепсе темір үзетін жігіт секілді жеңіл қозғалып барады.

Кешке қолжазбаны құшақтап үйге келемін. Құдды қолтығымда саф алтын бардай қысып ұстағанмын. Бәлкім рухани байлықты солай бекем ұстау қажет шығар. Өйткені ондай шабыт, ондай байлық екінің біріне берілмейтін бақ, ондай асқақ адамды төбеге қоюымыз керек.

Ақын Иосиф Бродский “Бірден де төмен” атты әдеби эссесінде поэзияның ерекшелігі туралы айта келіп, “ақынның өмірін оның өмірбаянынан емес, өлең жолдарынан іздеу керек”деген екен. Сол айтпақшы, қолжазбаны бүге-шүгесіне дейін қарап, өлеңдердің мән-маңызын, тақырыбын талғам деңгейінен таразылағандай болдым. Керемет. Менмін деген ақынның шығармашылығынан бір мысқал кем емес. Өлеңнің көпшілігі жеке азаматтарға арнау үлгісінде берілген. Бір қызығы, суретшінің контраст бояуындай дәл әрі нақты бейнелеу бар. Мұндай сөз мергені маған өте ұнады. Әсіресе, лирика сарынына жатық екен. Ал, лириканың бір ерекшелігін сағынышты басатын сырлас сезім деген дұрыс. Өйткені ішкі сырды сыртқа жәй сөзбен емес, өлеңмен өрнектеп ұсыну үлкен өнер.

Адам өмірге келген соң кейде жабырқайды, кейде мұңаяды, кейде қуанышы қойнына сыймай, шаттанады. Осындай алай-дүлей күйде отырып, терең толғанысқа түседі, шабыттанып та кетеді. Өлең де іштен шыққан қарадомалақ бір бала ғой, алпыс екі тамырын толғатып барып туындайды. Бұл орайда Тұрар Сүлейменовтың таңдаған тақырыбында махаббат лирикасы басымдау, күш-жігеріне ғашықтық, ынтық сезімді ұялатып, образды ойлы көзбен айшықтайды. Сондықтан сөз бен сөйлем үйлесімі әркез сәтті шығып отырған. Мысалы Қасым Аманжоловтың ізімен жазылған «Өзім жайлы» өлеңін алсақ:

Айтсам мен өз жайымды,

Өзгелердей пендемін.

Сөйлер сөзім пайымды,

Жоқ демеспін менде мін.

Жақындамай күнәға,

Батпай кімдер қалды екен.

Осы өмірде сірә, да,

Мінсіз адам бар ма екен?

Бар адамнан табылар,

Іздер болсаң мін деген.

Мен адаммын ары бар,

Кезім жоқ жұртты күндеген.

Адамдықты жоғалтпау,

Жаратқан соң адам қып.

Ала жіпті жоқ аттау,

Айтар сөзім адалдық,, – деп өмірдің өзін новеллаға жетелеп жазған, жетеріне жеткізіп жазғаны нағыз ұтқырлық.

Жаңақорғанда жүріп «Жұлдыз» журналының, мерзімді баспасөздің тұрақты авторы болған, ауылдың жұпар иісі аңқыған балауса жырларымен оқырманын баураған ақынның аңғал, ағыл-тегіл көңілі әрбір иірімнен табылады. Өлең сонысымен өміршең, қарапайым тілдік құнарымен қайран қалдырады.

Ақиық ақын Қадыр Мырза Әлінің бір сұңғыла, сұңғат сөзін осы арада сабақтауға тура келеді. Ол: «Басқаларын айтып жатпағанның өзінде, жақсы ақынның бойында негізгі-негізгі екі қасиет болуға тиіс. Оның бірі – іздену. Ал ізденген адам ауылдан біраз ұзап кетеді. Кейде, тіпті, адасады. Екінші – араға әжептәуір жылдар салып ауыз әдебиеті атты ақ әженің ыстық құшағына, қазақы қара домбыраға қайта оралу» дейді. Шынында солай ғой, Тұрар аға ізденімпаздығымен ойы іргелі, ауызша әдебиеттен сусындаған жансарай диапазоны кеңдігімен керемет. Оның шығармашылығы сонысымен шынайы тұр.

Тұрекеңнің еңбек зейнетіне жасы жетіп қалған тұста көкейдегі көп арманның бірі орындалатын болды. Ауыл адамдары сұрап, директор демеп жүрген мәселесі – «Талап» стансасындағы №254 мектеп ғимаратын жаңадан салу жоспарланды. Жоба жарияланып, мердігер компания таңдалып, құрылыс жұмыстарына қызу кіріскенде директордың тұрпатына әр кірді, оның балаша қуанғаны соншалық, істің барысын өзі қадағалауға алды. Ауылдың ажарына айналған мектеп үшін ол барлық шаруасын ысырып тастады. Баланың болашағын ойлап, заманға сай жаңашыл үрдісте тәрбиелеуді алға тартып, сол мақсат үшін үлкендік жолын үлгі етті. Елді мекенде электр қуаты әлсіз еді, шапқылап темір жол бойынан электр желісін тартуға да араласты. Ең бастысы, құрылыс сапалы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Тек өкініштісі сол кезде Алматыда ауруханада жатқан Тұрар аға жаңа мектептің ашылу салтанатына қатыса алмады.

Ал, енді ақынның кітабына қайта оралайын. Сәл шегініс, мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков «Арқас» сөзін сөздік қорымызға қосып кетті. Бұл көне түрік тілінде қамқорлық дегенді білдіреді. Сол кісі айтқандай, ағаға арқас ниет керек болды. Себебі «Кітабы жоқ ақын» тұғын.

Ағамыз болашақ кітап атауын «Өлең шіркін – өсекші» деп қойған екен, бұл бізге ұнай қоймады. Енді қандай атау жарасымды? Осыны ойластыруға Қазақстан Журналистер академиясы сыйлығының иегері, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, жалынды журналист, ақын, белгілі баспагер Құлтас Достанмен кеңестім.

Құлтас кітапты баспаға әзірлеуді ұйымдастырушы жауапты кісі, сол жағынан да менің негізгі ақыл қосарым болды. Екеуміздің кеңесуімізден кейін кітаптың аты «Жүрекке жетсе жыр-өлең» болып өзгерді. Ендігі мақсат демеуші тауып, қаржы мәселесін шешу қалды. Оның да орайы келді, ауданнан демеуші де табылды.

Біз Алматыдағы «ARNA-B» баспасына кітапты бастыруға тапсырдық. Кітап көп уақыт ұзамай дайындалды. Бірақ осы кезде мен қызмет ауыстырып, облысқа кеттім. Тұрекеңе жағдайды жеткізіп, амандықта жүздесейік деп тілегімді айттым. Бір апта өтпестен ағамыз облысқа келіп, қолтаңбасын қалдырған кітапты сыйға тартты. Ол кітап менің бағалы бұйымым ретінде төрде тұр. Осы кездесу соңғы сәтіміз екенін ол кезде қайдан білейін. Пендеміз ғой, сәуегей болсақ бәрі басқаша өрбитін еді...

Тырнақалды туынды Тұрар ағамның қолына тиген соң қуаныштан ба білмедім, тебіреніске толы толғанысқа түскен секілді. Қолынан тастамай, жүрек тұсына жапсыра ұстап, жатса-тұрса да парақтап, ішінен ішкі сырын бір-бір қайталап, біршама уақыт қызығы басылмай жүрсе керек.

«Ауру бір айналдырса шыр айналдырады» дегендей ғой, арада үш ай өткенде ақыры ажал ағамызды арамыздан алып кетті. Бұл қаралы хабар маған да жетті. Қатты қайғырдым, қабырғам қайысты. Амал нешік, тағдырдың ісі осылай еткен шығар, ақынмен ақырғы кездесуім көз алдыма келді, ойға оралды.

Оның маған риясыз ризашылығын шын көңілден жеткізгені, бұл кітап бір баламдай ыстық дегені сірә ұмытыла ма? Қайран өмір-ай, бір арқалы ақынымыз арамыздан ажырап, осылай мәңгілік мекеніне аттанғанын қимастық сезімім қия алмай жүрді. Дегенмен тірі адам тіршілігін жасайды, біз тілеулес бауыр ретінде артында алтын асықтай ұрпағымен өшпес із, ұлтқа қажет рухани мұра қалдырғанына шүкіршілік етеміз.

Қазақтың «тірінің қадірін біл, өлгеннің қабірін біл» деген тәмсілі ақиқат-ақ сөз. Мен бір қызметтің соңын қумай, Тұрар ағаның тірісінде қадірін білуге тырысқанымды інілік ізетім деп білемін. Өмірдің сәні де, мәні де сыйластық, құрмет, қамқорлықтан құралады. Бізді байланыстырған сол сыйластық, құрмет еді. Ең бастысы, ақынның кітабы шықты, арманы орындалды.

Ендігі айтарым: Бақұл бол ақын аға, жаның жәннатта болсыншы!

Руслан Рүстемов, Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының әкімі

956 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз