Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 05 Желтоқсан, 2020

Дұрысы қайсы: «Тудым» мен «Туылдымды» тағы талдасақ...

Аты-жөнін көрсетіп әйгілеп жатудың қажеті шамалы, әйтеуір оңтүстік жақтан бір қарындасымыз әлеуметтік желіге былай жазыпты:

«ТУЫЛДЫМ» МЕН «ТУДЫМДЫ» ТАҒЫ ТЕРЕҢ ТАЛДАЙЫҚ!! Менің бұл - екінші нұсқамам!!

«Туылғанмын» деген сөз – өткен шақтағы етістік түрі.

Ал, «ТУДЫМ»ДЕГЕН СӨЗ – АУЫСПАЛЫ ОСЫ ШАҚТАҒЫ ЕТІСТІК ТҮРІ.

«Туған күн» даталы сөз болғандықтан, сол күні туғандығын паш етіп «тырнақшада» жазылуы тиіс те, ал «туылдым» дегенді тырнақшаға алудың қажеті жоқ, себебі –

өткен шақты баяндап тұр.

Сіздер, қалай қарайсыздар, тіл мамандары!»

Біз ештене қоспай, сол қалпы көшіріп қойдық. Тіпті, «нұсқамам» дегенін жөндемедік. «Нұсқа» мен «нұсқауды» естіп өскен қасқа едік, «нұсқама» дегенді де біліп жатырмыз. Сонау оңтүстіктен әзірге аты ауыл-аймағына танымал әлдекімнен осындай «нұсқама» келіп жатыр, қамдана бер қалың қазақ!

Бұдан былай «туған күн» деген тіркесті тырнақшаға алуға тиіс көрінеміз. «Нұсқамада» солай. Айтпақшы, екінші «нұсқамада». Біріншісінде не болғанын естімей қалыппыз. Айыптымыз.

Енді осы «нұсқаманы» әлгі қарындастың құрбысы қалай қоштайды, танысып алайық. Оның ныспысы әлеуметтік желіде онсыз да бүркемеленген екен, көрсетіп әуре болудың қажеті шамалы:

«Туылдым о сенің туылғаныңды білдіреді, ал тудым ол сенің нәрестелі болғаның. Мысалға: мен алтыншы роддомда туылдым, мен алтыншы роддомда тудым. Қалай есітіледі, қазіргі кезде, туған күнім дейміз, ол дұрыс емес, мен нәрестелі болған күнім деген мағына беріп тұрғандай, менің туылған күнім дұрыс мағына беріп тұрады.»

Сосын ойланып қалса керек, былай деп жазады:

«Мен тіл маманы емеспін, бұл өзімнің пікірім.

Сәлден соң тағы ойланып, бастапқы пікіріне оралып, оны бекемдей түседі:

«Мысал: Мен туылдым оқпындатқан боранда, мен тудым оқпындатқан боранда. Қайсысы қандай мағына беріп тұр. Ал тырнақшаға келетін болсақ, оқығанда тырнақша барма жоқпа белгісіз болып қалады.» (Сұраулы сөйлемнің тыныс белгісін, шылаудың бөлек жазылатынын білмейтін жазу нұсқасы сол қалпы сақталды).

Құрбысының қойырытпағы осымен тыныпты. Тәубе. Соның өзінде талай нәрсені лайлап үлгерген. Біздің балалық шақтан бері тамсана оқып, жатқа білетін өлеңімізді белінен бір таптап өткен. Қазақ әдебиетінде Ізтай Мәмбетов деген айтулы ақын өткен. Оның «Мен туыппын ақпандатқан боранда» деген ғажап өлеңі болған. Әлі күнге жатқа білеміз. Тек бас-аяғын келтіріп өтелік:

«Мен туыппын ақпандатқан боранда

Кім біледі, бәлкім, әлде содан ба?!

Алақұйын мінезім бар ашулы,

Қапелімде басылам ба, болам ба?!...

...Сүйе алмадың кей ашуды кешіре,

Қоштас күліп, қамығасың несіне.

Бұрқ-сарқ еткен ақ боранды күн болса,

Алғайсың тек сонда мені есіңе.»

«Туылдым» емес, «туыппын» деген Ізтай. «Оқпандатқан» емес «ақпандатқан» боранда туыпты. Қазақ тілінде «оқпан» деген сөз жерге қазылған немесе темірден соғылған қуысты білдіреді. Шахталарға ауа беретін немесе мылтықтан оқ шығатын тесік осылай «оқпан» аталады. Баламасы – «ұңғы» деген сөз. Боран болса мына қыздар тұратын оңтүстікте «оқпандатпаса», қазақ даласының басқа аймақтарында қыс бойы ақпандатып жатады.

Хош, бұл да жол-жөнекейдегі мәселе. Бастысы – қазақ тіліне кейінгі жылдары зорлықпен еніп келе жатқан «туылды» туралы.

Өзіміздің оқпанымызды кеземес бұрын зеңбіректі іске қосалық. Біздің жүгінеріміз баяғы Мұқтар Мағауин асылымыз:

«Туылған!.. Қазақ тілінің табиғатына жат, түйеден түскен емес, жер астынан жарып шыққандай, сұмпайы, сөлекет сөз. Заманымыздың заңғар тұлғасы, әлемге әйгілі ұлы ақынымыз Мүнхаузен пәленбайыншы жылы туылған. Ол туылған, мен туылғам, сен туылғансың!.. Сұмдық қой. Тіл бұзу ғана емес, түйте-долаң сауатсыздық көрінісі. Арыдағы мың жылдық эпостарымызды айтпайық, қазақ әдеби нұсқалары таңбаға түскен соңғы екі ғасыр бойы... Абай... Шәкерім... Мұхтар Әуезов... Мысал келтіріп, дәлелдеп жатудың өзі артық болар еді. «Туғанда дүние есігін ашады өлең...». «Бар – қартаймақ, жоқ – тумақ, туған – өлмек...». «Анадан алғаш туғанда – Жыладым неге дауыстап...» «Мен 1897 жылы... Шыңғыстауда тудым». Қалыптасқан ауызекі тіліміз тұрыпты, арғы-бергі жазба нұсқалардың өзінен мың сан мысал келтіруге болады. Сөз білетін, жөн білетін ағайындар кейіспен, ренішпен жазып та жатты. «Туылған» бейбақ кең дүниеге жаңа келген, шамасы бұдан бес-алты жыл бұрын. Одан кейін және дәп бүгінгі күні. Ешқандай нәтиже шықпады. «Туылған» жұрттың берік сенім, нақты дәлелі бар. Қалай айтсаңыз да бұрынғы қазақ білмеген, жазарман атаулы жаңылысқан. Бала өз еркімен, өзінен өзі тумайды ғой! Туылады! Анасы туады. Міне, керемет. Мал – ұрғашы мал ғана туады. Әйел – табады. Бұрынғының анасы. Бес бала тапқан, он бала тапқан. Қазір де жалғыз-жарым баласын. Басқасын жиып қойғанда, өткен замандарда ешкім олай айтқан жоқ, олай жазған жоқ. Дәп осы арада ешқандай қисыны келмейтін ырықсыз етіс емес, қазақ тілінің грамматикалық ішкі заңдылықтарына сәйкес қалыптанған есімше сөз. Бұрнағы берік тұрғы, кейінгі ақылға сыйымды лепес атаулыны жиып қойдық. Жағалай «туылып» жатыр. Жекелеген қолданыстан озып, жаппай қатарға енді. Қазіргі қазақ сайттарының бәрі дерлік, ағымдағы баспасөздің көпшілігі, тіпті, кейбір, әжептәуір саналатын жазушылардың өзі тынымсыз «туылуға» көшкен. Ақыры, егемен еліңнің шекарасынан өтіп кетті. Бұл жақтағы алаштың жақсысын танымай, жаманын қасиет тұтатын қытай қазақтарына барып жетті, және мен қадағалап отыратын сайттарында жаппай қолданысқа түсті. «Туылғанға» дауа жоқ екен. Ендеше, келесі саты – «өлінген!». Адам әдетте өз ырқымен өлмейді ғой. Ауру-сырқау ма, көлденең пәле, немесе аштық пен кәрілік пе – «өлінеді!». Абай: «Адам жылап туады, кейіп өледі» – деп еді, Шәкерім қажы: «Туған жан өлмек, – Тағдырға көнбек!» – деген, ал күні кешегі Қасым: «О дариға, алтын бесік туған жер!.. Сенде тудым, сенде өстім мен, сенде өлсем, – Арманым жоқ бұл дүниеде дер едім...» – мүлде қате: «...Жылап туылады, кейіп өлінеді», «Туылған жан өлінбек», «Туылған жер... Сенде туылдым, сенде өлінсем...» – деп айтулары шарт екен. Уақа емес, келесі бір басылымдарда түзетеміз! Ендеше, бүгінгі білікті қаламгер тіршілігінде, яғни өлінгенге дейін өзінің бар жазуына ие болуы керек. Оның ішінде біз де. Кейбір жеке басылымдарда, тіпті, ғұзырлы редактор ғана емес, еркін ойлы, білгір корректорлар сөйлеміңді оңдап, сөздеріңді түзетіп жатыр, осы ретпен сен де бір күні «туылып» шығуың әбден мүмкін. «Туылған» жанның «өлінбегі» хақ болса, әзірге жаңаша түрленбей тұрған «тіршілігіңде» шамаң келсе, қаптай «туылған» сөз жендеттерінен сақтанып, бар жазуыңды қызғыштай қорып отыру қажет сияқты. Жалғыз біз емес, жазатын, жазбайтын, әйтеуір шәлдіріксіз, түзу сөйлей алатын, басы тұнық барлық жұртқа қатысты лепес.

Сонымен, қыжыртпай айтсақ, «туылған» – тіл мәдениетінің айна-қатесіз жаңа бір өлшемі: «туылған» жүрген жерде сауат та, түйсік те жоқ, қара қасқа надандық қана бар. Ең сыпайы сөзіміз деп біліңіз.»

Мұқаң сыпайылап сипаттаған қара қасқа надандықтың белгісі «туылған» туралы енді өз ойымызды қоса кетелік.

«Туылған» деп жасанды сөз шығару – бүкіл қазақ әдебиетін, тілін құртудың қадамы. Бұл аждаһа бірден-ақ сауық кештерінде, сахнада айтылатын «Сен туған күн, мерекеміз, Ән бастайық, кел екеуміз» дейтін Шахановты Шәмшімен қоса құрдымға аттандырмақ. «Мен туыппын ақпандатқан боранда» деген Ізтайды мана із-түссіз қылғанын көрдік.

Боранда туғанның және бірі Жамбылды да жоқ ету керек екен.

«Қақаған қар аралас соғып боран,

Ел үрей, көк найзалы жау торыған.

Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын,

Жамбыл деп қойылыпты атым сонан.»

Ғылымға «жаңалық» еңгізіп жатқан екі қарындас үшін жаза кетелік, Байғара, Жамбыл, Хан – таудың аттары. Былтыр ғана Жәкеңнің мерейтойы кезінде тура осы өлеңіне телевизиялық бейнебаян түсіргенбіз, сонда «туыппын» деп жазып, оқытқанымыз үшін біздің басымыз да дауға ілінбек енді. Қара басқан жерімізді қарашы.

Абай, Шәкерім, Мұхтар, Қасымның басына осы бір сөз арқылы қалай қара бұлт үйіргенін Мұхаң әлгінде қозғап өтті.

Тұманбай да тапталмақ. «Алатаудың етегінде туыпсың, Ақ жүзіңді тау суына жуыпсың» дегені үшін жазықты.

Тағы бір Молдағалиев сызылмақ. Жұбан. Анау-мынау емес, КСРО Мемлекеттік сыйлығын алып еді, қайтерсің. «Туады ерлер ел үшін»... немесе «мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» дейді. «Туылады ерлер» мен «мың өлініп» десе, сау басына сақина тілемес еді.

Жақанов та жайпалып қалды. «Ақпан» мен «оқпан» арасында адасқан Оңтүстіктің қыздары үшін түсінікті етіп жазайық, Шаханов емес, Жақанов. Ілия деген ағамыз. «Ай туып, жұлдыздар жанғанда, Қол создым көктегі арманға» деп жазып, әндеткені үшін. «Ай туылып» десе репрессиядан аман қалар ма еді, қайран ағамыз!

Сонымен айтпағымыз не, ағайын? «Туылғанды» түріп қуып шығу керек. Онсыз бүкіл қазақ әдебиеті құрдымға кетпек.

 

Қайнар Олжай

 

1801 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз