Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Өзекті
  • 24 Желтоқсан, 2020

Ұлы даланың ұлы мұрасы

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында «Дала фольклоры антологиясы» онтомдығының, «Ұлы даланың көне сарындары» үштомдығының  екінші томының және «Ежелгі дәуір әдебиеті антологиясы» бестомдығының екінші және үшінші томдарының тұсаукесер рәсімі өтті. Жинақтарды шығару жұмысы  ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында қолға алынған. Салтанатты іс-шараға жобаның құрастырушылары, ғалымдар, редакторлар мен әдеби сарапшылар, БАҚ өкілдері қатысты.    

«Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасының басты мақсаты – ұлы даланың ежелгі заманнан бергі жазба мұралары мен әдеби жәдігерлерін жинақтау, жүйелеу, зерттеу, жас ұрпақ назарына ұсыну, түркі халықтарына ортақ ежелгі және орта ғасыр әдеби ескерткіштерін барынша толық жарыққа шығару.  Жиынды ашқан М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған басты міндеттерге тоқталып, «Дала фольклоры мен музыкасының 1000 жылы» жобасы аясында «Дала фольклорының антологиясы» мен «Ұлы даланың көне сарындары» көптомдықтарын жасау жөніндегі тапсырманы институт қызметкерлері үлкен жауапкершілікпен орындағанын атап өтті. «Бұл жинақтар – халықпен бірге жасасып келе жатқан үлкен мәдени қазына, тарихи тағылымға толы рухани мұра. Мұнда ұлттың дүниетанымы, философиясы, этикасы, эстетикасы, тарихы айшықты да анық көрініс тапқан. Бұрынғы дәстүрлі қоғамда әдебиет пен өнер тәрбиенің, педагогиканың қызметін атқарды. Жаңа жобаның жаңалығы көп, басылымдар заманауи форматта электронды құралдарға көшіріп алып пайдалануға қолайлы QR кодпен, CD дискпен бірге жарыққа шықты» дей келе, К.Матыжанов жинақтардың ерекшелігін атап өтті. Көптомдықтарды әзірлеу жұмысына Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының ұстаз-оқытушылары, еліміздің әр өңіріндегі дәстүрлі өнер мектептерінің жыршы-орындаушылары тартылған. Жинақтарды баспаға институттың ғалым-мамандарынан жасақталған арнайы шығармашылық топ дайындады және олардың жұмысына институттың Ғылыми кеңесі басшылық жасады. Басылымдарға белгілі отандық ғалымдармен қатар алыс-жақын шетелдік сарапшылар пікір жазған.

Жиында алдымен таныстырылған «Ежелгі дәуір әдебиетінің антологиясының» екінші және үшінші томдары жөнінде жоба жетекшісі, институттың Ежелгі дәуір әдебиеті және түркітану бөлімінің меңгерушісі  Төрәлі Қыдыр қысқаша айтып өтті. «2019 жылы жарық көрген антологияның бірінші томына Исламға дейінгі әдеби жәдігерлер қамтылса, екінші томына Қарахандықтар дәуірінде жазылған әдеби жәдігерлер енді. Екінші томның алғашқы жәдігері ретінде осы жылы 1150 жылдық мерейтойы аталып өткен Әбу Нәсір әл-Фарабидің «Сөз өнері», «Ақындардың өлең жазу өнерінің қағидалары туралы» атты поэтикалық еңбектерімен бірге «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты туындысынан үзінділер берілді. Осы дәуірде өмір сүрген Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат әт-түрк», Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» және Ахмет Жүйнекидің «Ақиқат сыйы» атты еңбектері де осы томға енгізілді. Түркі даласында кемелдік ұстындарын насихаттаған Қожа Ахмет Иасауидің «Диуани хикмет», «Жүректердің айнасы» атты туындылар да түркі әдеби тілінен аударылып енгізілді. «Хакім ата» лақабымен танымал Сүлеймен Бақырғанидың даналық сөздері мен дастандары түпнұсқадан аударылып екінші томға енгізілді. Антологияның үшінші томына осы дәуірде жазылған діни-дидактикалық жәдігерлерді кірді. Себебі, Алтын Орда тұсында түркілік рух пен ислами құндылықтар тұтастанып, түркі мұсылман дүниетанымын қалыптастырған. Насируддин Рабғұзи, Махмұт Кердери, Хусам Кәтіп туныдыларымен бірге, осы дәуірде жазылған, бірақ авторлары белгісіз «Кесікбас кітабы», «Сиражул-қулуб» және «Китәби Әбу Ләис Самарқанди» атты шығармалар енгізілді. Оларды жете түсіну үшін кітаптың соңына діни ұғымдар мен атаулардың сөздігі берілді» дей келе, Т.Қыдыр бұл мұраның барша түркі халықтарына ортақ екенін атап айтты.  Сондықтан екі томды дайындау кезінде бауырлас түркі ағайындардың пікірлері ескерілген.

«Дала фольклорының антологиясы» онтомдығының  жауапты редакторы, «Қолжазба және текстология» ғылыми-инновация бөлімінің меңгерушісі Тоқтар Әлбеков 2019 жылы жарық көрген «Дала фольклорының антологиясы» онтомдығының алғашқы 5 томына ұлттық эпостың таңдаулы үлгілері іріктеліп, олар түпнұсқаларымен салыстырылып, текстологиялық зерттеулерден кейінгі таңдаулы нұсқалары жіберілгенін атап өтті. Биыл бұл жоба жалғасын тауып, қалған бес томы жарыққа шықты. «Антологияның алтыншы томына магиялық фольклор, кәсіпке қатысты, маусымдық ғұрып және отбасылық ғұрып фольклорының таңдаулы үлгілері топтастырылды. Ал жетінші том прозалық фольклордың ертегі жанрына арналған. Томға хайуанаттар туралы, қиял-ғажайып, батырлық, сатиралық ертегілердің таңдаулы үлгілері жинақталды. 8-томда мифтердің, хикаялардың, аңыздардың, әпсаналардың, хикаяттардың, ауызекі әңгімелердің іріктелген үлгілері берілді. 9-томға халық өлеңдерінің қара өлең, хат өлең, ән өлең, терме, толғау сияқты түрлері жинақталса, 10-томға мақал-мәтелдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, шешендік сөздер, нақылдар, өсиет және қанатты сөздер секілді шағын жанрлар топтастырылды» деді ғалым.  

Елімізде тұңғыш рет қазақтың төл музыкалық мұрасы заманауи форматта жарыққа шықты.  Бұл – «Ұлы даланың көне сарындары» антологиясы. Жиында таныстырылған осы жинақтың 2-томы «Дәуірлер көшіндегі күй сарындары» атты кіріспе мақаладан, редакция алқасының сөзінен, «Аспаптық көне сарындар» мен «Дәстүрлі күй өнері» деген бөлімдерден, ескертпелерден тұрады. Жоба жетекшісі, өнертану ғылымдарының кандидаты Айнұр Қазтуғанованың айтуынша,  антологияның шығарылуына білікті кәсіби мамандар, күйтанушы-ғалымдар, көне аспаптардың сақталуына ерекше үлес қосып жүрген жандар жұмылдырылып, домбыра күйлерінің аймақтық дәстүрлерін жалғастырған күй шеберлерінің тәжірибесі мен білімі жинақталған. «Қазақтың аспаптық музыка өкілдерінің репертуары сараланып, аға буыннан жас өнерпаздарға дейінгі аралықтағы 175-тен астам күйшінің орындаушылық нұсқалары ұсынылды. Аймақтық, тармақтық, нұсқалық түрге бөлінетін бай, әрі шексіз мұраның ішінен аспаптық музыканың 335 таңдамалы үлгісі іріктеліп алынды.   Күйшілер туралы негізгі мағлұматтар мен күйлердің аңыз әңгімелерден тұратын ғылыми-танымдық түсініктемелері қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде берілді» деді А.Қазтуғанова.

Жинақтардың тұсаукесер рәсіміне М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Фольклортану бөлімінің бас ғылыми қызметкері, ҚР ҰҒА академигі Сейіт Қасқабасов, Абай атындағы ҚазҰПУ жанындағы Н.Келімбетов атындағы Түркітану орталығының директоры Асқар Тұрғанбаев, диктор, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Сауық Жақанова, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат,   күйшілер Шәміл   Әбілтаев, Әбділхамит Райымбергенов, Саян Ақмолда,  Мұрат Әбуғазы, Динара Нұрбаева, Еуразия ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, ғылым докторы Суат Бейлур қатысты. 

Жиын барысында шетелдік сарапшы, әдебиеттанушы Мугла Сыткы Кочман университетінің профессоры Мехмет Нажи Өнал, фольклортанушы, Ресей ғылым академиясы Тарих, тіл және әдебиет институтының бас ғылыми қызметкері Роза Султангереева онлайн байланысқа шығып құттықтады.

Салтанатты іс-шарада К.Матыжанов және институт ұжымы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ұзақ жылдар басшылық қызмет атқарған көрнекті ғалым,  ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор Сейіт Асқарұлы Қасқабасовты 80 жылдық, осы институттың байырғы қызметкері, фольклортанушы ғалым Бақытжан Әзібаева мен жазушы, әдебиеттанушы ғалым Нұрдәулет Ақышты мерейтойларымен құттықтап, сый-сияпат жасады.  

 Дина ИМАМБАЕВА

1546 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз