Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 10 Қаңтар, 2021

Біздің Жөкең...  

Неге екенін қайдам, қызы "әкесі туралы естеліктер жинағын шығарам" дегенін естіген түні Жөкең (Жолдасбек Дуанабай) түсіме кіріпті. Алматы қалалық ішкі саясат басқармасы екен, сонда жолығыппыз деймін. Жолыққанда да сән салтанаты келіскен кең сарайдың есігін ашып қалғанда жарқ етіп Жөкеңнің шыға келмесі бар ма?! Сол баяғы даусын зорайта күлетін ойнақы әдетімен амандасты. Ары қарай іші кітапқа сықиып тұрған аумағы ат шаптырым залда әңгімеміз жалғасты...

Жөкеңмен «Жас алашта» таныстым. Ал бұл таныстық диплом жұмысын жазған кезімде тіпті тереңдей түсті. Өйткені, бітіру жұмысымның тақырыбы – «Жас алаш» газетіндегі Жөкең шығарушы редактор боп жүрген «Қоңырау» қосымшасының тәлім-тәрбиелік мәні. Жетекшім – Дәмегүл апай. Ол кісі тыныш отырғызбайды, кітапхана мен «Жас алаштың» ортасында жүрдім. Қазір қарап отырсам, «Қоңырау» қосымшасымен бірге Жөкеңнің журналистік һәм редакторлық қызметі туралы алғаш зерттеп жазған адамдардың бірі екенмін.

Жөкеңнің шығармашылығын зерделеген кезде жалғыз өзі бір редакцияның жүгін арқалап жүре беретіндігіне көзім анық жетті. Көп әріптесіміз біледі, кейбір орыс редакцияларында газет материалдарына тек қана тақырып қоюмен айналысатын жеке бөлімдер жұмыс істейтінін. Неге екені белгісіз, мұндай бақ қазақ редакцияларын айналып өтеді. Бәлкім, Жолдасбектер бар жерде оның шынымен де қажеті шамалы шығар. Себебі ұтқыр идея ұсыну, табан асты тапқыр, селт еткізетін ойды айтқанда аузыңды аштырып, көзіңді жұмдырып тамсандыратын Жөкеңнің ілкімдігі сұрапыл еді, көз ілестірмейтін. Атышулы «Оқи қалар оқиғалары» секілді айдарлары мен тақырыптары туралы ел жыр қылып айтады. Айтқыштығы өз алдына.

Анығын айта аламыз, Жөкең – көсемсөз жанрларының жампозы, ал ақпараттың ақтаңгері еді. Оқиғаны ойнатып, бұлтың-бұлтың жүрістегідей мың құбылтып, оқырманның іздегеніне сұрағанын тарту ете ұсына өте әсерлі етіп берудің шебері болатын. Таптаурын тіркестерден ауылын аулақ салатын сабаз сырбаз сөйлемдерін сақтықпен әрі салмақпен пайдаланады. Қызықты ақпараттарды қайдан табатынына бәрі таңданады. Жаңалыққа келгенде зырылдауық секілді бір жерде тұрақтап тұруы қиын еді. 

Ізденімпаздығы таңғалдырады, қимылы сергек, қайда көрсең де уақытпен шаппа-шап жүретін. Тынымсыз, әр әңгімесінде әзілмен қоса ғибрат бірге жүреді. Жасы үлкен болса да жастарға қолынан келген көмегі мен ақылын аямайтыны әмбеге аян. Баламінезді, сәби көңілді, періште пейілді Жөкеңдер өте аз ғой.

Қағидаты – «журналисті аяғы асырайды», қызықты оқиғалардың соңынан «із кесуді» сүйетін. Оқиғаның ортасына барып жазбаса, көңілі көншімейтін. Бір қызығы, тапқан, іздеп жүрген тақырыптарын бөліскенді жақсы көретін, қалай, қайдан тапқаны жастарға тәжірибе мен тәрбие болсын дегені болар, тақырыпқа тарлық жасаған сәтін көрмеппін. Қойын-қонышынан тың идеялар ашып қалса ақтарылып түсуші еді, шіркін!

Білім мен тәрбие саласында жазған дүниелері еліміздің рухани құндылықтарын дамытуда іргелі істерге құлшындырғаны сөзсіз. Жөкең «Қоңырау» қосымшасында тек келелі шаруаларға, тың әрі соны ақпараттарға түрен салып, қордаланған мәселелер туралы қоғамдық пікір қалыптастыруға күш салды. Әлі есімде, «Қоңырауда» бұрынғы кеңестік оқушыларды тәрбиелеудің нышанын алып, аты мен затын неге өзгертпеске деген оймен «октябрятты» – «жас жеткіншек», «пионерді» – «жас ұлан», комсомолды – жастар одағына мүшелікке қабылдау идеясын ұсынып, сол туралы мақала ұйымдастырған едік. Жастарды патриоттық тұрғыдан тәрбиелеудегі басты нышандар – ту, көк тудан шыққан галстук, төсбелгі, салтанатты жиын т.б. үздік оқитын балалар мен жасөсіпірімдердің көңіліне қаншалықты әсер ететінін сараптап жазған дүниеміз оқырманнан өзіндік бағасын алғаны белгілі. Жөкең осы секілді көптеген тәлім-тәрбиелік мәні зор мақалаларды жариялап, жаңа қалыптасып келе жатқан тәуелсіз елдің іргетасын нығайтуға аянбай еңбек сіңірді.

Жөкеңнің журналистік шеберлігі мен редакторлық менеджменті туралы енді зерттеліп жазылары анық. Менің ойымша, оның ғылыми айналымдағы өмірі енді басталады. Бізге болашақта жазу машығы динамикадан тұратын, тек еңбекпен және тынымсыз ізденіспен құндақталған Жолдасбектер керек десек, журналистика факультеттерінде ол жөнінде дипломдық жұмыстар қорғалуы тиіс. Оның тілі мен стилін, журналистік ізденісіндегі қыр-сыры, ақпаратты берудегі әдіс-тәсілдері, редакторлық қызметтегі тың ерекшеліктері ғылыми айналымға еніп, тасқа басылғаны абзал деп ойлаймын.

Бұл арда туған азамат, білікті көсемсөзгер, ажалымен де індетке сенбей жүргендерді ойландырып кеткен жаны жайсаң Жолдасбек Дуанабайдың бүгінгі туған күніндегі бір мөлтек сыр ғана. Қалғанын кейінге қалдырайын... 

P.S. Түстің стилі белгілі ғой, ат шаптырым залдан шыға бере зәулім үйге еніп кетіп, сандуғашы сайраған, бау-бақшасы жайқалған ауласына тап болыппыз. Дастарханда қаумалаған адаммен ас ішіп отырсақ, Жөкең сырғақтап бөлек отыр. Асқа қол созбайды, тамақтанбайды. Ояна кеткенде ойландым: бөлек отырғанымыз екеуіміз екі бөлек әлемдеміз ғой деп. Дегенмен, маңдайы жарқырап жүрген Жөкеңнің келбетін елестетіп, төрі жұмақтан болған екен деп жорыдым. Ол шынында ешкімнің ала жібін аттамаған, соған лайық жан еді ғой...

 Дәрмен СМАЙЫЛ,

журналист

1395 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз