Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 13 Қаңтар, 2021

Тәуелсіздік бәрінен қымбат

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласы алғашқы сөйлемдерінен-ақ халқымыздың негізгі құндылықтарын сақтауға, олардың тұғырын бекіте түсуге үндейтінін байқаймыз. Мақаланың «Бағдар мен белес» атты алғашқы бөлімі халқымыздың терең тарихынан сыр тартып, тәуелсіздігіміздің отыз жылдығын үш онжылдыққа бөле қарастырады. Тарихтағы әрбір буынның белгілі бір сынақтарды бастан кешетінін айта келіп, тәуелсіздіктің төртінші он жылдығының негізгі мақсаттарын көрсеткен. Болашақта бізді «өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып» кетуден сақтайтын дүние – төл мәдениетіміз бен салт-дәстүріміз екенін атап көрсетеді Президент.

«Таным мен тағылым» бөлімі ұлтымыздың тарихы мен оның ұрпақ санасын жаңғыртудағы орнын анықтауға бақытталады. Тәуелсіздік жылдарында тарихшыларымыз жеткен жетістіктер мен осы бағыттағы жасалған бағдарламалардың нәтижелеріне назар аударған. Президент нәтижелерге оң қабақ таныта отырып, сол еңбектердің қарапайым халыққа жеткізілуі ақсап тұрған мәселе екенін алға тартады. Сонымен қатар, терең тарихымызды ғана емес, еліміздің тәуелсіздік кезеңіндегі тарихын да зерттеп-зерделеуге шақырған. Аталған бөлімдегі тағы бір басты мәселе ретінде Президенттің отандық киногерлерді тарихи тақырыптарға көңіл бөлуге шақырғанын айтуға болады. Өйткені «Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс. Бөтен идеологияның жетегімен жүруге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді».

«Қоғам мен құндылық» бөлімінде айтылған дүниелер халық санасындағы көп сауалдарға толық әрі нақты жауап берді. Оның ең бастысы – жер мәселесі. Бұл кешегі тоқымдай жер үшін талыстай кеудесін оққа тосқан бабаларға әруағына құрмет. Президент ата-бабамыздың сонау Алтын Орда, одан арғы Сақ, Ғұн заманынан бері бұл далада өмір сүріп келе жатқанын алға тартып, «тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек» деп көршілес елдің арандатушыларының сөзіне нүкте қойған. Сонымен бірге, халықаралық деңгейде мойындалған шекарамызға ешкімнің таласа алмасын нақты жеткізеді.

Мақаланың осы бөлімінде мемлекеттік тілдің де маңызы сөз болған. Президент бұл жөнінде өз ойын: «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады», – деп түйіндейді. «Қоғам мен құндылық» бөлімі ел бірлігі туралы ойлармен түйінделген. «Түптеп келгенде, еліміздегі тұрақтылық пен береке-бірлік үшін барлығымыз

бірдей жауаптымыз», – дей келе халқымыздың ортақ құндылықтарын барынша дәріптеуге шақырады. Осы тұрғыда Наурыз мерекесін тойлаудың тұжырымдамасын жасауды шарт етіп, «бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады», – дейді Президент.

Мақаланың қорытынды бөлімі «Ұлағат пен ұстаным» деп аталады. Бұл бөлімде еліміздің болашақ қадамдары, яки ел басқарудағы жаңа реформалар мен жастар саясаты кеңінен сөз болады. Президент «саяси реформаны соза берудің жөні жоқ» дей келіп, ауыл, кенттердің әкімдерін сайламалы әдіспен тағайындалатынын атап айтты. Мұндай саяси жаңғырулар біртіндеп жүзеге аса бермек. Өйткені, «билік халықтың алдындағы өз жауапкершілігін сезінгені жөн».

Қай мемлекет, қай қоғамның да болашағы жастардың қолында. Ел – ұрпағымен көрікті һәм кемел. Ал бүгінгі таңдағы көрік пен кемелділіктің бір аты – білім. Оған бүгінгі әлемдік ғылыми жетістіктер айқын дәлел. Осы ретте Президент талантты жастарға қолдау көрсету мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындауды ұсынған. Жастарымыздың білімі мен білігі оқу орындарының еншісінде. Сондықтан Президентіміз жастарға үміт арта отырып, отандық оқу орындарының да сапасын басты назарда ұстап отыр.

Досхан Жылқыбаев,

қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы

кафедрасының оқытушысы,

PhD докторант

419 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Ақтөбе әуежайына Әлия Молдағұлованың есімі берілді
Келесі мақала Жырау музейі толықты

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *