Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 15 Қаңтар, 2021

"Отбасы банкінен" 22 мыңнан астам адам арнайы шот ашты

Өткен екі күнде 22 мыңнан астам қазақстандық Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан ақша аудару үшін «Отбасы банкінде» арнайы шот ашты. Егер адам зейнетақы жинақтарын тұрғын үй мәселесін шешуге немесе емделуге пайдаланғысы келсе, онда бұл міндетті кезең. Сонымен қатар «Отбасы банктің» салымшысы болсаңыз да осындай шот ашу керек.  Банктің баспасөз қызметі арнайы шот ашуға уақыт шектеулері жоқ деп сендірді.

Шотты ЖССБ24 мобильді қосымшасын жүктеу немесе «Отбасы Банк» сайтындағы бейнеқоңырау қызметі арқылы ашуға мүмкіндік бар. Бұл қызмет түрі дүйсенбіден сенбіге дейін сағат таңғы тоғыздан кешкі тоғызға дейін қолжетімді. «Отбасы банк» қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын арнайы шотқа аударуға толық дайын. Тек төлемдерді пайдалану бойынша онлайн-платформаны іске қосу ғана қалады.

Тұрғын үй банкі баспасөз қызметінің хабарлауынша, олар нормативтік-құқықтық актілердің бекітілуін күтіп отыр. Платформа қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарындағы ақшаны пайдаланудың негізгі құралына айналады. Мұнда жеке кабинеттер құрылып, ағымдағы шоттар ашылады және құжаттарға қол қойылады.

Жанар Жолтаева, «Отбасы банк» АҚ Баспасөз хатшысы:

- Қазіргі кезде біржолғы зейнетақы төлемдерін аудару мүмкіндігін беретін онлайн платформа дайын тұр. Платформа біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану ережелері бекітілгеннен кейін іске қосылады. Әзірше біз зейнетақы жинақтарының бір бөлігін қолдануды көздеп отырған тұрғындарымызға өтініш тапсырғанда уақытын үнемдеу үшін арнайы шот ашуды ұсынып отырмыз. Оны ЖССБ мобильді қосымшасының көмегімен я болмаса, сайтымыздағы бейнеқоңырау арқылы онлайн ашуға болады.

Осы орайда «Отбасы Банкі» қазақстандықтарға неге назар аудару керектігін түсіндірді. Өтініш бермес бұрын қолдану мерзімі аяқталмаған, қызмет алуға жарамды ЭЦҚ болуы қажет. Оның көмегімен банк сайтында авторизациядан өтіп, порталдағы жеке кабинетке кіру мүмкіндігі болады. Өтінімдерді толтыруға алдын ала дайындалу керек. Егер сіз зейнетақы шотындағы ақшаға пәтерді рәсімдегіңіз келсе немесе оны медициналық ұйымға аударсаңыз, деректемелерді білу маңызды.

Сондай-ақ, баспанаға қатысты сатып алу-сату мәмілелері талап етіледі. Ақша қолға берілмейді. Олар БЖЗҚ-дан аударылғаннан кейін шотта 45 күн сақталады. Осы кезеңде адам қаражатты пайдалануы керек немесе ақша салымшының зейнетақы шотына қайтарылуы тиіс.



572 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз