Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 16 Қаңтар, 2021

Ақ қағазға сөз ойып шаршадым

Раxымжан Отарбаев
(1956-2018 )

***
«Жүз қызға ғашық болдым мен» деген Расул ағам. Балалық шақта, желкілдеген жігіт кезде әдемі қыздарға қызыққан да шығармыз. Құмартқан болармыз. Бұйырмаған ас екен. Атын атап, түсін түстеп қайтеміз. Алды әже болған шығар. Қызды біреу табады, қызығын біреу көреді. Жалғыз ұлым Ермерейге «Жүз қызбен жүр, жүз біріншіге үйлен» дейтінім бар. «Ақылының түрін. Өзің сондай болғансың» деп шешесі ойбайлайды. Қайтейін. Өзің жетпегенге балаң жетсе екен деп тұрасың ғой…

***
Біреу итін өтірік айтақтап, әбден ығыр етсе керек. Қойына қасқыр шауып, айтақтаса аттап баспайды дейді. Сонда әлгі:
– Олла-билла, айтақ, – деп айқайлайтын көрінеді.
… Айтақ көбейген заман ғой. Қайсысына шаба берерсің.

***
Бір құрдасым қатты сырқат еді. Қастерлей үйіне бардым. Екпетінен түсіп уһілеп жатыр. Жағдай мәз емес. Не деуге болады? Жұбатар сөз жоқ. Сосын ақырдым.
– Сен сияқты ер азамат жерге қарап тоңқайып өлмейді. Көкке қарап шалқайып өледі. Көтер басты, – деп. Өзімше дем бергенім. Көпшікке жантайып жатып шай ішіп, маңдайы жіпсіп, кәдімгідей марқайып қалды.

***
Азаматының алдын кеспей, бетінен қақпай, тілеуін тілеп, жоғын түгендеп, үзілгенін жалғап, сынғанын бүтіндеп отыратын жеңгелеріміз қалды ма екен? Тірісінде бюст қояр едік.

***
Ғұн бабалар қытайларға: «Мықты болсаңдар қала, қорған салмаңдар. Ол – қорқақтың ісі. Ашық майдан даласында кездесейік» депті деседі. Қара жерді төсеніш, көк аспанды жамылғы көріп, жауына жалаңаш шапқан сол көкелеріміз ақыры тарыдай шашылып кеткен жоқ па?

***
Жарықтық әкемнің бір сөзі әлі күнге қабырғама аяздай батады.
– Қаншама кітап жаздың, балам. Сонда да әкеңе дұрыстап бір хат жазбай қойдың-ау, – деген.

***
Бір адам құдық қазады. Мың адам су ішеді. Сауап – қазғандікі, рахат – ішкендікі. Сол сауабы түскір бізге де бұйырар ма екен?

***
Асанәлі аға (Әшімов) әңгіме арасында:
– Өзбекке бір орын керек болса, мақтап-мақтап өсіріп жіберіп, сол орынға өзі отырады. Қазақ болса жан-жағынан ор қазып, кресло иесін омақастырып жығып барып алады, – деп еді. Асекем білмесе айта ма?

***
Сәкен Сейфуллин өмірінің шындығын білгісі келген адам – Тұрсынбек Кәкішевтің кітаптарын оқысын. Кереметтей тұлғаның бар өмірі, қызметі, ғашықтығы, трагедиясы сонда. Одан қалса менің Сәкен мен Серебрякова жайлы жазған «Мен сізді сатқан жоқпын» деген спектаклімді көрсін.
Әдемі шапанға жамау жапсырғандар көки береді.

***
Кәрі әжемнің санаулы ғана тісі қалған. Оның өзі қызыл еті қашып, әр жерде бір сойдиып тұрады. Жай тұра ма, сырқырап екі-үш күн ауырады.
– Қой, құрсын, болмады. Не тамақ ішкізбейді, не ұйықтатпайды. Жұлшы, – деп көкеме шағым айтады. Шалы да соны күтіп отырғандай текемет астынан ұзынша қайрағын алады. Қалтасынан бір жіңішке жібек жіп табады. Әжемнің аузын аштырып, әлгі жіпті ауырған тіске қазықбау шалып байлайды. Бір ұшын ұзынша қайраққа бекітеді. Сол кезде әжем қорқып көзін жұмып, басы қалтақтай бас-тайды. Көкем үнсіз есік жаққа қарайды. Сосын қайрақты бар күшімен құлаштап зытырып кеп жібереді. Есікке қарай алдымен қайрақ ұшып бара жатады. Соңында жіп, жіптің ұшында тіс. Әжемнің басы да біраз жерге барып қайтады.
– Ойбай, бұл кісі аяйтын ба еді? – деп сосын әжем бажылдап жастыққа жата кетеді. – Өлтіре алмай жүр ғой…
Балалық қой, ол кезде көкемді шынында да тіс дәрігері деп ойлайтынмын.

***
– Алдыңнан күліп шығатын адамы, үріп шығатын иті жоқ ауылды көрдім.

***
Әдебиетте біз уызына жарыған тұлғалардың сарқытын іштік. Ендігілер нені жалап-жұқтар екен?!

***
Бір адам өледі. Жанын алған періштеге айтады. «Өмір жолымды өзім көруіме бола ма?» деп. Періште тәй-тәй басқанынан ең соңғы иек қаққан сәтіне дейінгі жүріп өткен жолын көрсетеді.
– Неге екі із қатар жүріп отырған? Мен жалғыз едім ғой, – дейді.
Әлгі періште: – Қасыңда мен келе жаттым, – дейді.
Адам: – Кейбір жерде жалғыз із бар. Біреуі қайда? – дейді.
Періште: – Сен кейбір кезде маған ұстатпай қашып кеткенсің, – дейді.
Осы әпсана рас болса, періштеден біз де бірдеңе сұрармыз-ау. Тек ылғи жалғыз ізге жолығып масқара боп жүрмесек…

***
Өтірікке ескерткіш қойсақ, қай қалаға орнатар екенбіз?

***
Екі жақсы тауға шықса – құдаласып түседі. Екі жаман тауға шықса – қуаласып түседі.

***
Арқасына алтын артқан кез келген есек патша сарайына еркін кіреді. Бұл – әпсана. Өз басым патша сарайын да кіріп-шығып жүрген есектерді де көп көрдім.

***
Көре-көре кезбе болдық, сөйлей-сөйлей езбе болдық.

***
Ақ қағазға сөз ойып шаршадым.

***
Адамның бір қызығы фото деген.

***
Адам жаны түсініп болмайтын құбылысқа толы ғой. Алматыда «Жалын» журналында проза бөлімінің меңгерушісі боп жұмыс жасап жүрдім. Өлгім келді. Өзімді алып қашып көп алдадым. Ішкі дүнием көнер емес. Ақыры мынау түкке татымайтын дүниеде өмір сүрмей-ақ қояйын деп шештім.
Онда «Көк базардың» алдындағы «Алматыэнергоның» екінші қабатында отыратынбыз. Сенбі күні жұмысқа келдім. Келер алдында «Көк базардан» бір бума жібек жіп сатып алдым. Кабинетіміз үлкен. Жаңадан жөндеуден өткен. Отыра қап ауылдағы апама, бас редакторымыз Мұхтар Шахановқа қоштасу хат жаздым. «Ешкімге өкпе-ренішім жоқ. Жер басып жүруге зауқым да, әлім де жоқ. Мені кешіріңіздер» дегенім есімде.
Бұрышта жылу беретін 15-тік тұрба тұратын. Соған жібек жіпті байлап, мойынға салдым. Екі рет төмен сырғып кетті. Шамасы тұрба ақ сырмен сырланған, жіп болса жібек. Салмағымды көтере алмады. Сол кезде телефон шырылдап қоя берсін. Есім ауып тұрып көтерсем, ешкім үндемейді. Баса салды. Ойланып отырып қалдым. Алғашқы келген ой – «мені о дүниеге жібергісі келмей тұр-ау». Екіншіден, шыны керек, үшінші мәрте асылуға дәтім бармады. Бетім қайтып қалыпты.
Артынша өмір сүруге, жазуға деген құштарлығым кереметтей оянды. Мынау өмірдің қызылды-жасылды қызығына қойдым да кеттім.
Бәлкім, бір менің емес, талайдың барып тіреліп қайтқан тұйығы шығар. Ол оқиға қазір мені толғантпайды. Толғантатыны – осыны бір жылдан соң жақын деген досыма сыр шертіп айтқанмын. Ол сонда не деді десеңізші?
– Рахымжан, білмегенсің ғой, жіптің ұшын сулап байласаң сырғымайтын еді, – деді.
Солай… солай… солай!..

***
Ұлым Ермерей үйленді. Айнұр деген жақсы келін түсірдік. Тойға ағалардан Әбдіжәміл Нұрпейісов, Асанәлі Әшімов, Есмұқан Обаев, Мұхтар Шаханов, Есен Тасқынбаев, Асаубай Майлыбаев, Несіпбек Дәутаев, Құлбек Ергөбек, Бекет Тұрқараев, Амангелді Селбаев, Есберген Әжібеков, Қабдырахим Жаңбырбаев, ақын Ақұштап Бақтыгереева, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бастаған жақсы-жайсаң қатысты.
Жұбайым Сәуле екеуміз ортаға шығып, қадірлі қонақтарға қош келдің айттық. Балаларымызға тілек білдірдік. Сондағы сөзім ел-жұртқа кеңінен тарап кетіпті. Біреулер әртүрлі қисында айтып жүр екен. Өз аузымнан естіңіздер.
– Кітап жазам, оны шығарам дедім. Пьесамен айналыстым, спектакль қойғызам дедім. Бар ғұмырым осымен өтіп барады. Мына шешелеріңе жұрттың күйеуі сияқты жақсылық жасаған адам емеспін. Алдымен осыны сыйлаңдар. Ұлым, саған кішкене кезіңде шапалағым тиген шығар. Өмірдің темірден де қатты соққысы болады. Соған дайын жүрсін дегенім. Келін, айналайын, мына алас-күлес заманда саған не ақыл айтайын? Байыңа ие бол, – дедім. Бар-жоғы сол! Жалған, жылтырақ сөз айта алмадым.
***
«Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма» деп оқушы кезімде Абай өлеңін саудыратып оқып жатқанмын. Атам пеш түбінде қамшы өріп отырған. Құлағы түрік екен. Қайта оқытты. Сақалын сауып ойланып қалды.
– Бәлкім, мың емес, мұң болар? Мыңмен алысқаннан гөрі мұңмен алысқан күштірек, – деп қалсын.
Анығын кім білсін. Десе де атам уәжі есімнен кетпейді.

***
Баяғыда біреу әннің сөзін бұзып айтып немесе даусы жетпей қақалып-шашалып жатса «әжептәуір ән еді, пұшық шіркін қор қылды» десетін.
Қазірде экран мен сахнаны өңшең пұшықтар жайлап алды. Қой десең, құтырып кетеді.
***
Біреу қазалы болса «Сұм ажал» деп сөйлейтіндер көбейіп кетті. Әрине, жас па, жасамыс па, өлімнің жолы ауыр. Алланың әміріне адам боп қарсы тұра алмайсыз. Лаж жоқ. Десе де, өлім – Жаратқанның бұйрығы. Демек, Алланың ақ жолы. «Сұм ажал» деп біз сол бұйрыққа қарсы келіп, кермал сөз айтып жүрген жоқпыз ба? Ойланайық.
Екіншіден, қаралы жерге кеп, көңіл демеген азаматтардың дені «Қайырлы болсын» деп жатады. Өлімнің қайырлы, шапағатты болғанын қайдан көрдік? Баяғының шалдары «Ақырының қайырын берсін» деп жататын. «Ақырының»… Ұмытпайық! Жамандықтың соңы, ақыры жақсылыққа ұлассын деген лебіз.

1118 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз