Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Qazaq gazetteri TV
  • 22 Қаңтар, 2021

Жаңа театр жалауын көтерді (видео)

Алматыдағы кішкене кеңістікте үлкен қойылым өтті. «Мамам риза болса, болды...», - деген кейіпкердің бір ауыз тілегінен басталатын спектакль көрерменді басынан аяғына дейін бір деммен рахаттана тамашалауға ынталандырады.

Әдетте, театр десе әлемдік классиктерді, не болмаса әдебиетте есімі әйгілі жазушылардың шығармаларын көріп үйреніп қалған Алматы халқы үшін шымылдығын енді ашқан жас театрдың жаңа қойылымы өнер әлемінің өзгеше тынысын ашқандай әсер етті. Оған себеп – жас драматургтың заманмен үндес туындысы, режиссердің сәтті қойылымы және актерлардың шебер ойыны. Осы бір үш тандем үндестік таба отырып, қарапайым сахнаны жүрек шымырлатар киелі ордаға айналдырды. Бар жоғы үш кейіпкер, ағайынды үшеудің оқиғасы бір сағаттан астам уақыт бойы көрерменді біресе күлдіріп, біресе жылатып, біресе толқыту арқылы алуан  түрлі сезімге бөледі. Ең бастысы – актердың ойыны арқылы өмірдің өзіндей айнымас шындықты дәлдікпен беру OzgeЕpic шығармашылық кеңістігінің жеткен үлкен жетістігі болды.

"StartDrama" театр лаборатортясында Фархат Молдағалидың режиссерлігімен қаңтардың 13-нен бастау алған драматург Əлішер Рахаттың «Туған күніңмен, анашым!» атты спектаклінің премьерасы жас драматургтарды насихаттау барысында қолға алынған алғашқы туынды. Бұдан былай театр сахнасында өзге де жастардың шығармалары сахналанатын болады.

«Бұндай істі бастау үлкен тәуекелді қажет етеді. Біз театр жұмысын қолға алғанда ақша табуды емес, өнерді насихаттауды көздедік. Бүгін бесінші күн өтіп жатқан премьераға халық көптеп жиналды. Көрерменнің қошеметі мен ықыласы бізді жігерлендіре түсті. Біздің енді тоқтауға хақымыз жоқ», - деген режиссер Фархат Молдағали театрдың жұмысын бастағанда кездескен қиындықтарымен бөлісті.

Оның айтуынша, шығармашылық топ сахнаның әрбір деталін өздері құрастырған. Жоғарыда ілінген жарық, төселген кілем, көрермендер отырған орындықтан бастап, театрдың еденіне дейін өзіміз жудық дейді режиссер.

Өнер жанкештілікті талап етеді. Шынайы еңбек пен адал ниеттен құралған театрдың алғашқы спектаклі көрерменге жол тартып,  көпшіліктің қолдауына ие болуда. «Туған күніңмен, анашым!» қойылымындаактерлар - Нұржан Асылхан, Еркебұлан Мусин және Нұрбол Құмарша ойнайды. Музыкамен көркемдеген – Нұрзат Молдағалиев.

«Тетардың болашағын көрермен шешеді» деген ортақ пікірді алға тартқан шығармашылық ұжыммен «Қазақ газеттері» серіктестігінің шығармашылық тобы жүздесіп қайтқан еді. Жаңа өнер ордасының жұмысы жайлы толығырақ бейнематериалда.

 

Гауһар Түстікбаева,

Әлихан Жанарбек

«Қазақ газеттері» ЖШС.

 

36318 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз