Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 23 Қаңтар, 2021

Шәмшидин Паттеев: "Ана тілі" Жанарбектің жолын ашты

Бүгін «Қазақ газеттері» серіктестігі Парламент Мәжілісінің депутаты, осы уақытқа дейін «Ана тілі» газетінің бас редакторы қызметін атқарған Жанарбек Әшімжанға ақ жол тілеп, Мәжілістегі депутаттық қызметіне шығарып салды.

Алғашқы құттықтау сөзін айтқан «Қазақ газеттері» серіктестігінің Бас директоры Шәмшидин Паттеев: «Жанарбек біздің «Ана тілі» газетіне келіп, бас редактор қызметін атқарған уақытта үлкен жетістіктерге қол жеткізді. «Ана тілі» Жанарбектің жолын ашты. Үлкен саяси додаға кетіп бара жатырсың. Мемлекетшіл, қазақ тілді, ақынжанды, елдің мүддесін ойлаған азамат ретінде саған зор сенім артамыз. Нағыз жұмыс істейтін, елге қызмет ететін жастасың. Жолың ашық болсын!», - деп ізгі ықыласын білдірді.

«Жанарбек, айналайын! Биылғы Парламенттің құрамында қалам ұстаған журналисттер бар екен. Солардың ішінде біздің ерекше  үміт артатын азаматтардың бірі өзіңсің. Елге, жұртыңа адал қызмет етуіңе тілектеспін. Мақсатың айқын, еңбегің жарқын болсын!», - деді «Мысль» журналының бас редакторы Аяған Сандыбай.

Салтанатты жиын соңында сөз алған Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан: «Қадірлі әріптестер! «Ана тіліне» алғаш жұмысқа келгендегі өтінішім «газетті көтеру мақсатында жұмыс істесін десеңіздер қолды қақпаңыздар, өнімді жұмыс жасайық. Сәждеге жығыла беретін газет емес, ұлттың мүддесін көтеретін басылым болайық»» деген едім, басшылық тілегімді қабыл алып, елдің, тілдің, ұлттың мәселесін басылым бетінде еркін айттық. Шығармашылық тұрғыда еркін жұмыс істеуге мүмкіндік бергендеріңізге рахмет. Қарлығаштың ұясындай шағын ұжым талай өнімді дүниелер жасадық және әріптестерім әлі де осы игі істі абыроймен жалғастырады деп сенемін. «Қазақ газеттері» серіктестігінің ақпараттық кеңістіктегі орны жоғары болсын! Әріптестерімнің жүзі жарқын, еңбегі жемісті болсын деген тілек айтқым келеді. Жақсы күндерде жолығайық!», - деді.

Жиын барысында Алматыдағы Шалқар радиосы филиалының директоры Бақыт Жағыпарұлы Құтпанбай Жанарбек Әшімжанға деген ақ тілегін ортаға салып, сондай-ақ,  Ұлттық кітапхананың Бас директоры Бақытжамал Оспанованың жолдаған арнайы сыйлығын салтанатты түрде табыс етті.

  "Халық қалаулысы" деген ардақты атты абыроймен арқалап, ел алдында берген антынан айнымай, елге, жерге, тілге, дінге жасар қызметіңіз адалынан болсын деген тілекпен " Қазақ газеттері" серіктестігі Жанарбек Әшімжанға ақ жол тілеп, иығына шапан жапты.

Гауһар Түстікбаева

«Қазақ газеттері» ЖШС

Суреттерді түсірген:

Азамат Құсайынов

 

 

529 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *