Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 26 Қаңтар, 2021

Сенаторлар: Архивті дамытуға жеткілікті көңіл бөлінбейді

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшелері еліміздің Мәдениет және спорт министрімен кездесті. Еліміз Президентінің "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" атты Жолдауын іске асыру аясында архивтер мен кітапхана қорының жай-күйі, қолжазбаларды, сирек кездесетін кітаптар мен құнды құжаттарды цифрландыру күн тәртібіндегі басты мәселе болды. Кездесуді сенатор, комитет төрағасы Мұрат Бақтиярұлы жүргізіп отырды.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова депутаттардың сауалдарына жауап бере келіп, еліміздің кітап қоры мен кітап қоймаларының жай-күйі, сондай-ақ кітапханашылар мен мұрағат қызметкерлерінің жалақысы туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Сенатор Нұртөре Жүсіп осы мәселеге байланысты біздің елімізде архивтерді дамытуға жеткілікті көңіл бөлінбейтінін, сондықтан олардың жағдайы қазіргі заманғы стандарттарға сәйкес келмейтінін атап өтті. Бұл салада мамандар жетіспеушілігі де өткір мәселеге айналып отыр.

"Бізге реставратор мамандар жетіспейді. Елордадағы орталықта осындай 4 сарапшы ғана жұмыс істейді. Мұндай мамандарды даярлайтын жоғары оқу орны да жоқ. Қазір оны Алматының Ұлттық кітапханасында түрлі халықаралық курстардан немесе тағылымдамадан өткен адамдар ғана жасап келеді. Олардың жалақысы өте аз", - деп атап өтті сенатор.

Сенатор кітапханаларда ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қажетті жағдайлар жасалмағанына министрдің назарын аударды.

"Көзі көрмейтін және нашар көретін адамдарға арналған кітапханаларға ерекше назар аудару қажет. 46,5 мың зағип және нашар көретін азаматтардың еліміздің қоғамдық-саяси өміріне араласу және лайықты білім алу құқықтары шектелмеуі тиіс", - деп атап өтті сенатор.

Жиналғандар тарихи маңызды қолжазбалардың, сирек басылымдар мен кітаптардың көшірмелерін іздеу мен сатып алуды қаржыландырудың маңыздылығы туралы айтты. Кездесу соңында сенаторлар мәдениет қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесін қарастыру және сирек кітаптар мен қолжазбалар сақталатын Ұлттық орталық құруды ұсынды.

537 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз