Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Инфографика
  • 05 Ақпан, 2021

Жалақының ең жұтаңы бізде екен

Газетіміздің өткен, 21 қаңтардағы №3 (697) санында «Әлемдік ақпарат» айдары аясында жарияланған шағын жаңалықтардың бірінде Қазақстандағы ең төменгі еңбекақы әлемдегі соңғылардың бірі екені туралы жазған едік. Сонда шегерімдер қызметіне талдау жасайтын халықаралық  рейтингтік Picodi компаниясының сарапшылары әлемнің  56 еліндегі ең төменгі еңбекақы қалай өзгергенін зерттеуден өткізгенін және оны базалық азық-түлік қоржынымен салыстыру арқылы жүзеге асырғанын әңгімелеген едік. Бүгінгі шолуымызда сол сараптамаға кеңірек тоқталмақпыз.

COVID-19 ІНДЕТІ ЖАЛАҚЫ ӨСІМІН ҚҰРЫҚТАҒАН

Зерттеуге ең төменгі жалақыны үкіметтері бекіткен 56 ел қатысқан. Кейбір елдерде ең төменгі еңбекақы салық ұстауға (Филиппин, Гонконг) жатпайды екен. Алайда, елде­р­дің басым көпшілігінде «таза» және «лас» жалақылар арасындағы айыр­машылық екіден бастап, онда­ған пайыздарға дейін құбылатын көрінеді. Сондықтан да зерттеулерде нетто сомасы қарастырылған, яғни жұмыскерлердің нақты қолына тиетін ақшалары ескерілген (1-инфографика).

Зерттеуден өткізілген елдердің үштен бірінде 2021 жылдың қаңта­рынан бастап ең төменгі жалақыны көтеруге шешім қабылдай алмаған. Олардың ішінде Армения, Әзер­байжан, Эстония мен АҚШ бар, мұнда тіпті 2009 жылдан бері федералдық мөлшерлеме өзгермеген.

Ең төменгі жалақының мейлін­ше үлкен өсімі Украинада тіркелген (өткен жылмен салыстырғанда 27%). Әйтсе де, бұл елдегі жалақыны дол­лармен есептегенде ең төмендердің бірі күйінде қалып отыр (171%).

Қазақстан екінші жыл қатарынан осы рейтингтегі соңғы орындар­дың бірінде қалып келеді. Іс жүзін­де ең төменгі еңбекке ақы төлеу өзгерген жоқ және сол күйі 42 500 теңгені құрайды, ал сақтандыру жарналарының артуы салдарынан «таза» еңбекақы былтырғы жылдан төмендеп, енді 37 400 (2020 жылмен салыстырғанда -1,1%) теңге құрапты. Салыстырар болсақ, Германияда ең төменгі жалақы 1,5%-ға, Ресейде – 5,5%-ға, Польшада – 9,8%-ға, ал Беларусьте – 6,7%-ға өскен.

АЗЫҚ-ТҮЛІК  ҚЫМБАТТАП КЕТТІ

Зерттеулер шартты азық-түлік қоржынын құраған және азық-түліктің бағаларын ең төменгі жалақымен салыстырған. Қоржын мынадай азық-түліктен құралған: нан, сүт, жұмыртқа, күріш, ірімшік, ет, жеміс-жидектер мен көкөністер. Бұл тізім соншалықты тапшы болғанымен, ондағы аталған азық-түлік түрлері (көрсетілген сандарында) орташа статистикалық ересек адамның қоректік заттарға деген ең төменгі қажеттіліктерін қанағаттандыра алады:

– сүт (10 литр) – 3200 теңге;

– нан (10 бөлке нан) – 1360 теңге;

– күріш (1,5 кг) – 510 теңге;

– жұмыртқа (20 дана) – 720 теңге;

–  ірімшік (1 кг) – 2450 теңге;

– ет (6 кг) – 11170 теңге;

– жеміс-жидектер (6 кг) – 3620 теңге;

– көкөністер (8 кг) – 2250 теңге.

Мұндай азық-түлік қоржы­ны­ның құны 2021 жылдың басында 25 280 теңгені құрады, бұл бір жыл бұрынғыдан 13,87%-ға көп (2-инфографика).

Осылайша жинақталған азық-түліктік қоржын салықтарды төлеп болғаннан кейінгі ең төменгі еңбек­ақының 67,6%-ын құрайды екен. Былтыр мұндай ара-қатынас 58,7%-ға тең болыпты. Бұдан шыға­тын қорытынды: Қазақстан азамат­тарының ең төменгі жалақы­сының жағдайы нашарлай түскен.

ЕҢ ТӨМЕНГІ ЖАЛАҚЫҒА  ҚАЙДА ӨМІР СҮРУГЕ БОЛАДЫ?

Шындығында, әр отбасының өз тағамдық әдеттері бар. Дегенмен, зерттеумен айналысқандар нақ сондай азық-түліктердің әр түрлі елдердегі құнын салыстырған, сосын ресми ең төменгі табыстардың қанша пайызы негізгі азық-түліктік қоржынды жабуға кететінін тексерген (3-инфографика).

Былтырғы жылғыдай, азық-түлік бағаларының ең төменгі еңбекақыға ең тиімді қарым-қатынасы Ұлыбри­танияда, Ирландияда және Австралияда тіркелген. Бұл елдерде азық-түлік қоржыны жергілікті ең төменгі еңбекақының  7%-дан 7,6%-ын ғана құрайды екен.

Осы рейтингте Қазақстан 67,6% көрсеткішімен 56 елдің арасында 54-ші орынға жайғасыпты. Бұл ретте Филиппин (53-орын) мен Арменияның (52-орын) жағдайлары сәл жақсырақ екен.

Ал, Өзбекстан мен Нигерия сияқты елдердегі ресми ең төменгі жалақы тіпті ең жұпыны азық-түлік жиынтығын сатып алуға да жарамайтын көрінеді.

ЗЕРТТЕУ ӘДІСТЕМЕСІ

Бұл зерттеуде 2021 жылғы қаңтарда өзекті ең төменгі еңбекақы мөлшер­лемесі  2020 жылғы қаңтардағы мөлшерлемелермен салысты­рылған. Мәліметтер үкіметтердің немесе тиісті министрліктердің ресми парақтарынан алынған. Еңбекақыларын кәсіподақтар белгілейтін және жалпыұлттық ең төменгі жалақылары жоқ елдер есепке алынбаған. Үкіметтері жекелеген әкімшілік бірліктер үшін дифференциалды ең төменгі еңбекақы бекіткен елдерде (Вьетнам, Канада, Таиланд, Филиппин) орташа арифметикалық мөлшер есепке алынып, қолданыл­ған. Салық төленгеннен кейінгі сома жергілікті салықтық өлшемдер негі­зінде есептеп шығарылған.

Зерттеуде қолданылған азық-түлік жиынтығы – тек қана статистикалық мақсатта құрылған – шартты өл­шемдер болып табылады. Сондай-ақ көрсетілген көлемдер де кейбір денсаулық сақтау министрліктерінің тағамдық өнімдерді ішіп-жеудің ең төменгі нормаларына қатысты ұсыныстары негізінде есепке алынған. Бұл зерттеулерде қолданылған азық-түліктердің бағалары  бүкіл әлемдегі мыңдаған пайдаланушылар бас қосатын  www.numbeo.com сайтынан алынған.

Валюта құндарының айырма­шы­лықтары Google Finance-тың 2020 жылдың төртінші тоқсанындағы орташа бағамымен есепке алынған.

*Ескерту:

Инфографикалар аса көлемді болуы себепті оларды газетіміздің интернет сайтынан көре аласыздар.

ИСАТАЙ ҚАМБАРОВ

1268 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *