Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 08 Ақпан, 2021

Футболдан әлем чемпионатын тұңғыш рет қазақ тілінде жүргізген комментатор

Амангелді Сейітханов – қазақ спорт журналистикасы-ның негізін қалауға атсалысқан,  жұмыр жердегі сан
додадан қазақ жұртына сан мәрте сауын айтып, салтанатымызды асырған, футболдан әлем чемпионатын
тұңғыш рет қазақ тілінде жүргізген білікті комментатор. Бірнеше рет ҰОК мен спорт министрлігінің таңдауы бойынша ең үздік спорт журналисі деп танылды.

С.Бердіқұлов атындағы жүлденің иегері. «Қазақтың спорттық жетістіктері үшін» медалімен марапаттал-ған. «Қазақстан» телеарнасында «Құм сағат» және «Футбол, футбол...» спорттық бағдарламаларын енгізген. От сөздерімен сиқырлы спорттың сырын ашатын Амангелді ағамыздан сұқбат алудың сәті түскен еді. Назарларыңызға ұсынғым келіп отыр. 

– Амангелді аға, сұқбат беруге келіскеніңізге рақмет. Әңгімемізді балалық шаққа саяхат жасаудан бастасақ, сіз бала кезіңізде кім болуды армандадыңыз?

– Бала кезімде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болуды армандадым. Армандап қана қойған жоқпын, соған жететін жол іздедім. Себебі біз Кеңес үкіметі кезінде өмір сүрдік. Коммунистік партияның заманы болатын. Ес білгеннен кейін жан-жағымды зерттей бастадым. «Юнкор», яғни жас тілші дейді. Аудандық «Ленин туы» газетінің бас редакторы Мерлен Тұраров деген кісі еді. Сегізінші сыныпта сол Мерлен ағаға барып, редакциядан тапсырма алдым. Бірінші хатшы болу үшін не істеу керек деп ойландым. Ол кезде бәріміз оқығымыз келетін жоғары оқу орны – КазГУ. Қазіргі Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне түсу керек. Оған дейін әскерге барып келу қажет. Коммунистік партияға үміткер ретінде келуің керек. Сол кезде журфакқа келген соң мүшелікке өтіп, кейін журфакты бітірген соң қоғамдық өмірге араласып кету керек болатын. Міне, осындай жоспар құрдық. 

– Ең алғашқы репортажыңыз есіңізде ме?

– Иә, ең алғашқы репортажым есімде. Біз ол кезде студентпіз әрі «Спорт» газетінде жұмыс істейміз. Бір күні «Қайраттың» кезекті матчын көріп, содан газетке материал жазу үшін стадионға келдік. Комментатор Рабат аға Жәнібеков көлеңкеде отыр екен. Ерте барғанбыз ғой. 
– Әй, Аманжан, бері кел, – деді. Алыстан сәлем бердік. Қасына бардық. Бірден бара салмаған себебіміз үлкендермен отыр екен. 
– Аманжан, не істеп жүрсің?
– Футболға келдім.
– Әп, бәрекелді!
– Анау автобусты көріп тұрсың ба? Ішінде Диас ағаң Омаров отыр. Танисың ба?
– Иә, танимын ғой, аға.
– Сол ағаңа бара ғой, содан кейін үйренесің. Мына матчты жүргізіп тастайсың. Өзім түсіндірем. Баршы, – деді. 
Сөйтіп Диас ағаға бардым. Сәлем бердім. 
– Ай, келдің бе?
– Иә, келдім. Жұмысқа жіберді. 
– А-а-а, түсіндім. 
– Жүргізесің бе?
– Нені?
– Матчты
– Қалай?
– Мен мына микрофонды қосып, ажыратып отырамын. Сені түртіп қалам. Сол кезде жүргізесің. Футболды білесің ғой, иә?
– Иә.
Сосын Бекет ағай (дыбысын қадағалайтын режиссер):
– Әй, сен бірінші рет жүргізгелі тұрсың ғой деймін.
– Жүргізгенде біздікі қара жарыс қой. Эфир емес, – дедім. Бекет ағай күлді де: 
– Әйтеуір анандай былапыт сөздер айтып қалма. Эмоцияңды жасыр. Эмоция болуы керек. Бірақ ол дұрыс сөздермен кесте-ленуі қажет, – деді де кетіп қалды. 

Содан екеуіміз жүргізіп шықтық. Біткен соң Роза Ғизатуллина деген режиссер апамыз: 
– Жақсы жүргізіп шықтың, – деді. Сөйтсек, біз тікелей эфирге жүргізіп жіберіппіз. Міне, біздің алғашқы репортажымыз сол еді.

– Өзіңіз өте нашар білетін спорт түрінен репортаж жүргізіп көрдіңіз бе?

– Иә, болды ғой. Біз олимпиада ойындарын, Азия ойындарын тікелей эфирде бердік. Мен қазақ футболын бір кісідей білемін. Күресті түсінуім мүмкін. Боксты не болмаса ауыр атлетиканы шамалаймын. Енді қалған спорттардан білімім таяз бола түседі. Әрине, дайындаласың ғой. Дайындықсыз болмайды. Өйткені көрерменнің не кінәсі бар... Сондықтан біз шама келгенше әр репортажға дайындалып шықтық. Керлинг болды. Дайындалып шықтық. Әйтеуір сарқа біліп алмасақ та, білмей қалған жоқпыз. Бірақ ол спортта көсіліп, керемет айтып кете алатындай дәрежеде емес едік. 

– Комментатордың тілдік қоры қанша жерден бай болғанымен, оны болып жатқан ойын барысымен байланыстырып отыру әрі тақырыптан ауытқымау оңай шаруа емес. Ізденісті, еліктеуді талап етеді. Осы тұрғыда сіз кімдерден үйрендіңіз?

– Өз басым еліктеу дегенді онша ұнатпаймын. Ізденіс болды. Бағана айттық қой, жоқ жерден топ ете түскенді мысал еттік. Бізде репортаж жүргізейік, комментатор болайық деген арман болған емес. Аяқ астынан Рабат ағамыз матчты жүргізуге мүмкін-дік бергеннен кейін кірістік.

– Әншілер сахнаға шығар алдында толқимыз дейді. Ал сіз комментатордың орындығына отырар кезде осындай қобалжуды бастан кешіресіз бе?
– Телевидениенің, ПТС-тің не екенін, репортаждың не екенін білмей тұрып жүргізіп кеткен адам қазір толқи ма? Әрине, жауапкершілікті сезініп, кәдімгідей дайындаламыз. Ширағанбыз деген сияқты. Бірақ енді толқып едім деп өтірік айтпай-ақ қояйын. Ондай болмайды.

– Сүйікті спортшыңыз кім?

– Сүйікті спортшы деген спорт журналисінде бола ма, болмай ма, білмеймін. Жүздеген сүйікті спортшың болуы да мүмкін, әр буынның арасынан. Кешегі Шоқыр Бөлтекұлынан бастап бүгінгі Бекзат Нұрдәулетовке дейінгі боксшылар, не болмаса қазақ балуандары, кез келген саланың қазақ спортшылары менің сүйікті спортшым. Ал енді екі адам туралы айтуға болады. Екеуі де бапкер, спорт қайраткері. Бұлар өзім көзім көргені. Әйтпесе оған дейін де Октябрь Жарылғапов сияқты  мықтылар болды. Көзім көргені – бокстан AIBA-ның бірінші вице-президенті болған Бекет Махмұтов. Ол кісінің әлем спортына қосқан үлесі қомақты. Екіншісі – КСРО-ны қатарынан сегіз рет жеңген, үш бірдей олимпиадада күрескен, әлемнің бірнеше дүркін чемпионы, Еуропаның бірнеше дүркін чемпионы, даңқты балуан Дәулет Тұрлыханов. Ондай даңқты балуан әлемде бар ма, жоқ па, білмеймін. Ойлану керек. Екіншіден, ол тек қана балуан емес бапкер ретінде де олимпиада чемпиондарын тәрбиеледі. Спорт саласын басқару арқылы біздің қазақ спортына өлшеусіз үлес қосты. Күні бүгінге дейін сол Дәулет ағаның қалыптастырып кеткен мектебі жұмыс істеп жатыр. Бір ғана күрес емес, жалпы спорттың кез келген түрінде. Міне, біз мұндай қайраткерлермен мақтануымыз керек. 

– Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар?

– Бәлендей жоспарым бар деп айта алмаймын. Сол күнделікті тіршілік, күнделікті жұмыс. Айтпақшы, Ютуб канал ашып жатырмын. Ютуб канал арқылы жастарды жақсылыққа ұмтылдырсам, ақыл айтсам деген ой-арманым, мақсатым бар. Жастар соған тіркеліп, тыңдап жүрсе жақсы болар деймін. 

– Спорт комментаторы болғысы келіп жүрген мектеп оқушыларына қандай ақыл-кеңес бересіз?

– Мектептен бастап көркем әдебиет оқуы, ізденуі керек. Сосын спорттың өзін білуі керек. Мысалы, футболдың ережесін, бағытын, командалардың тари-хын, ойыншыларын білуі керек. Комментатор деген күрделі дүние. Бірақ ол мектепте жүрген кезден-ақ ізденіп, дайындалуы керек.

– Әсерлі әңгімеңізге рақмет. 

Әңгімелескен Гүлжан НИЯЗОВА,
Қожа-Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың студенті.

«Ұлан» газеті, №6
9 ақпан 2021 жыл

2579 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз