Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 13 Ақпан, 2021

МОНТЕСКЬЕНІҢ ӘДІЛ БАҒАСЫ немесе қазақтың шым-шытырық тарихы хақында

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында идеологиялық тұрғыда қордаланып қалған мәселелерді көтерді деуге толық негіз бар. Бұл ретте, әсіресе Қазақстан тарихын жазуға қатысты тапсырмасы маңызды. Сондықтан нақты үзінді келтірейік: «Шынына келсек, айтпағым Тәуелсіздік жылдарында бірнеше рет қолға алынғанына қарамастан, ұлттық мүддемізге сай келетін көп томдық жаңа тарихымыз әлі толық жазылған жоқ. Оның тұжырымдамасын бұған дейінгі олқылықтарды ескере отырып қайта қарап, жаңа ғылыми ұстанымдар мен жаңалықтардың негізінде тыңнан жазатын уақыт әлдеқашан келді. Барлық оқулықтар осындай іргелі еңбекке негізделіп әзірленеді. Бұл – ұлт шежіресін дәріптеу тұрғысынан алғанда стратегиялық маңызы бар мәселе. Сондықтан Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды дереу бастау керек. Түптеп келгенде, тарихи сананы жаңғырту мәселесінің түйіні – осы».

Осындағы «тарихи сананы жаңғырту мәселесі» жуық жылдарда күн тәртібінен түспесі анық. Ақиқатында бұл өте ауқымды идеологиялық шараларды қажет етеді.

Рас, өткен отыз жылда ұлт тарихына қатысты біршама іс-шаралар жүзеге асы­рылды. Әлемнің әр елінде шашырап жатқан тарихымызға қатысты деректер жинастырылды. Қазақ хандығының 550 жылдығын тойладық. Дегенмен, Президент айтқандай, менің мақтаныш тұтар тарихым мынау дерлік көп томдық жазылған жоқ.

Әйгілі француз философы Шарль Луи Монтескье (1689-1755) айтты дегендей, «теңдессіз жауынгер, дүниені жаулап қанша империя құрғанын ешкім білмейтін, себебі тарихшыға жарымаған түркілердің» бірі және бірегейі қазақ. Монтескье ол сөзінде татар (әрине, түркі дегені ғой) ­атауын қолданған. Осындайда қазақтың, яғни Алаш жұртының бірде құман (құбан), бірде қырғыз әлде татар атанып, өз ныспысымен көріне бермейтініне таңғаласың. Дегенмен, тоғызыншы ғасырдан («Шахнамеден») бері белгілі делінетін қазақ атауын, орыстардың Ұлық Ұлысты Алтын Орда атандырып жібергені секілді құбылыс деп қарауымыз керек шығар. Екіншіден, сөз жоқ, тарихымызды өзіміз емес, бізді жаулаушылар жазғасын солай болып келді.

Татар дегеннен шығады, ­Минтимир Шәймиев есімді азамат 1991 жылы ­Татарстан билігіне келгесін ( олардың сол тұста тәуелсіздіктен үміті болды) Алтын Орданы зерттейтін арнайы институт ашып, соның нәтижесінде том-том еңбектер ­жазылыпты. Бүгінде Алтын Орда дегеніміз – татар империясы деп олар ашық айтады. Бірнеше жыл бұрын бір тарихшысы шовинистердің жел беруімен айтты ма, Алтын Ордаға қазақтың қатысы жоқ деген сыңайда сөйлегені есімізде.

Ал осы жолдардың авторы 2019 жылы күзде республикалық «Түркістан» газетінің өтінішімен дөңгелек үстел өткізгенімізде, бір топ алматылық тарихшылар Алтын Орданың қазақ тарихшылары тарапынан жарытып зерттелмегенін алға тартып, биліктен Татарстандағыдай арнайы ­институт ашылуын сұраған. Президенттің аталған мақаласынан кейін тарихшылар маман тапшылығын да айта бастады. Кәсіби тарихшыларға қаржы бөлінбесе, жастардың келуіне жағдай жасалмаса, бұл өзінен-өзі түсінікті жағдай.

Біз Алтын Орданы айтамыз, одан арғы осыдан бес мың жыл бұрынғы ханзу деректеріндегі Қытайдың солтүсті­гіндегі көшпелі тайпалар да, Геродот жаз­ба­ла­рындағы скифтер де қазақтан аумайды, неге? Монтескье әділетті бағалағандай түркі империяларының санына жеткен кім бар екен? Біреулер қырыққа жеткізеді. Енді біреулер он бестен асырады. Солардың нешеуінің, қаншалықты қазақ-қыпшаққа қатысы бар?

 Б.з.д. 210 – б.з. 155 жылдарындағы Ұлы Ғұн (Хүннү) империясының, одан кейінгі, жауы алдымен сәйгүлік атын, тіпті сүйікті әйелін сұрағанда да беріп, соңында жерін сұрағанда бұдан өткен қорлық жоқ деп бірден соғыс ашқанымен тарихта аты қалған, әйгілі Мөде қаған империясының, Римді тізе бүктірген Аттиланың, Ашин әулеті, Бумын қаған билеген Түркі империясының, Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөк дәуірлеген Көк түркілері империясының, Ұйғыр, Авар, Хазар, Қараханид қағанаттарының, Газнавидтер сұлтанатының, Хорезмшах пен ұлы Селжұқтар билігінің қайсысын қазақ мемлектінің бастау-бұлағы дей аламыз?

2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өттік. Дұрыс-ақ. Алайда Алтын Орданың негізін салған Жошы хан бар болғаны екі жыл билік құрып қайтыс болып кеткенде, хан тағына тұңғышы Орда Ежен отырғаны мәлім. Орда – оның есімі. Ал Ежен деген моңғолдардың күні бүгін Шыңғыс хан есіміне тіркеп айтатын эзэн – ие, ел иесі, еге деген мағынадағы сөзі (Бұл жөнінде ғұлама тарихшы, марқұм ­Зардыхан Қинаятұлы дұрыс ескерткен). Орда – қазақ хандарының атасы. Әрі Ертісте көтерілген әкесінің ордасына иелік етіп қалды, сондықтан ел егесі. Сол Ақ Орданың орталығы Сасыбұқаның тұсында Ертістен Сығанаққа (қазіргі Сунақ ата) көшірілгесін, 1361 жылы таққа Шымтайұлы Орыс хан отыруымен Қазақ хандығы құрылды деуге болады. Бұл жөнінде «өзбек бізге емес, өзбекке біз ағамыз» деп Мұхтар Мағауин де жазғаны бар. Мұны тарихшылардың барлығы біледі. Сөйте тұра, Қазақ хандығының құрылуын, кеңестік тарихқа сүйеніп 1465 жылдан ­санап, 550 жыл деп жүрміз. Шын мәнінде, кемінде жүз жылға әріге созып есептеуіміз керек.

Сонда дейміз-ау, ілкіде біз атүсті тізіп шыққан он екі ұлы державаны қойып, Тәуелсіздік жылдарында төл тарихымызды болмаса жүз жылға әріге соза алмаған тарихшыларымызға реніш айтуға әбден ­болады. Иә, құл болдық. Бізді жаулаушылар қазақ есімін сызып тастап отырды немесе бұрмалап келді. Енді соның бәрін қалпына келтіретін уақыт жетті ғой. Білімді, білікті тарихшылар қашанғы ұлтын емес, руын, жүзін ұлықтаумен жүреді дегіміз келеді.

 

Түгел болмаса да түркілік делінетін империяларды тегіннен-тегін тізіп отырған жоқпыз. Ғалымдардың пайымдауынша, түркілерді этнодемографиялық тұрғыдан беске бөлуге болады:

1.Қарлұқ тобы – қырғыз, сақа, тува, хақас, алтай, уранхай, шор, долған, топа. 2. Оғыз тобы – түркімен, қашқай, қызылбас, апшар, шақсыбан, қарадағ. 3. Қыпшақ тобы – қазақ, татар, чуваш, башқұрт, қырым, қарақалпақ, құмық, қарашәй, малқар, ноғай, қарайым, қырымшақ. 4. Шағатай тобы – өзбек, ұйғыр, салар, бұқар еврейлері, сарыұйғыр, хотан. 5. Салжұқ тобы – түрік, әзербайжан, месхет, гагауыз, қыпыр, қарапапақ, қаджар.

Бұл халықтар бүгінде тәуелсіз Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Әзербайжан, Түркия мемлекеттерінде және Ресей мен Қытай Халық Республикасында, Еуропаның, Азия мен Африканың көптеген елдерінде шашырап қоныстанған. Осының өзі сол құрлықтарды билегенімізді көрсетеді. Тізімде тек америкалық үндіс тайпалары жоқ. Олардың болашақта қосыларына сенуге болады.

 Ғалым Н.Аристовтың пайымдауынша, қаңлы, қыпшақ, дулат, алшын, арғын, найман, керей, қырғыз, саха, теле, түрк-түкю, қарлұқ секілді рулар түркі халықтарының қалыптасуына үлкен ықпал еткен. Бұдан қазақты да құраған негізгі тайпалардың атын көріп отырмыз. Сонда түркілік ұлы империяларға қазақтың қатысы үлкен болмаса, аз емес. Оны ауызбен айту оңай, дәлелдеу қажет.

Жоғарыда көрсетілген бір ғана оғыз тобымен қазақтың жақындығы жөнінде ғұлама Әлкей Марғұлан былай деп жазады: «...Ежелгі оғыз тайпаларының аттары осы күнге дейін қазақ халқының құрамында сақталып келеді. Мәселен: Ақ-қойлы, Қара-қойлы, Көктен (Көкден), Ошақты (Ошақ елі), Адай (Адақ елі), Кете, Кердері, Абдал (Эфталит)... «Қыпшақ шежіресі» деген кітапта айтылған, ең алдымен, ­Алаша хан, оның екі баласы болды, біреуі Сейілхан, одан сегіз арыс түрікпен, екіншісі Жайылхан, одан қыпшақ, кейін қазақ пен қарақалпақ. Түрікпендер Боз-оқтан тараса, қазақтар Үш-оқтан... Қазақтың эпос ­жырында оғыз бен қыпшақтың бір қосылған дәуірін «Көндігер-Құбаң жұрты» дейді. Құбаң Еуропа әдебиетінде айтылатын күнбатыс қыпшақ тайпаларының бір аты (Құбаң, Құман). Құбаң орысша айтылатын ­«Половцы» сөзіне дәл келеді (Сұрғылт, құба). Қазақта «Құба-құл» деген атақты алып болған. Орталық Қазақстанда Ереймен тауының солтүстік белесін «Құман тау» деп атаған, ерте кезде Құмандардың көп тұрған жері болу керек.

Қазақтың шежіресі бойынша «Көн­дігер» Сырдариядан күнбатысқа не оңтүстікке ауып кеткен тайпаларға берілген ат. Бұл атпен ескі қазақ тайпалары бір ғана оғызды, не Мысырға ауып кеткен Мамлюк қыпшақтарын әңгіме ететін.

...Мәселен, ежелгі аушар тайпасы қолданған таңбаға шекті ие болады, ­егдер таңбасына кете, шәуілдір таңбасына арғын, қайыр таңбасына алшын, салар мен жеменей таңбасына найман елі ие болып қалады. Демек, бұл айтылған тайпалар өзінің тарихи туысымен, тарихи таңбаларымен ежелгі оғыздардан тараған ұрпақ екенін білдіреді». Сонда тек қыпшақ емес, оғыз текті державаларды да біздікі деуге құқылы болып шығамыз. Этнографиялық, тілдік тұрғыдан қалған қарлұқ, шағатай, салжұқ топтарымен де, яғни қырғыз, саха, тува, хақас, өзбек, ұйғыр, түрік, әзербайжан, месхед, ­гагауыз, т.б. ұлттарға жақындығымыз ­немесе туысқандығымыз бөлек әңгіме.

Қыпшақтардың Мысырды, Үнді­станды билеуі, оларды ел қылып басын қосуы, сыртқы жаудан қорғауы мақ­таныш болғанымен, қалайда екінші кезектегі әңгіме. Алдымен біздің өзіміздің мемлекеттілік тарихымыз қымбат екендігін айтуға тиіспіз. Себебі тарихшыларымыз сол белгілі деректерді көлденеңдетуге құмар. Әрине Мәмбет Қойгелдиев, ­Талас Омарбеков сынды белгілі тарихшылар халқымыздың тең жартысынан көбі қырылған, қасіретке толы ХХ ғасырды біршама зерттегенін білеміз. Сондай-ақ өзге елдерде де бар әлдеқандай шовинистік не басқа да мүдделер тұрғысынан жазылған жалған тарихтың қазаққа берері шамалы. Ондайлар тек дау-дамай туғызады.

Президент айтқан тарихи сананы жаңғырту ісі тек тарихшыларға артылған жүк емес, киногерлерге, жазушыларға да қатысты. Қазақ тарихы Ілияс Есенберлин жазған кезден көп өзгерді. Дәлірегі – жаңалықтар аз емес. Сондықтан телесериалдар түсіріліп, жаңа романдар жазылары анық. Оған мемлекет те мүдделілік танытпай тұра алмайды. Себеп, өткен жылдың соңындағы Ресей Думасы депутаттарының (Никонов, Федоров, Жириновский) қазақ мемлекеттілігін жоққа шығарған мәлімдемелері секілді идеологиялық шабуылдар болмай тұрмайды. Сондай шабуылдарға төтеп беретін қоғамда иммунитет қалыптасуы үшін де тарихтың атқарар қызметі зор.

Қорыта келе айтарымыз, Ақ орда құрылған 1224 жылы да қазақ осы жерде бар болатын. Орыс хан таққа отырған 1361 жылы да, Керей мен Жәнібек хандық құрған 1465 жылы да қазақ көктен түсе қалған жоқ. Мүмкін, тіпті қазақ хандығын Ақ орда құрылған 1224 жылдан бастаған әділетті шешім ­болатын шығар. Ал одан арғы қазақтың шым-шытырық тарихын да анықтау тарихшыларға сын.

Дағжан Белдеубай

 «Aна тілі» газеті

 

1045 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *