- Инфографика
- 14 Ақпан, 2021
Теңгедегі құралдар инвестор үшін қаншалық тартымды?

Шетелдік инвесторлардың қандай да бір елдің мемлекеттік бағалы қағаздарына өз капиталын салуы жергілікті қаржы нарығы мен оның инфрақұрылымына деген белгілі бір сенім деңгейін білдіреді.
Осы тұрғыдан келгенде елімізде бағалы қағаздар нарығының даму деңгейі, мемлекеттік облигацияларымыздың жай-күйі қандай? Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздар нарығы шетелдік инвестор үшін қаншалық тартымды? Жалпы қашан да ірі капиталдың назарын тартатын осынау нарықты дамыту бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы Ұлттық банктің монетарлық операциялар департаменті директорының орынбасары Иван СЕРДЮК айтып берді.
– Дамыған нарықтардағы мөлшерлемелер төмен болып тұрған қазіргі жағдайда ұлттық валютамыз – теңгедегі құралдар шетелдік инвесторлар үшін өте тартымды болып табылады. Соңғы бірнеше ай ішінде бейрезиденттердің Ұлттық банктің ноттарына, сол сияқты Қаржы министрлігінің мемлекеттік облигацияларына капитал әкеліп жатқанын байқап отырмыз.
Теңгедегі мемлекеттік қағаздарға жергілікті брокерлік компаниялар, сол сияқты шетелдік инвестициялық банктер де қызығушылық білдіріп отыр. Қаңтардың соңында Қазақстан Республикасының мемлекеттік борышына шетелдік инвесторлардың салым көлемі теңгедегі баламасында 604 миллиард болды. Бұл – Қазақстан үшін байқау жүргізіп отырған кезеңдегі абсолютті рекорд.
Сонымен қатар Қаржы министрлігінің мемлекеттік облигацияларында бейрезиденттер қатарының өсіп отырғандығы атап өтерлік жәйт. Мәселен, өткен жылдың басында шетелдік инвесторлардың инвестициялары 0,9 миллиард теңге болса, 2021 жылғы қаңтардың соңында бұл сан 198 миллиардқа жетті.
2020 жылдың ортасынан бастап біздің ресми сайтта бейрезиденттердің Ұлттық банктің ноттарын иелену үлесі туралы ақпарат жарияланып келеді. Биылғы жылғы қаңтардың соңындағы жағдай бойынша аталған тұрғыдағы бейрезиденттердің үлесі 11,45% болды. Осы ретте бейрезиденттер тарапынан мемлекеттік қарызға сұраныстың артуы жергілікті қаржы нарығы мен оның инфрақұрылымына белгілі бір сенім деңгейін білдіретінін атап өткім келеді.
– Коронадағдарыс жағдайында бейрезиденттердің дамушы нарықтарға келуінің себебі неде?
– Төрткүл дүниедегі пандемия салдарынан туындаған жағдайдың әлі де тұрақсыз болуына қарамастан, инвесторлар дамушы нарықтардың барынша тәуекелді активтеріне тағы да қызығушылық танытуда. Яғни кәсіби тілде айтатын болсақ, біз «risk-on»-ды бақылаудамыз.
Вакцинациялау қарқыны жөніндегі оң деректер экономикалық өсімнің жуық арада қалпына келуіне сенімділік ұялатады және ұзақ мерзімді «локдаундар» мен шектеулердің енгізілу мүмкіндігін төмендетеді.
Мұнай нарығында Сауд Арабиясының өндірісті күніне қосымша 1 миллион баррельге ерікті түрде шектеуі оң нәтиже берді. Оның үстіне, ОПЕК+ мониторинг комитеті сұраныстың жақсартылған болжамдарымен қатар, бүкіл әлем бойынша біртіндеп вакциналаудың басталуын экономикалық өсу мен мұнайға сұранысты жеделдетудің негізгі факторы ретінде атап өтті.
Қазақстанның негізгі экспорттық тауары – мұнай бағасының оң серпіні, сондай-ақ инвесторлардың жоғары мөлшерлемелерге ұмтылу барысында жоғары тәуекелді активтерге қызығушылығы қазақстандық құралдарға қол жеткізуге қолайлы жағдайлар жасауда.
Сонымен қатар Ұлттық банк пен Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамыту жөніндегі бірлескен бастамалары да өз рөлін атқарғандығын айта кету керек. Республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыру мақсатында Қаржы министрлігі 2020 жылғы мамырдан бастап 1 жылдан 3 жылға дейінгі мерзімге бағалы қағаздар шығаруды жүзеге асыруда. Бұл жерде инвесторлардың басым бөлігінің нақ осы «қысқа» қағаздарға қызығушылық танытып отырғанын атап өткен жөн. 2021 жылға белгіленген жоспарларға сәйкес, Қаржы министрлігі 1,9 триллион теңге соманың көлемінде теңгелік облигациялар шығаруды қарастырып отыр. Аталған қаржы сомасының 1 триллионы 5 жылға дейінгі мерзімі бар облигацияларға жұмсалады. Ұлттық банк алдыңғы жылғы үшінші тоқсаннан бастап жылдық ноттарды шығаруды тоқтатты. Бұл Қаржы министрлігінің қағаздарына сұраныстың өсуіне себеп болды.
Осылайша, аталмыш нарық инфрақұрылымын дамытуға жұмсалған күш-жігеріміз өз жемісін бере бастады. 2020 жылғы тамызда іске қосылған Орталық депозитарий – DVP (Delivery versus payment) Clearstream желісі Қазақстанның қор нарығына инвестициялау үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етеді.
Белгілі бір деңгейде жергілікті қор нарығына деген сенімділікті қалыптастыру мақсатында қаржы реттеушісі сыртқы инвесторлармен байланыстың сапасы мен арналарын жақсартуға баса назар аударады. Осы тұрғыда Ұлттық банк Clearstream, Қазақстан қор биржасы және Орталық депозитаримен бірлесе отырып, DVP желісі аясында инфрақұрылымды жақсарту мен мүмкіндіктерді кеңейту бағытындағы жұмыстарды алға апаруда.
РЫМТАЙ САҒЫНБЕКОВА

1073 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *