Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 15 Ақпан, 2021

Əсел Мұсаева: Шашбау арқылы омыртқа қисаюының алдын алуға болады

Омыртқаның қисаюы үлкен-кішіге ортақ, әдеттегі аурудың біріне айналды. Бірақ оның адам денсаулығына тигізетін зардабы орасан зор. Омыртқасы қисайған адамның ең алдымен басы жиі ауыратын болады. Ал басы ауырған адам өнімді жұмыс істеп, тіпті дұрыс өмір сүре ала ма? Қазір екі оқушының бірінің омыртқасы қисайған. Қисайған омыртқаны түзеу де оңай шаруа емес. Ол үшін осы аурудың алдын алған жөн.

Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Әсел Мұсаева шашбау арқылы омыртқаның қисаюының алдын алуға болатынын зерттеп, авторлық құқық алған. Ұлттық әшекейлердің бірі шашбау мен шолпыны қазіргі қоғамға сай қауіпсіз, қолайлы әрі қолжетімді тұрғыда өзгертіп, бірнеше бөлшектерін қысқарту арқылы омыртқаның мойын-жақ бөлігіндегі аурулардың алдын алуға болатынын және вегето-тамыр ауруларын азайтуға көмегін тигізетінін атап өткен. 

– Бұл идея сіздің ойыңызға қалай және қайдан келді?

– Бұл әшекейді алғаш рет мұражайда көрдік. Сол сәттен бастап оған қызығушылығым оянды. Бірақ ол кезде ғылыми жұмыс туралы ой  болған жоқ. Біраз уақыт өткен соң құрдастарым омыртқасы ауыратынын айтты. Сосын өзім де осы мәселеге тап болдым. Өздеріңіз білетіндей, омыртқа ауруларының денсаулыққа кері әсері өте көп. Көбіне адамның басы жиі ауыратын болады. Ал одан жұмыс сапасы төмендеп, оқу процесіне кедергі жасайды. Содан кейін жетекшім Жанна Дүйсенбиева екеуміз осы мәселені шешу үшін, осындай тың жаңалықты ұсынуды жөн көрдік.

– Бұл жобамен жұмыс жасаудағы басты мақсатыңыз қандай?

– Бұл тақырыптың астарында ұлттық құндылықтарымызды насихаттау жатыр. Тақырыптың таралу аясы кеңейген сайын ұлттық құндылықтарға да баса назар аудару мүмкіндігі туындайды. Осы тақырыпты таңдаудағы  басты мақсатымыз да сол болатын, яғни ғылыми жұмыста көтерілген мәселемен жалпы халықты таныстыру, ұлттық құндылығымызды дәріптеу, оның мән-мазмұнын тереңдете түсіндіру. 

– Жобамен жұмыс жасауға қанша уақыт кетті?

– Бұл жобаны біз 2019 жылдың күз мезгілінен жасап келе жатырмыз, яғни бір жылдан асты. Алайда жобамыздың соңғы нүктесі әлі қойылған жоқ. Ғылыми негіздемесін нығайта түсу үшін алда тағы бірнеше айға созылатын, арнайы мамандармен бірге жасалатын тәжірибелік жұмыс күтіп тұр. 

– Жобаңызға қызығушылық танытушылар бар ма?

– Иә, әлбетте. Жұмыстың бастапқы кезеңінен мектеп оқушылары қызығушылық танытып келе жатыр. Содан кейін жоба «Қазақстан Республикасы ЮНЕСКО клубтарының бесінші шығармашылық академиясында» қорғалды. Қорғалу барысында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен Асфендияров университетінің профессорларының назарына ілікті. Тың тақырып екенін алға тартып, авторлық құқық алуды кеңес етті. БАҚ-та жариялағаннан кейін журналистер де, халық та қызығушылық таныта бастады. 

– Болашақта қандай тың тақырыпты жобамен жұмыс жасағыңыз келеді?

– Қазірге осы жұмысты өңдеп, тәжірибелік жұмысын аяқтап, өз мәресіне жеткізбекпіз. Сосын, қазақ халқының басқа да ұлттық киімдерінің пайдасын қарастырып, оны халықаралық деңгейге шығарсақ деген ой бар.

– Сұқбатыңызға үлкен рақмет!

P.S. Халқымыз әу бастан адамның тұрмыс-тіршілігіне, күнкөрісіне пайдалы дүниелерді қолданған. Қазірде эпидемиялық ахуалға байланысты сүт өнімдеріне сұраныс артып отыр. Неліктен? Себебі, сүт өнімдері барлық ауруға ем, өте пайдалы сусындар қатарында. Кезінде қазақтың қыздары шашбауды сәндік үшін емес, пайдасы үшін таққанын Әселдің ғылыми жұмысынан байқауға болады. Расында оның пайдалы екені нақтыланып, ғылыми айналымға еніп жатса, керемет емес пе?! 

Аяулым Абай,  
Абай атындағы 
РММИ-дың 11-сынып оқушысы. 
Алматы қаласы

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2021

 

1710 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз