Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 19 Ақпан, 2021

«Презрение». Автор не айтқысы келді?

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары таспаланған француз кинорежиссері Жан-Люк Годардың “Презрение” фильмін көріп алдым да, мұндай ғажап дүниені басқалармен де бөлісуім керек деген шешімге келдім.

Кино өнеріне жаңалық алып келген француз кинематографистерінің “жаңа толқыны” елуінші жылдардың аяғында-ақ көрерменін елең еткізер туындылар ұсына бастаған еді.

Коммерциялық киноларға мүлдем ұқсамайтын бұл фильмдер шынайы өмірді артық боямасыз көрсетуімен ерекшелене түсті.

Әдетте біз бояуға тым малшынған өмірді көргенде “мұндай өмір тек кинода ғана” деп жатамыз ғой. Себебі, көп кинотуындылардан тым тәтті, тым әдемі өмірді көреміз. Бәрі елжіреуік көңілдерімізді дөп басып, өзіміз шамалағандай “бақытты” сәттермен аяқталады. Немесе керісінше бақытсыздықпен аяқталып, көрермен сезімін сілкілеп алады.

Автор көрерменіне ойлануға мұрша бермейді. Әсерлі оқиға. Құрастырылған картиналар тізбегі. Тек эмоция. Бір сәтке серпілесің не “уффф, осылай бітетінін шамалап ем” дейсің. Осымен ол киноның мақсаты тәмам. Осындай кино көріп өстік. Әлі көріп келе жатырмыз.

Ал менің бүгінгі айтқым келгені - “жаңа толқынның” көрнекті өкілі Жан-Люк Годардың 1963 жылы көрерменіне ұсынған

“Презрениесі” туралы

Бұл кино көңілімді астаң-кестең еткені былай тұрсын, “әйел мен ер адам қарым-қатынасының құпиясы мына жерде жасырылған” дегенді нұсқағандай емінтіп қойды.

Автор не айтқысы келді?

Әр деталі, әр картинасы сөйлеп тұрған кино соншалықты қарапайым әрі соншалықты күрделі еді.

Түсінікті болуы үшін мазмұнына қысқаша ой жүгіртейік.

Қарапайым ғана кино туралы кино.

Капри аралында Гомердің «Одиссей» шығармасының негізімен түсірілім жұмысына дайындық жүріп жатады. Америкалық продюсер Джереми Прокош туынды режиссері Фриц Лангтің авторлық кино түсірмек ойымен мүлдем келіспей, белгілі жазушы Пол Жевальге сценариін қайта жазуға тапсырыс бермек болады. Тарихи туындыға төбелес, жұдырықтасу мен жалаңаш әйелдерді қосып, көрермен көретіндей “қызық” блокбастер туындыға айналдыру міндеті қойылады.

Кино өнерінің ақшалы адамның уысына түскеннен кейінгі тағдыры осылай өріледі әрине. Өнер мен ақшаның ешқашанда қабыспайтынын айтып, пәлсапа соқпайын бұл жерде.

Кино басталғанда видеокамера көрерменге бағытталады. Режиссер бұл арқылы көрерменге “сенің өмірің көрсетіледі” дегенді бір детальмен ұқтыра салады.

Фильмде Одиссей мен Пенелопаның қарым-қатынасы туралы кино түсіріліп жатыр. Сол дәуірдегі адам психологиясы XX ғасырда өзгерді ме? Камилла мен Полдың жағдайының Пенелопа мен Одиссейден айырмашылығы жоқ екенін екеуін қатарластыра бере отырып, режиссер шебер жеткізген. Тек ол дәуірде әйелді бағындыруға, қарым-қатынасты реттеуге қарудың күшін пайдалануға болса, кейінгіде мүмкін емес. Сценарий жазып, ақша табу үшін әйеліне продюсер көз салса да, көніп, бейшара қалыпқа түскен Пол Жевальды біресе аяйсың, біресе кіналайсың, біресе ынжықтығына күйінесің, біресе тығырыққа тірелген күйіне түсіністікпен қарайсың. Бұндай оқиға қазір жоқ деңізші. Жоқ дей алмайсыз.

Дәл Пол Жевальды кінәлағандай әйелі Камилланы да жек көресің, ақтайсың, ұрысасың. Күйеуіне сатқындық жасады дейін десең, күйеуі өзі итермелеп тұрғандай. Моральдық құндылықтарды алдыға қоятын көрермен үшін түсініксіз қарым-қатынас.

Кинода әрбір деталь сөйлеп тұр деп ем ғой. Түстер үйлесімділігінің өзі кино оқиғасының тереңдігін береді. Түстер ұйқасып, әдемі картина құрағанмен, өмірді олай құрай алмайсың дейді режиссер түстерді ойнатуымен. Ал кино кейіпкерлерінің бірде-біреуінің эмоциясын көрсетпеуі - режиссердің шеберлігінің шыңы дер ем. Басқа киноларда жанама кейіпкерлер оқиғаларға реакциясын көрсетіп жатады. Ернін сылп еткізеді, таңырқай қарайды немесе басқа кейіпкермен ымдасады, күледі дегендей.

Ал “Презрение” кейіпкерлері міз бақпайды. Әркім түк болмағандай өз ісімен шұғылдана береді. Көрерменге өзің ойлан дейді. Миыңның қатпар-қатпарын қозғайды. Рахат емес пе?!

Ал фильмдегі тартысты сәттер өтетін Пол мен Камилланың пәтеріндегі шала істелген жөндеу жұмыстары, жайрап жатқан бөлмелер, жуылмаған ыдыстар, ілінбеген айна сияқты көңілсіз көріністер пәтер иелерінің реттелмеген қарым-қатынасын айқындаған үстіне айқындап тұр. Камилланың ас бөлмеде ыдыстарын қолынан түсіріп алып, оны жинауға да құлық та танытпай, аттап жүре бергенінен-ақ, Камилланың психологиясын аңғарасың. Түйсігіңмен әйелдің күйеуіне опасыздыққа әзір екенін сезесің.

Әйел - күштінің алдында әйел. Жұбының әлсіздігін сезсе, мүсәпір халін көрсе, безініп кетеді. Онысын жасырғысы кеп әрекеттенгенмен, бәрібір мысы жоғары адамның алдында бәсі төмен. Осы тұрғыда қалталы продюсер Джеремидің өктемдігі, батылдығы Камилланы қызықтырмады деп айта алмайсың. Джеремиге тәуелді, шешім қабылдауда әлсіздік танытқан күйеуінен әп сәтте жеріп шыға келгенін ақтайын десең де ақтай алмай, шатасасың.

Міне, өнер.

Бар болғаны бір сағаттан сәл асатын уақытта миыңның миллион клеткасы оянып, өз ойыңмен өзің арпалысасың.

Міне, кино.

Қарапайым өмірді көз алдыңа әкеліп, әр кезде ойлануға ерініп, миыңның бір бұрышына тыға салған ойларыңды қозғайды.

Міне, өмір.

Адам деген жұмбақ жаратылыстың құпиясына бас қатырасың. Ізгілік сәулесі жарқ еткен тұсқа мойныңды сонша созасың...

Өйткені сіз әйел жаратылысына , нәзік те күрделі ер мен әйел қарым-қатынасының қалтарыстарына ой жүгіртесіз...

“Презрениені” тек көру керек.

Камилла - Брижит Бардо

Пол Жеваль- Мишель Пикколи

Джереми Прокош- Джек Пэланс

Фриц Лангті режиссер Фриц Лангтың өзі ойнайды.

Айнұр Мұрат, kazgazeta.kz тілшісі

1021 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз