Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Безбен
  • 21 Ақпан, 2021

Жайылым тапшылығын қалай жоямыз?

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінде "Жайылымдар туралы" Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру туралы" тақырыбына арналған кеңейтілген отырыс болды.

Кездесуге депутаттардан басқа орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, фермерлер қауымдастығының және шаруа қожалықтарының өкілдері қатысты. Кездесуді комитет төрағасы Әли Бектаев жүргізіп отырды.

Отырыстағы негізгі мәселенің бірі - өңірлердегі жайылымдардың тапшылығы және осы проблеманың шешімін заңнамалық қамтамасыз ету болды.

"Қазіргі уақытта ауылдық елді мекендердегі жайылымдық жерлердің тапшылығы барлық облыстарда байқалып отыр. Малдың 80%-ға жуығы ауылдық елді мекендер маңайында және оның айналасында жайылады. Осыған байланысты бұрын жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту үшін бөлінген 21 млн.га жуық жайылымдық жерлер қатты тозып кетті", - деді сенатор Сұлтан Дүйсембинов.

Депутаттың айтуынша, кейбір ауыл тұрғындары кезінде ұзақ мерзімге ауқымды жерге ие болғанымен бүгінде оны пайдаланбай отыр. Әрине, бұл жағдай жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырады. Ол сондықтан да осы бағытта қолданыстағы заңнамаға түзетулер енгізу қажет деп санайды.

Мемлекеттік органдардың өкілдері осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айта келіп, ауыл тұрғындары үшін жайылымдардың тапшылығын өздері де растады.

Отырыс қорытындысы бойынша оған қатысушылар ұсынымдар әзірледі.

"Мен бүгін жергілікті жерлерде "жайылым пайдаланушылар бірлестігін" құру қажеттілігі туралы айтылған ұсыныс қолданыстағы заңнамаға және біздің елімізде іске асырылып жатқан саясатқа сәйкес келеді деп санаймын. Сонымен қатар, жекелеген мал иелерінің осы ұйымдарға міндетті түрде кіруі жөніндегі заң нормаларын белгілеу, сондай-ақ осындай бірлестіктер мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілеттіктерін кеңейту маңызды", - деді комитет төрағасы Әли Бектаев

Сенаторлар сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігіне кейбір заңнамалық актілерге, оның ішінде Жер кодексіне жайылым тапшылығы мәселесін шешуге ықпал ететін түзетулер енгізу мәселесін пысықтауды ұсынды. Ал жергілікті атқарушы органдар жайылым жерлерін түгендей отырып, әрбір ауылға қажетті жайылымды анықтайды және жайылым инфрақұрылымын дамыту шараларын жүзеге асуына бақылауды күшейтетін болады.

1321 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз