Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 22 Ақпан, 2021

Аружан Әнуарова: Біз ең алдымен елімізге керекпіз

Аружан Әнуарова – АҚШ-тың, Нидерландтың, Түркияның және Латвияның грантын ұтып алса да, Қазақстанда қалғанды жөн санаған қазақ жастарының бірі. Оның айтуынша, қазақстандықтардың 22 пайызы білім іздеп шетел асып, сол жақта тұрақтап қалады екен. Мұндай зияткерлік миграция елімізге өте зиян әрі білімді адамдар бізге де керек екені айдан анық.

Аружан – Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі. Оқушы кезінде тақырыбы әртүрлі жобалар жасап, ғылым жолында өзін сынап көрген. Мысалы, 8-сыныпта Орал қаласының экологиялық мәселелерін көтерсе, 11-сыныпта БАҚ-тың жасөспірімдер санасына қалай әсер ететінін зерттеді, ал 12-сыныпта Каспий теңізінің болашақ дамуына шекаралас мемлекеттердің қандай үлесі бар екенін анықтады. Аружан мұндай жобалармен білім додасында бақ сынау үшін емес, зияткер тұлға ретінде даму үшін айналысты. Оның таңдаған тақырыптарына қарап-ақ елдің болашағына қалай алаңдайтынын байқауға болады.

Шетелдік гранттарды қалай ұтып алды? 

– 11-сыныпқа көшкен кезде шетелдің жоғары оқу орындарының талаптарын, бағдарламаларын, оқыту деңгейін жіті зерделей бастадым. 12-сыныптың қараша-желтоқсан айларында оқу үлгерімін көрсететін транскрипт, халықаралық емтихандар қорытындыларын, мотивациялық хат пен ұсыныс хат секілді барлық құжатты жинап, тапсыратын уақыт басталды. Осы кезде өзіме ұнайтын білім бағдарламасына басымдық бердім. Осылайша, АҚШ, Нидерланд, Түркия және Латвия елдеріндегі бірнеше жекеменшік және мемлекеттік университетке тапсырамын деп шештім. АҚШ-тың Флорида және Нью-Йорк штаттарында орналасқан университеттің 60 мың АҚШ долларлық гранттарын иеленсем, Нидерландтағы Неймеген мемлекеттік университеті – толық грант, ал Түркия мен Латвия мемлекеттеріндегі жоғары оқу орындары толық грант пен 75 пайыз жеңілдік ұсынған еді. 

Шынымды айтсам, сол кездері басталған пандемия, онлайн оқу, мектебімдегі апайларды қимай, көңілім жабырқау еді. Сабақты аяқтап, ноутбугымды өшіріп жатқан сәтте поштаға хат келгенін көріп қалдым. Бұл хатта Флорида университеті мені оқуға қабылдауға дайын екені жазылыпты. Кейін бір ай ішінде құжат тапсырған барлық жоғары оқу орнынан жауап келді. Отбасымызбен қатты қуандық. Қазір ол гранттардан бас тартқаныммен, еңбегімнің ақталғанына және сондай деңгейге қол жеткізгенім – көп нәрсе өз қолымызда екенін дәлелдеді.

Аружан шетелдік гранттарға қол жеткізгенімен, Қазақстанда оқуды жөн санаған. Шетелге оқу іздеп кеткен жастардың көбі Қазақстанға керек екенін сезінбейтінін айтады. Қазір Аружан – Нұр-Сұлтан қаласындағы Astana IT University-де Big Data Analysis мамандығының студенті.

    Аружанның мотивациясы 

Халықаралық және қорытынды емтихандар тапсыру кезінде қобалжып жүретінмін, оқу орным мен мамандықты дұрыс таңдадым ба деген сұрақтар да мазалайтын. Қазіргі басты мақсатым – оқу. Келешекте елімнің дамуына үлесімді қосу үшін лайықты мамандық иесі болуым қажет. Ол үшін білім мен еңбекті ұштастырып, еңбектенуім керек екенін түсінемін. Жастар осындай жолды таңдау арқылы елді көркейте алады. 

Аяулым Абаева, 
Абай атындағы РММИ-дың 11-сынып оқушысы.

«Ақ желкен» журналы, №2
 

 

1530 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз