Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 28 Ақпан, 2021

Қырық жылдан бері шырқалған әннің қандай "сиқыры" бар?

Бұл Крис Норман (Chris Norman) мен Сьюзи Куатро (Suzi Quatro) орындайтын 70-жылдардың хит әні - “Stumblin’In” әні. Әлем халқы қырық жылдан бері бұл әнді тыңдап қана қоймай, айтып та келе жатыр. YouTube желісінде белгілі әншілерден бастап, әуесқой өнерпаздар, қарапайым адамдар да орындаған кавер-нұсқалары самсап тұр. Миллиондаған жүректер қосыла шырқаған бұл әннің қандай “сиқыры” бар? 

Жақында кездейсоқ Крис Норман мен Сьюзи Куатро дуэтін желіден көзім шалды. Бұған дейін талай көрсем де, бұл жолы ерекше әсерлене көрдім. Қос әншінің дауыстары мен орындау шеберлігінен бөлек шынайы болмыстарына таңқалдым. Ән мазмұнын қарапайым көзқарастарымен қалай жеткізе білген?! 

Лықсып төгілген эмоция, жастық қуат, шаттанған, бұлқынған жүректер үні - бәрі-бәрі бар. Бұл әннен сол кездегі жастардың албырт сезімдерін, алғаусыз махаббаттарын, құштарлықтарын көресің. Жасандылықтың ізі де жоқ. Көңіліңді шарықтата көтеріп, жүрек түкпіріндегі мұңды сыпырып тастайды. Жаның ғажап бір адалдықты аңсайды. Өмірдің тіні де, мәні де - махаббат екенін бар болмысыңмен сезінесің. Өнер деген осы болса керек. Кейіндері әдемі жерде мінсіз бейнебаян түсіріп, сахнада эмоциясын көрсете алмай, әнді әдемі даусымен айтып шығатын әншілерді көре-көре көзіміз айныды ма екен... 

“Stumblin’In” әнінің шығу тарихын білгім кеп құмарттым. Әнді жазған Майк Чепмен мен Ники Чинн XX ғасырдағы әйгілі “Smokie” тобы мен Сьюзи Куатро орындап жүрген көптеген туындылардың авторлары. “Smokie” тобы кезекті марапаттарын алып, атап өту кешін өткізеді. Әннің идеясы сол кеште туады. Майк қуана қауышқан жастардың арасында  Норманның Куатроны ерекше жылылықпен құшақтап тұрған сәтін көріп, бұл жұп ән айтса, миллиондаған жүректерді жаулап аларын сезе қояды. Сол жерде әннің  “our love is alive” (“махаббатымыз мәңгілік”) деген жолдары туады. Майктың идеясы Сьюзиге де, Криске де ұнайды. 1978 жылы дүниеге келген ән әлемге таралды. Жаһан халқы тамсана, қосыла шырқаған хит ән Америкадағы  “Billboard Hot 100” чартында төртінші орынды иеленіп, үздік туындылардың көш басында тұрды. 
Сьюзи Куатро - Америкада өнер иелерінің отбасында дүниеге келген талантты қыз. Ол 8 жасында өнер көрсетіп, 14 жасында өзінің екі әпкесімен бірге  “Pleasure Seekers” қыздар тобында ән айтып танылған болатын. Крис Норман мен Сьюзи бір жылдың төлдері. Кристі ата-анасы музыкамен айналысқаннан гөрі нақты мамандық игергенін қалайды. Бірақ Крис  өзі сияқты жастармен топ құрып, клубтар мен пабтарда ән айтады. Болмашы ғана ақша тауып өнер көрсетіп жүрген жастар бұған қынжылмайды. Себебі олар жүрек қалауының үнін тыңдап, өнер жолында жүргендері үшін өздерін бақытты санаған-ды. Олар құрған топтарын 1974 жылы ғана “Smokie” деп атай бастады.

Крис Норман - Ұлыбританияның аты аңызға айналған әнші, композиторы. “Midnight Lady”, “Baby I Miss You”, “Stay One More Night” сынды хит әндерімен әлемді тамсандырған әнші.

Ән қос жүректің лүпілі, сыры туралы дедік. Сахнада бұл жұпты көріп отырып, расында екеуі бір-бірі үшін жаралған жандардай көрінетіні сонша әндегідей “махаббаттары мәңгілік” болса екен деп тілейсің... Екеуінсіз бұл ән тұл сияқты сезіледі. Бірақ өмірде оқиға мүлде басқаша. Крис Норманның 1970 жылдары бас қосқан, алақанына салып аялап отырған Линда есімді жары бар. Ал Сьюзидің өмір жолы бөлек. Екеуі араларында ешқандай байланыс болмағанын айтады.  “Әттең” дейсің өкіне. Олай өкінуге қақың жоғын біле тұра махаббатқа қиянат жасалғандай сезімде қаласың.

Сахнадағы жүректі елжіреткен  ғажап жарасымдылық пен үйлесімділік тек сахнада қалып қоймаса деген тілек екен ғой жаныңды сыздататын...


Айнұр Әкімбайқызы

36472 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз