Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 01 Наурыз, 2021

«Жігіттерге жат кәсіп емес»

«Сән әлемі – әйел адамдарға тән сала, жігіттерге жат кәсіп» деген түсінік бар. Қас пен кірпік жасаумен айналысатын шебер Ақтілек Ташкенбай мұнымен түбегейлі келіспейді. Шебер «Ұлан» оқырмандарына бұл индустрияға қалай келгенін және не себепті дәл осы саланы таңдағанын әңгімелеп берді.

Бұл салаға қалай келді?

Қазір өзін-өзі күтетін, әдемі боянып, ерекше шаш үлгісін жасайтын адам көп. Оларға қарап сүйсінесің. Әсіресе, қыздар неше түрлі макияж жасап, сұлулығын одан әрі әсемдей түседі. Мен үшін де сән әлемі бір өнер, сала ретінде қызық болды. Кішкентай кезімде туыс әпкелерімнің боянғанын көріп жүрдім. Іштей мен оларды әдемі етіп бояп берсем ғой деп ойлайтынмын. Есейе келе арнайы бет әрлеу курстарынан көріп, неге оқып көрмеске деген ой келді. Содан арнайы бет әрлеу курсына қатыстым. Кейін Қызылордадағы Динара Алмусаева деген шеберден қас пен кірпік жасауды үйрендім. Осы салада жұмыс істеп келе жатқаныма төрт жыл болды.

Жұмыс ерекшелігі

Қас пен кірпік жасау жұмыс емес, хоббиім сияқты. Ал сүйікті ісіңмен айналысып, сол арқылы табыс табу екі есе шабыт сыйлайды. Осы істен ләззат аламын.  

Кейбіреулер қас пен кірпік жасауды оңай көреді, енді біреу қажеті жоқ жұмыс деп есептейді. Мен ол кісілердің ойымен келіспеймін. Қас пен кірпік – адам келбетіне ерекше әсер беріп тұратын маңызды бөлік. Сол үшін бұл қызметтің қаншалық жауапты екенін ұғыну керек. Клиент бет әлпетін сізге сеніп тапсырады. Сол сенімді ақтай білу керек. Бет әрлеушінің жасаған макияжы ұнамай қалған жағдайда, оны сүртіп тастауға болады. Ал қас пен кірпікті дұрыс жұлмау немесе боямау адамның көркін кетіріп, көңілін түсіреді. Әрі орнына келтіру біраз уақытты қажет етеді. Сол себепті адамның сырт көзге сұлу, жинақы, табиғи көрінуіне шебердің де үлесі бар. 

Жұмыс кезінде адамның тек сұлулығына емес, денсаулығына да мән береміз. Аллер-гиясы бар-жоғын, ағзасындағы қандай да бір өзгерістерді алдын ала сұраймыз.

Қыздар арасында сұра-нысқа ие қызмет түрі – қас коррекциясы. Қыздардың қасын жұлып, бір формаға келтіремін. Намаз оқитын қыз-келіншектер ұзақ уақыт бойы өшпей тұратын, су өтпейтін бояу жақтырғысы келмейді. Сол үшін олардың қасын қынамен бояймыз. Қымбат және ұзақ уақыт сақталатын перманент қас деген бар. Оның өзінің теньмен боялғандай қою түсі және ашық түсі болады.  

Сонымен қатар қас форма-лары көңілді, салмақты, өзінше қас деп те бөлінеді. Кейбірі өзінің бет әлпетіне сай келмейтін қас формасын сұрап келеді. Оларға шебер ретінде өзіне жарасымды түрін ұсынып, соны жасауға тырысамыз.  

Ал кірпік күтімінің негізгі үш түрі бар. Олар корей құрамы, итальян құрамы, француз құрамы деп аталады. Корей құрамы – кірпікті ұзарту және қою түспен бояу. Итальян құрамына кірпікті емдеу, бояу және оны өсіру кіреді. Ал француз құрамы жоғарыда аталғанның барлығын қамтиды. Процедураның бағасы сапасы мен қызметіне байланысты.

Саланың артықшылығы мен кемшілігі

Сән саласында жұмыс істеудің тиімді тұсы көп. Біріншіден, өзіңді күтесің. Салонда барлық шебер жаныңнан табылады. Стилің де өзгереді. Қара жұмыспен айналысып жүрген қатарластарым өз жасынан үлкен көрінеді. Әрине, мен оларды түсінемін. Оларда күтім жасайтын уақыт та, орта да жоқ. Ал маған клиенттерім жас көрінетінімді жиі айтады. Екіншіден, үнемі көңілді жүремін. Күнделікті түрлі адаммен жұмыс істеген соң, тез тіл табысуды үйрендім. Үй тірлігінен шаршаған жанға әдемі әсер сыйлап, қуанту да бір бақыт. Үшіншіден, қатып қалған жұмыс кестесі жоқ. Өзіңнің әрі клиентіңнің бос уақытына қарай ыңғайлайсың.

Ал кемшілігіне келетін болсақ, жалақы тұрақты емес. Кейде үй-үйді аралап, қызмет көрсетуге тура келеді. Жұмыс кезінде қас жасайтын құрылғыны адам бетіне жақын ұстаймыз. Ол құрылғы өте қауіпті. Бірақ оны түсінбей, процедура барысында телефонмен қайта-қайта сөйлесіп немесе сағыз шайнап, кейде тоқтамай әңгіме айтып, кедергі келтіретін клиенттер де бар. Мұндай кезде сақ болуға тырысамыз.

Табысы

Қызылордада жүргенімде ай сайын 500 мың теңге табатын едім. Алматыға келгеніме бес ай ғана болды. Мен үшін ақшадан гөрі сапа маңызды. Бұл жақтағы табысым әзірге екі есе аз. Өзімнің қажетіме артығымен жетеді. Құрал-жабдықты жиі ауыстырып тұрамын. Клиентіме сапалы қызмет көрсетсем, табысымның да артатынына сенемін.

Қазақстандағы мамандыққа қатысты стереотип

Жоғарыда айтқанымдай, кейде үй-үйге барып қызмет көрсетуге тура келеді. Сондай кезде «қас жасауға неге ер адам шақырғансың?» деген әңгіме естимін. Әрине, бұл салаға келгенге дейін мұндай сөз болатынын білдім. Отбасымның қолдауы арқасында қоғамдағы таптаурынға қарсы тұру қиынға соқпады. Дегенмен, достарым «сән студиясында  істесең, қыз сияқты болып кетесің», «қыздың жұмысы» деп жиі айтатын. Ондай ойға келіспеймін. Бұл салада жүрген жігіттің бәрі боянады деген сөз емес. Келушілер өзінің бет әлпетін сеніп тапсырмас бұрын шебердің түріне мән береді. Сол себепті кәсіби маман ретінде қасымның формасын келтіріп, реттеп қоямын. Бірақ боянып жүрмеймін. Бұл әрекетімді өрескел деп ойламаймын.

Біздің елде көбінесе модель болып жұмыс істейтін жігіттер ғана сұлулық салонының қызметіне жүгінеді. Меніңше, тек қыздар емес, ер азаматтар да күтінуі қажет. Әр адамның жаны мен тәні үйлесім таба білуі керек.

Жалпы мамандық жыныс таңдамайды деп есептеймін. Ең бастысы адамның икемі мен ниеті болса жеткілікті. Бір қызығы, әйел адамдардың көбі шебердің ер адам болуына мән береді. Олардың айтуынша, біз әйелдерге қарағанда ұқыпты, тиянақты, жарасымды етіп жасайды екенбіз. Ал мұндай іс қолыңнан келіп тұрса, неге істемеске? 

Нарқыз Ерес

«Ұлан» газеті, №8
23 ақпан 2021 жыл

 

 

2725 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз