Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 02 Наурыз, 2021

Жасөспірім ақшаны қайдан табады, қалай жұмсайды?

Екі-үш жыл бұрын Орал қаласындағы бір мектептің оқушыларымен кездесуге бардық. Мақсатымыз – қолыңыздағы журналдың тарихынан аз-кем сыр шерту. Әрине, білгенімізше. Содан соң кітап оқу туралы, журналистика әлемі жайлы білгенімізді бөлісу. Одан әрі қарай, қойылып жатса, сұрақтарға жауап беру. Кәдімгі, әдепкі кездесу. Айтылмай жүрген әңгіме емес. Тауып алған қазынамызды бірінші рет осыларға таныстыратындай-ақ желпулі көңіл. Кенет... бүйрегімнен біреу түртті. 
– Иә?
– Ағай, сіз журналиссіз бе? – дейді бір сары домалақ. Шамасы, 
бес-алтыншы сыныптың баласы. 
– Иә.
– Сіздердің айлықтарыңыз қанша?
– Оны қайтейін деп ең?
– Жай...
Әлгі желпулі көңіл әп-сәтте басылды да қалды. Біз не айтпақшы едік өзі?! Ойымызда қатталып қалған «нақыл сөздер» бірінен соң бірі ақтарылып қалмаушы ма еді? Төгілетініміз бар еді ғой мұндайда. Жоқ. Сап тыйылыпты. Басқа бірдеңе айту керек екен. Тіпті оны басқаша айту керек екен...

«Ақша туралы балаға айтылатын сөз дұрыс емес»

Қаржылық сауаттылық деген бір ой осыдан шықты. Қайткен күнде де баланың ақша туралы ойламауы мүмкін емес. Бай болғысы келеді. Тіпті ол үшін өзінің қандай жолмен байыйтыны маңызды емес. Ал оған ақшаның есебі, қаржылық сауаттылық туралы қалай айтамыз? Мәселен, UIB Бизнес мектебінің директоры, экономист Мақсат Халықұлы сұрағымызға былай жауап береді:

– Иә, бізде қаржылық сауаттылық бойынша арнайы оқулықтар жоқ. Осы олқылықтың орнын толтырсақ деп ойлаймын. Бірер жыл бұрын «Балапан» арнасында «Әмиян» деген бағдарлама болды. Соның бір хабарына қатысқаным бар. Басында бұл бағдарламаға 12-13 жастағы балалар қатысады деді. Кейін қарасам, сонда 9 жасар бала жүрді. «Тым жас қой, қаржылық сауаттылықты игеріп кете ала ма?» деп ойланып қалдым. Дегенмен сол бала қатысушылардың ішіндегі ең пысығы боп шықты. Бүкіл қаржылық мәселені түсініп, өзі сауда жасап, «тұтынушылық құқым бар» деп түбіртекті талап етіп тұр. Сонда ерте жастан бастап-ақ түсіндіруге болатынын ұқтым. 

Кейінгі уақытта, Кембридж университетінің ғалымдарының зерттеуі бойынша, 7 жастан бастап-ақ балада ең алғашқы қаржылық түсініктер пайда бола бастайды екен. Ал қазақ баласы үшін бұл ертеректеу болады деп ойлаймын. Бастауыш сыныпты бітіре салысымен-ақ арнайы пән оқытылса, кеш емес. Кейінірек «Экономикаға кіріспе» деп енгізуге де болады. Өйткені біздің қоғамда ақшаға деген көзқарас дұрыс емес. Тәрбие беру барысында ақшаны балаға жағымсыз қылып көрсетеді. Мысалы, «ақшаға беріліп кетті, дүниеқоңыз болып кетті», «алтын көрсе періште жолдан таяды», «ақша – қолдың кірі» деген сияқты жағымсыз әсер беретін сөздерді айтады. Неге жақсы сөз айтылмайды деп ойлайсың. Балалар кішкентай кезінен сұрап тұрса, қолына ақша бермейміз. «Не үшін керек?» деп сұрақтың астына аламыз. «Ақша – тауар. Бірақ бұл ерекше тауар, оны кез келген затпен алмастыра аласың. Бойына кез келген дүниені сыйдыра алатын ерекше қасиеті бар» деп түсіндіруіміз керек. Сосын қолына ақша ұстатып, жинағыш беріп, ақшасын жинап үйретуіміз керек. Қалаған дүниесін жинаған ақшасына алсын. Ал ақшаны қалай жинау керек? Әрбір жетістігін ақшаға бағалау керек. Мақтау қағазын алса да қаржылай бағалап отырған дұрыс. Бір жағынан, балаға мотивация болады, екіншіден, өзі ақша жинап, керегін ала алады. Балада жауапкершілік өседі деп ойлаймын. Бірақ бізде тәрбие беру барысында алаңдаушылық болады. Осындайда бабамыздан қалған жақсы сөз бар. «Ақылды адам байыса, дүние-мүлкін ту етеді, ақымақ адам байыса, дүние-мүлкі оны құл етеді» деген. Осы жағын – ақшаны ақылмен басқаруды түсіндіргеніміз дұрыс сияқты. Ақша деген жаман дүние емес. Егер сен жағдайыңды жасасаң, ең бірінші кезекте ата-анаңды риза ете аласың, әкеңе жақсы көлік сыйлай аласың, анаңды жақсы жерге демалысқа жібере аласың, бауырларыңа көмек бере аласың деген секілді. Ақшаны осылай насихаттап, түсіндіру керек деп ойлаймын. Өйткені бала кезде ақшаға деген көзқарас дұрыс қалыптаспағандықтан, кейін отбасы құрғанда ұрыс-керістің көбі ақшаның айналасында болады. Ажырасуға себеп негізгі фактордың бірі – материалдық жағдайдың жоқтығы, – дейді қаржы маманы.

«Қомақты қаржыны жан қинамай табуға ұмтылу керек шығар»

– Егер бала ерте жастан табыс табам деп жатса, оның жолын кеспеу керек. Бізде көбіне әкелер «әкең тұрғанда нең бар?» деп намыстанып, тыйып тастап жатады. Меніңше, олай болмайды. Қамқорлық жасағанымыз дұрыс, алайда біз қашанда балаларымыздың жанында боламыз. Сондықтан балаға ақшаны табудың және оны басқарудың жолдарын үйрете бергеніміз дұрыс деп есептеймін, – деген пікірді де қоса кетті Мақсат Халықұлы.  

Ал қазір балалар ақшаны қалай табады? Жасыратыны жоқ, оқудан былайғы күндері жұмыс істеп жүрген жасөспірімдер аз емес. Ал тапқан табыстарын қалай жаратады? Оны балалардың өздерінен сұрап көрдік.

Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Ақши ауылының «Ақши» орта мектебінің 7-сынып оқушысы Арсен Қайратұлы былай дейді:

– Мен бұрын күнделікті өмірде қолданатын заттар саттым. Юпи сатумен бастадым. Кейін шоколад, қытырлақ нан саттым. Аудан орталығынан арзандау бағаға сатып әкеп, ауылды аралап жүріп өткіздім. Бес жүз теңге жұмсасам, мың теңге табатынмын. Жазда қауын сатып жүрдім. Үржар ауданынан 25 теңгеге қауын әкеп, оны 40 теңгеден саттым. Осылай екі жылдай айналыстым. Ауыл адамдары еш ренжіген жоқ. Себебі, менің бағам ауылдың дүкенінен арзанырақ болды. Ал қазір достарым, ауылдың балалары үлкен кісілерге көмектесіп, солардың шаруасын істеп беріп ақша табады. Көбіне қой кезегін бағып береді. Қазір қой кезегінің бір күндік бағасы – 3000 теңге, – дейді Арсен. Бұл пікірді Арсеннің анасымен келісе отырып жазып алдық. «Қазір жұмыс істеткізбеймін, сабағына қарасын деп тыйым салдым», – дейді анасы.

Бұл – шалғайдағы ауыл баласының пікірі. Ал қала балалары қандай «тірлік» жасап жүр? Оны да сұрап көрдік. Мысалы, Шымкент қаласының тұрғыны Досымжан Аңсағанұлының әңгімесі мынадай:

– Сыныптас достарыммен бірге тойхана, мейрамханаларда даяшы болып жұмыс істедім. 2000-3000 теңге береді күніне. Қымбат мейрамханаларда 4-5 мыңға дейін төлейді. Сыныптас досымның ағалары шлакоблок жасайды. Кейде достарымызбен сонда жұмыс істеуге барамыз. Күніне 6000 теңгеден береді. Шымкент қаласындағы «Гауһар» тігін фабрикасында жүк тасушы болып та істеп көрдім. 

Қазір жұмыс істеп жүргем жоқ. Әке-шешем жұмыс істейді. Таршылық көрмеймін. Ал жұмысты артық ақша болу үшін, өзім қалаған қымбатырақ затқа ақша қосып, әке-шешеме алдыру үшін істейтінмін. Сол «Гауһар» фабрикасында әкемнен үлкен кісімен бірге жұмыс істедім. Мен секілді жүк тасушы. Бірақ жасына қарай өзін бізге бастық санайтын. Бастықтармен амандасқанды, солардың көзінше бізге айқайлап сөйлегенді жақсы көруші еді. Біздің оған жынымыз келеді. Келеке етеміз. Бірақ оның орнына өзімді қойып елестетуге қорқам. Сондықтан қазір тиын-тебен табу үшін қара жұмыс істегенше, барыңды салып оқып, қомақты қаржыны жан қинамай табуға ұмтылу керек шығар.

Байқағанымыздай, бұл пікірлерде ақшаны қалай табу мен қалай жұмсау туралы ғана ой бар. Ал қаржылық сауатты қалай ұғындыра түсеміз?

– Қазір бірте-бірте цифрлық ақшаға өтіп жатырмыз. Ақша жинағыштың да цифрлық түрлері пайда бола бастады. Оған да келеміз. Ең бастысы, балалар ақшаның не екенін ұғынса деймін. Ең құндылығы – оның жинақтау құралы екенін түсіндіру. Ақшаны жинақтауда кемшілігіміз бар. Жинай алатын адамдар өте аз. Қазір көп банктерде 10 жастан бастап банк картасын аша алатындай мүмкіндіктер жасап жатыр.  Меніңше, ол дұрыс тенденция, – дейді Мақсат Халықұлы. 

– Қаржы сауаты – адамның ақшаға деген қарым-қатынасынан, яғни қалай қабылдайтынынан басталады. Ал ол қарым-қатынас бала күннен қалыптасады. Әке-шешесінен алудан бастап, өзі алғаш ақша ұстап, жинап, жаратып көрумен жалғасады. Мамандарға сенсек, бұл құбылыс 5-7 жаста басталады екен. Ақша жинап үйрену – бала үшін бастапқы аялдама. Кейін ол жұмсап үйрену жолына түсіп, содан соң ғана табу өнерін меңгергені абзал дейді. Мен де балаларымды қаржылық сауаттылыққа осы тәсілмен үйретемін, – дейді педагог-тренер Ескендір Бестай. 

...Жоғарыдағы айлығымды сұраған балаға басқа ештеңе дей алмадым. Бәлкім, ақша туралы менің де көзқарасым дұрыс емес шығар...

                                                                                     Асылан ТІЛЕГЕН

                                                                            «Ақ желкен» журналы 

 

1749 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз