Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Аймақ тынысы
  • 03 Наурыз, 2021

Жол жөнделсе, жүріс өнеді

Уақыттың ауыртпалығына қарамастан әлеуметтік мәселеге әрекет артып отыр. Олай болмағанда ше, әрекет болмай, берекет жоқ екенін екінің бірі біледі. Жыл сайын жол жөндеуге байланысты батыл қадамдар жасалып келеді.

Аудан бюджетін бекіткенде таразының тең тартқаны есепке алынады. Әрбір тиынның салмағы өлшемге түседі. Себебі, төрелікке де өрелік керек. Оның ішінде жол-көше құрылысы назарда тұрақты ұсталады. Бұл – бір жағынан өркениеттің де белгісі, екіншіден, көшенің көркі ауылдың ажарын ашады.

Әлбетте, өткенсіз бүгін жоқ, біз кешегімен келешекке бет түзейміз. Ендеше, кешегі күндерге бір сәт көз жіберейік.

2020 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 344,6 млн теңгеге Жаңақорған кентінің ұзындығы 20 шақырым болатын 10 көшесіне, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 265 млн теңге қаражатқа 14,1 шақырымды құрайтын 22 көшеге жөндеу жүргізілді. Әрине жұмыстың бәрі жіптіктей бола бермейді, жол сапасына байланысты тұрғындар тарапынан көңіл толмаушылық орын алды. Осыған орай жауапты қызметкерлерге сот әділдігіне жүгіну арқылы жол мәселесін нақты шешуді тапсырдым. Соның ықпалымен Хорасан ата, Аюпов көшесі мемлекеттік қабылдауға ілікпей қалды. Ол көшелердің құрылыс жұмыстары 2021 жылы жалғасатын болады. Ал, тендер талабы бойынша 2 жылдық кепілдік мерзімге сәйкес 2019 жылы жөндеу жасалған Алтынсарин көшесінің сапасы сынға ұшырап, мердігер есебінен өткен жылы қайта жөндеуден өткізілді.

Сол секілді аудандық бюджет есебінен Байкенже ауылдық округінде ұзындығы 1,5 шақырым болатын екі көше жөнделді.

Енді облыстық маңыздағы Қандөз-Көктөбе 58 шақырым жолға 2019 жылы күрделі жөндеу басталып, ол 2021 жылы аяқталуы тиіс болатын. Бұған облыс әкімі Гүлшара Наушақызы Әбдіқалықованың араласып, қолдау көрсетуі нәтижесінде мерзімінен бұрын өткен жылы толық аяқталуына мүмкіндік жасалды. Мұндай мерейлі іске, облыс басшылығына Түгіскен массиві беткейінде тұратын 40 мыңға жуық халықтың алғысы шексіз, қазір тақтайдай тегіс жолдың тиімділігін сезініп келеді. Бұл орайда Келінтөбе-Бесарық бағытындағы 11 шақырым жол жөндеуді тағы қосыңыз. Осымен 2020 жыл табысты қорытындыланды.

Биыл облыстық, аудандық маңыздағы жолға орташа жөндеу жүргізуге 1млрд. 76 млн. 593 мың теңге қаралды. Ал, осыны терең талдасам, 428 млн 207 мың теңгесі республикалық, 99 млн 967 мың теңгесі облыстық, 520 млн 298 мың теңгесі аудандық бюджеттен бөлінеді. Мұнша мол қаражат бөлудің машақаты да аз емес, есеп пен сараптау, тиімділік пен игілік бірнеше салалық инстанцияда сарапқа салынады. Дәлдік пен нақты дерек жемісті нәтижеге қол жеткізеді. Қазынадан қаржы алудың осындай өз қиындығы бар.

Ескінің есті сөзі бар: «Ынта болса адамда, қиын іс жоқ ғаламда» деген. Әрине, қай іске де ынта болмай, ымыраға келе бермейді. Батыл болмай, батыр болмайды. «Әр күннiң өз таңы бар, әр жанның өз қамы бар», өмір мектебі осылай ширатады.

Жалпы, биыл облыстық маңыздағы «Самара-Шымкент-Жаңақорған-Түгіскен-Келінтөбе» автомобиль жолының 70-76 шақырымына орташа жөндеу жүзеге асады. Сол секілді аудандық маңыздағы «Самара-Шымкент-Жайылма» және «Самара-Шымкент-Бесарық» жолының төрт шақырымына жөндеу жүргізіледі.

Тірек ауылы ретінде үстіміздегі жылы Төменарық пен Жаманбай батыр ауылдық округтеріне баса назар аударылып отыр. Бұған 300 млн теңге қаржы бағытталды. Бұл жерде Жаңақорған кентінде 7 көшеге, ал, Төменарық ауылдық округінде 14 көшеге, Жаманбай батыр ауылдық округінде 6 көшеге орташа жөндеу жасалады. Сол секілді Байкенже мен Сүттіқұдықта 2 көшеден, қалған округтерде бір-бір көшеге орташа жөндеу жүргізіледі. Нақты есебін айтсам, 19 елді мекеннің жалпы ұзындығы 40,83 шақырымды құрайтын 44 көшесіне, сондай-ақ облыстық, аудандық маңыздағы 3 жолға орташа жөндеу жасалуы тиіс. Сонымен бірде-бір ауылдық округ жол мәселесін реттеуден қалыс қалмады. Бұл дегеніңіз, аудан көлемінде 51 шақырым жол жөндеуден өтеді деген дерек!

Осы жерден бір шегініс жасайын. 2020 жылдың 1 қаңтарына сәйкес елді мекен көшелерінің жақсы және қанағаттанарлық күйдегі көрсеткіші 33,2 процент болса, 2021 жылдың 1 қаңтарына өткен жылғы деңгей тағы өсті, 39,1 процентке жетті. Ең қызығы мынада: биылғы бірінші тоқсандағы көрсеткіш бір жылдық кезеңнің өсімін қамтып отыр, яғни 46 процентке бара-бар болады деп күтілуде. Демек, жыл сайын жол құрылысына ден қою арта түсті. Біз үшін «кешегi күннен алыс жоқ, ертеңгi күннен жақын жоқ». Әрине, істiң сәтi – өз уақыты. Ендеше, көркі кірген көшелер көбейе берсін!

Руслан Рүстемов, Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының әкімі

 

260 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *