Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 04 Наурыз, 2021

Кірпіш боп қатып қалған кітапты қалпына келтіре аламыз ба?

Қолжазбалар және сирек кітаптар Ұлттық Орталығының Реставрация бөлімінің басшысы Сырым Ботабеков орталыққа әкелінген ескі кітаптарды қайта қалпына келтіру ісінің оңай еместігін айтады.

Шын мәнінде, бұл зергерлік жұмыс:

«Біздің орталыққа хижра жыл санауымен 1339 жылдарға, яғни шамамен 1890-1920 жылдарға тиісілі Құран кітабы реставрацияға әкелінді.

Ол кітаптың бүкіл парақтары жабысып қалған. Ғылыми тілде мұны библиолит деп айтады. Яғни, кітап кірпіш боп қатып қалған. Кітаптың иелері өздері ашуға тырысқан, бірақ судың астында жатқан кітап парақтары оңай ашылмайды ғой. Сырты былғары болған соң, шіріп кеткен. Адамдар кептіру технологиясын білмеген соң, оны жай кептіре салған. Негізінде парақтарын ашып, көлеңкеде кептіру керек еді. Бірақ болған іс болды.

Біз ол кітаптың баспадан шыққанын байқадық. Егер қолмен жазылған болса, оның сиясы ағып кетер еді. Кітапты қайта суламасаң тағы аша алмайсың. Біз оны арнайы суды сіңіретін қағазға орап, реставрациялау ісін бастап кеттік. Жалпы, кітапты бір ай бойы аштық. Оны қайта түптеп, әкелген кісілерге қайтарып бердік. Жақында ол кітап бізге қайта келді, біз оларға: «Ұлттық орталыққа берсеңіз, оны сақтап қояр едік» дедік. Олар ойланып қалды.

Негізі, қоғамда әртүрлі адамдар болады. Біреулер көне кітап тапса, сатқысы келеді. Енді біреулер «атамның көзі еді» деп бергісі жоқ. Елдің көбісі біздің орталықтың жұмысын да біле бермейді. Мәселен, қазір ел төте жазуды танымайды, арабша жазылған қолжазбаларды, кітапты тапса қасиетті деп ойлайды. Бірақ оны ашып оқып қарасаңыз, сол заманда өмір сүрген, шопан аталарының күнделігі де болуы мүмкін. Ондай да қызық жағдайлар болып тұрады».

Әріптестер, көне және сирек кітаптардың орны – ұлттық орталық пен мұражайлар. Көне, ескі кітаптар тапсаңыздар, оларды мамандардың қолына тапсырыңыздар! Тарихымызды бірге түгендейік.

Суретте: Ұлттық орталықта реставрацияланған кітаптардың бірі.

 

821 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз