Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 04 Наурыз, 2021

Өрт. Баспанасынан айырылған отбасы үйлі болды

Талғар ауданында өрт салдарынан баспанасынан айырылған көп балалы отбасыға меценаттар үй алып берді, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

25 ақпан күні түн ортасында орын алған төтенше жағдайдың салдарынан алты балалы отбасы баспанасынан айырылып, қыс ішінде қиналып қалған еді. Алғашында шатырдан басталған өрт үйді тұтастай шарпыған.

Талдыбұлақ ауылындағы көп балалы отбасының қиын жағдайын ақпарат құралдары арқылы білген облыс әкімі Амандық Баталов ауданға тиісті көмек ұйымдастыру туралы тапсырма берген болатын. Бұл ретте ұсынысқа меценаттар үн қатып, «Горизонт KZ» компаниясы тағдыр талқысында қалған жанұяға Талғар қаласынан жеке қаржысы есебінен үй сатып әперді. Талғар ауданына барған сапарында облыс әкімі осы көп балалы отбасымен кездесті, демеушілік жасаған қайырымды жандардың қол ұшын созғанын игі іс деп білетінін айтты.

Бүгін отбасы жаңа үйге кірді.

«Түн ортасы ауа түсініксіз бір дыбыстан оянып кеттім. Далаға шықсам, үйіміздің шатыры жанып жатыр екен. Күйеуім күзетшілік жұмыста болатын. Алғашында сасқалақтап қалдым, бірақ үлкен балаларым тез есімді жиғызып, бәріміз жылдам киіне бастадық, өрт сөндірушілерді шақырдық. Тек құжаттарымызды ғана алып үлгердік. Бұл оқиға 25 ақпанда болды. Біз турасын айтқанда көшеде қалдық. Бірақ бүгін сол қиындықтың бәрі артта қалып, қатты қуанып отырмыз. Өз үйіміз бар дегенге әлі де сене алмай тұрмын. Бес ұлым, бір қызым бар. Үлкенім 8 сыныпта оқиды, кішкентайым 7 айлық. Енді олардың өз үлкен үйлері бар. Бізді қиын сәтте жалғыз қалдымай, көмек қолын созған жандарға алғыс айтамын. Облыс әкіміне, меценаттарға, аудан әкімдігіне, журналистерге, бізді қолдаған барша азаматтарға ризашылығым шексіз», - деді өзінің әсерімен бөліскен көп балалы ана Айгерім Талқанбаева.

Отбасын қоныс тойымен аудан әкімі Қайдар Әбдіханов құттықтады.

Атап өтсек, Алматы облысында өткен жылы 1258 көп балалы отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілген, соның 180-і меценаттардың қаржысы есебінен үйлі болды.

162 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *