Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 05 Наурыз, 2021

«Шайтанкөлдің» қандай құпия сыры бар?

Қазақтың  ұланғайыр жерінің тың да тылсым табиғаты құпияға құмар адамзатты қашаннан қызықтыратыны белгілі. Бүгін сондай тылсым тарихқа тұнған көлімен аты шыққан - Қарқаралыға саяхаттап қайтпақпыз.     

   Шайтанкөл — Қарағанды облысы, Қарқаралы қаласының оңтүстік-батысында 5 шақырым жерде орналасқан, ұзындығы 60 метр, ені 40 метр, орташа тереңдігі 2 метр болатын құпиялы көл. Суы мөлдір, түбі тастақ, су сіңбейді. Оңтүстік, батыс, солтүстік жағаларын қоршап тұрған жартастардың биіктігі 10 метр және одан да биік. Қар, жаңбыр суымен толығатын көрінеді.  Ұшар таудың басында тостағанға құйған судай болып жарқырап жататын ағынсыз айдын көл. Көл суы бұрын сөндірілген жанартаудың өзегіне қатты ұқсайды. Экзотериктердің пайымдауынша, көлдің түбінде бізге параллельді әлемнің порталы бар деп есептейді. Түнде көлге жан кіреді. Егер оның жағасында адамдар болса, олар түрлі тылсым құбылыстарға куә болады екен.

 Шайтанкөлге қатысты ел аузында бірнеше аңыздар бар. Солардың бірі- көлдің атауына байланысты тараған аңыз. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, оның әуелгі аты Әулиекөл болыпты.  «Жергілікті қазақтар, таудың ұшар басында, бастауы жоқ, ағын су келіп қосылмаса да жыл он екі ай суы ортаймай бір қалыпта тұратын, өзі де ешқайда ақпайтын, жаздың ыстығында суы  сап-салқын болып жаңарып тұратын қасиетіне қарап бұл көлді қасиетке балап, әр жұма сайын жергілікті байлар мен қожа молдалар осы көлдің басына келіп мал шалып, қазан асып, құран оқып, жиын жасап тұрған. Сондай бір жиын кезінде, құдайы асқа келіп, бал қымыз бен етке тойып алмақшы болған  тақыр кедей жігітті әлгі жуан қарын байлар, жыртық шекпенді кедейді менсінбей, астан дәм таттырмастан көл басынан қуып жіберіпті. Арада біраз уақыт өтіп, жуандар кезекті рет Әулие көлдің басына жиналып, табақтағы асты алдарына ала берген кезде, қойтастардың арасынан ащы дауыс естіледі де, артынан үсті басы жалбыр-жабыр, түрі адам шошырлық бір мақұлық шығып, үрейлі дауысын үдете отырып, жиналған қауымға қарай жүгіреді.Сол кезде қатты үрейі ұшқан бір бай орнынан ұшып тұрып, көзі алақтап: – Ойбай, шайтан! – деп төмен қарай зыта жөнеледі.Онсызда қорыққандарынан қалтырап, не істерін білмей тұрған жұрт, бет-бетімен бытырап қаша жөнеледі. Ал, кедей болса үстіне жамылып келген ешкі терісінен арнайы жасаған кепті шешіп тастап, жұртта қалған асқа сылқия тойып алып, ауылға қайтқан екен»

Кейіннен бұл оқиға ауыздан-ауызға тарай отырып, әрі десе уақыт асқан сайын өсіп, Әулие көлдің атауы біртіндеп ұмытылып, бұл жер шайтандардың мекені, Шайтан көл атанып кете барған көрінеді.

Аңыздардың тағы бір нұсқасында «Шайтанкөл» атауының тарихы былайша баяндалады: «Баяғыда бір байдың Сұлушаш деген қызы болыпты. Байдың есігінде жүрген Тезек деген құлы Шұнақ деген күңімен қосылып, одан Алтай туады. Ол ер жетіп, Сұлушаш екеуі бір- бірін сүйеді. Бірақ бай қарсы болады. Алтайдың Қайсар деген досы, Сұлушаш үшеуі елден қашады. Олар Қарқаралының маңайындағы Жиренсақал деген жерді мекендейді. Сол жерде аң аулап, құс ұстап, күндерін көреді. Бір күні Алтай құс аулап жүріп, құзға кездеседі. Сол құзға бүркіт ұя салған екен. Алтай одан бүркіттің балапанын алмақшы болады. Бірақ жолы бол­май шыңырауға құлайды. Сұлушаш Тескен таста сырнай тар­тып отырады. Біраздан соң артынан ырылдаған дауыс естіледі, қараса артында арыстан тұр екен. Содан қорыққаннан көлге құлап өледі. Қайсар Сұлушашты іздеп осы жерге келсе, көлдің бетінде қыздың көйлегі, тақиясы жүзіп жүреді. Ол да сол көлге құлап өледі. Содан кейін бұл көл «Шайтанкөл» атаныпты»

   Әрине сырлы мекен туралы аңыздар өте көп. Дегенмен,бұл көлдің Шайтанкөл аталуы тегін емес екендігі анық. Себебі, тостағанның орта тұсы қап-қара болып, иірімденіп жатады. Көлге түсіп шомылуға адам өзінен-өзі жүрексінеді. Тағы бір қызығы - көлдің қарсы жақ жағалауларының арасы алыс еместігіне қарамастан, кейде  келесі жағадағы адамдар көрінбейді. Шайтанкөлдің таудың ұшар басында орналасуының өзі табиғаттың құдіреттілігі. Бұл көлге саяхат жасағандардың көпшілігі түсініксіз жайттарды бастан өткергенін айтады. Неше түрлі мистикалық аңыздарға бола туристер осы өңірге үлкен қызығушылық танытып, ағыла келіп жатады. Мұндағы әлем де, әсер де бөлек. Қанша мәрте барсаң, сонша рет таңырқатудан жалықпайтын табиғаттың тамаша тартуы бар құпиясын ішіне бүккен қалпы тау басында үнсіз мүлгиді.
Көлдің бейне бір тостағанға құ­йылған мөлдір су іспетті таудың ұшар басына орналаса салуының өзі та­лай жұмбақтың шетін шығарады. Тереңдігі жайлы тағы анықтама жоқ. Ағынсыз. Өзі де ешқайда ақпай, өзіне де ешбір өзен құймай-ақ бағзы қалпын бір өзгертпей­тін бұл көлдің құпия-тыл­сымының бір парасы, бәлкім, осында жатса керек.

Дайындаған Айжан Нұртаза

«Тұран» университенің студенті

 

 

 

3577 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз