Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 05 Наурыз, 2021

ҰБТ жақын қалды. Не істеу керек?

25 мамыр кез келген оқушы үшін айтулы күн. Бірі 11 жыл, енді бірі 9 жыл мектеп қабырғасында білім нәрімен сусындайды. Алтын ұяға тарыдай боп кіріп, таудай болып шығатын сәт. Ал алда болашаққа жол сілтейтін ҰБТ тұр. Мектеп бітіруші түлектің мақсаты сол емтиханнан сүрінбей өтіп, өзінің қалаған жоғары оқу орнына грант ұтып алу.

ҰБТ – оқушы үшін жауапкершілікті қажет ететін үлкен мүмкіндік. Себебі, сол тесттен баланың 11 жыл бойы жинаған білімі байқалады. Емтихан тапсыратын кез келген түлек өзін адами тұрғыдан  және психологиялық тұрғыдан жетік дайындаған дұрыс. Мәселен, психологтардың зерттеуі бойынша ҰБТ-ға дайындық барысында бала дем алу жаттығуларын жиі жасаған дұрыс екен. Ауаны қалай ішке тарту керек, қай мезгілде оны сыртқа шығару керек деген сынды. Бұл арқылы адамның денесі мен оның психикасы тұтас болғандықтан ішінде болып жатқан әртүрлі қобалжулар, қорқулар оның денесі арқылы сыртқа шығарылуы мүмкін. Кейбір баланың бойында осылар арқылы стресс пайда болып жатады. Ал стресске төзе алмау көбінесе озат оқушыларға тән екен. Өйткені олар үшін төмен балл алу басқалардың алдында ұят болып есептеледі. Сондықтан ондай күйзелістерден аулақ болуға тырысу керек. Тағы бір айта кететін жайт ата-ана балаларын өзгелермен салыстырмауы қажет. Кейбір ата-анадан осыны байқап жатамыз. Баласының оқуын жиі қадағалап, «оқы,оқы» деп сарнай берудің қажеті жоқ. Ол баланы эгоизмге, өзімшілдікке әкеліп соқтыратын құбылыс. Тіпті, бұдан баланың өзін-өзі бағалау деңгейі төмендейді. Мен осындай сынақты басымнан өткергендіктен ҰБТ тапсыратын түлекке бірнеше кеңестерді айтып өтуді жөн көрдім:

1. Ең бірінші өзіңді психологиялық тұрғыдан дайында. Бұл жәй ғана 3 сағаттық уақытты құрайтын сынақ. Санаңдағы ақылың мен білімің сені әрқашан алып шығатына сен!

2.Тестілеуге дайындалу барысында өз біліміңді шынайы тексеру керек. Мысалы, шпаргалка, калькулятор, ұялы телефон сынды заттарсыз өзін еркін дайындаған дұрыс. Себебі, тест күні соларға жалтақтаймын деп белгілеуден қате жіберіп қоюың да мүмкін.

3. ҰБТ тапсыру алдында 1, 2 күндей ешқандай кітап оқымай демалу керек. Бұл сенің ойыңның жинақталуына көмектеседі. Тек оптимистік ойлардың жетегінде жүрген жөн.

4. Өзіңнің қолыңдағы тест кітапшаларын ғана емес, сыныптастарыңдағы парақшалармен  де алып, таныс. Саған беймәлім сұрақтар сонда жүруі мүмкін. Түсінбеген сұрақтарды сыныптастарыңмен бірге талқылаудан тайсақтама.

5. «Сынақтан құлап қаламын»  деген сөздерді айтпаған жөн. Сонда ғана бойыңдағы 11 жыл жинаған білімің мен қатар психологиялық жағынан кез келген сынға төзімді екеніңді көрсете аласың.

6. Тек оқумен ғана отыра бермей, таза ауада бой сергітіп, достарыңмен ой бөлісу керек.

7. Тамақтанудың дұрыс режимін ұмытпаған жөн. Тым тәтті әрі майлы тағам адам миының жұмыс үрдісін баяулатады. Ал, шоколад, мәселен, адам миының дұрыс әрі тез жұмыс істеуін қамтамасыз етеді, алайда оны да көп жей беруге болмайды.

8. «Оқуға түспей қалсам не болар екен» деген ойдан мүлде арыл. Себебі, ҰБТ бұл сенің өміріңнің білім жолындағы кішкене ғана сынағы. Мұнымен өмір тоқтап қалмайды. Сенің бойыңдағы ынта-жігерің мен күш-қуатың сені кез келген жерде алып шығатындай болуың тиіс. Сондықтан ештеңеден қорықпай, болашағыңның жарқын бейнесін көруге асық. 

Сәттілік саған, жас түлек!

 

 

Құралай ЖАНДАРБЕК

«Тұран» университетінің студенті

 

 

539 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *