Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Өзекті
  • 05 Наурыз, 2021

Ректор Түймебаев жас ғалымдармен кездесті

ҚазҰУ жас ғалымдарының университет дамуына қосқан үлесі мен рөлі, олардың шығармашылық жобалары мен бастамаларын қолдау және ғылыми идеяларын кеңейту мәселелерін талқылау мақсатында «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ» КЕАҚ Басқарма төрағасы – ректор Жансейт Түймебаев ҚазҰУ-дың жас ғалымдары және университеттегі жас ғылымдар кеңесінің мүшелерімен арнайы кездесті.

Кездесуде ректор Жансейт Түймебаев: «Соңғы жылдары ғылым саласы Қазақстан мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының біріне айналды. Еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ғылымды қажетсінетін экономика құру мақсатын алға қойған болатын. Бұл саясатты қазіргі Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалғастыруда. Президент өз Жолдауында ғылым мен білімді экономиканың жекелеген салалары ретінде қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Бұл екі бағыттың дамуы бүкіл ел үшін маңызды фактор екенін көрсетеді. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 90 жыл бойы Қазақстанның жоғары білімі мен ғылымының флагманы, жоғары білікті кадрлар мен ғылыми жаңалықтардың ортасы болып табылады. Осы тұрғыда қазіргі әлемде университеттің рөлі мен үлесін білім беру функциясы ғана емес, сонымен қатар ғылыми-инновациялық бағыты анықтайды. Зерттеу университеттері, «үштік спираль» моделі – мемлекет, бизнес және университеттер – білімі терең, инновациялық экономикасы бар елдердің негізіне айналды.

Әлемнің көптеген жоғары дамыған озық елдеріндегі университтің жетістіктері мен инновациялық экономиканың даму көрсеткіштері өндіріс орталықтарындағы патенттер мен коммерциаланған технологияларды енгізу болып табылады. Осылайша, мемлекет қоғамға тиімді жағдайлар жасауға бағытталған ғылыми зерттеулерге, университеттерге инвестиция салудан пайда көре алады.

Қазіргі таңда жастар ұлттық инновациялық экономиканы құра отырып, елдің дамуында шешуші рөл атқарып отыр. Бүгінгі күнде университетімізде 40 жасқа дейінгі 311 жас ғалым жұмыс істейді. Олардың көпшілігі әлемнің жетекші университеттері мен орталықтарында тағылымдамадан өткен. Біздің жас зерттеушілердің ғылыми жетістіктері Қазақстанда және одан тыс жерлерде жоғары бағаланып отыр. Сондықтан да бүгінгі жас ғалымдар, еліміздің ертеңі сіздер ҚазҰУ-дың ғылыми мектептерінің даңқы мен дәстүрлерін жалғастырушыларысыздар, сіздердің араларыңызда болашақта жаңа ғылыми бағыттардың иегері болып табылатын жандар бар. Сіздер ҚазҰУ мен Қазақстан кадрлық резервінің негізісіздер, бүгінде сіздердің әрқайсыларыңыз қарым-қабілеттеріңізді көрсетіп, университет пен еліміздің дамуына үлес қосатындарыңызға сенемін», - деді өз сөзінде ректор.

Келесі кезекте білім ордасының жас ғалымдары мен университеттегі жас ғылымдар кеңесінің мүшелері өз ойларын ортаға салып, ұсыныс тілектерімен бөлісті.  

Ақнұр ЖИДЕБЕКҚЫЗЫ,

Экономика және бизнес жоғары мектебінің ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары:

– Біздің университетте ізденіс бар және сол ізденістің нәтижесімен бөлісу деген жақсы дәстүр бар. Шетелдерде тәжірибеден және тағылымдамадан өтіп келген жастар ай сайын екі рет болатын ғылыми әдістемелік семинарларда өз бастамаларымен, тәжірибелерімен бөліседі. Нәтижесінде жастар өздері машықтанып Scopus-та мақалаларын жариялайды, әртүрлі гранттық жобалардың жеңімпаздары атанып жетістіктерімен қуантады. Факультеттегі 6 жобаның бесеуі жастардың үлесінде.

Бүгінгі қоғам әлемдік тәжірибе алмасу ғылымының драйвері екені анық. Факультетке жыл сайын 30-40 докторант оқуға түседі, одан соң оларға екі айдың ішінде шетелден жетекші табу деген бар. Тегіннен-тегін 3 жыл бойы бір адамды тәрбиелеп шығаруға келісетін шетелдік жетекші табу қиынға соғады. Сондықтан, жас ғалымдардың атынан докторанттарға шетелдік тәжірибеге де қандай да бір материалдық қолдау ескерілсе деген ұсынысым бар.

Екінші мәселе өз басым инновацияларды басқару мамандығы бойынша білім алдым. Менің диссертациялық тақырыбым ғылыми-зерттеу жұмыстарын коммерцияландыруға байланысты болды. Сол кезде университеттегі ғылыми бөлімдер, зертхана, лабораториялардағы керемет ғылыми-зерттеу нәтижелеріне куә болдым. Сол зерртеулермен айналысатын ғалымдарға неге бұл дүниелерді нарыққа шығарып сатпайсыздар? Сатсаңыздар мол қаржы табуға болады ғой деген сауал қойғанда әртүрлі жауап берді. Осыған қатысты ғылыммен айналысып өнім шығарып жатқан өнертабушылармен біздің факультеттегі инновациялық менеджмент мамандығының тәлімгерлерін біріктірсек және бұл оқу жоспарына қосылса нағыз нәтиже болады деген үміттемін. Сондай-ақ ғалымдар ғылымда өзіне қызықты тақырыпты зерттей беруді ғана емес, дайын болған ғылыми зерттеме қайда сатылады? Оның тұтынушысы кім? Қандай пайда келеді дегенді ойлау қажет. Егер мүмкіндік болса біз экономика факультеті техникалық мамандықтардың ғалымдарына арнайы бір курсты әзірлеп өткізсек, осыған біздің факультет белсенді түрде араласса дегім келеді.

Аида ҚЫСТАУБАЕВА,

Биотехнология кафедрасының меңгерушісі:

– Пандемия кезінде біздің ғалымдар COVID-19 вирустық ауруын емдеу және оның алдын-алу үшін 3 препарат ұсынған болатын. Осы тұста биология және биотехнология факультетінің ғалымдары микотрих препараты, Рисо-Лакт, Спирулина Лайф, стевия негізіндегі диабетпен ауыратын науқастарға арналған өнім шығару және басқа да емделушілерге арналған препараттарды өндіретін орталықтар ашу туралы ұсынысым бар. Жақында әлеуметтік желілерден университетімізде коммерцияландыру орталығы құрылатыны туралы естідім. Біздің білім ордамыз Акционерлік қоғам болып ауысып жатқан тұста бұл өте уақытылы жасалған қадам деп есептеймін.

Мұхит МҰРАТОВ, ҚазҰУ-дағы ашық түрдегі ұлттық нанотехнологиялық зертханасының директоры:

– Бүгінде ҚазҰУ-дағы ашық түрдегі ұлттық нанотехнологиялық зертханасының соңғы 12 жылда атқарған еңбегі орасан зор. Университетіміздің ғылымын жетілдіру мақсатында зертхана табысты жұмыс істеуде. Әлемнің біз секілді ғылыми-зерттеу институттарымен тереземіз тең болып қалды. Бүгінгі күнде зертханадағы жабдықталған ғылыми аспаптар, соңғы 10-12 жылда ескірді. Жаңартуды талап етеді. Республика деңгейінде қаржы бөлініп, университтетің бюджеттен тыс есебінен көмек көрсетілсе екен.

Дана ШОҚПАРОВА, ҚазҰУ Жас Ғылымдар Кеңесінің төрайымы:

– ҚазҰУ-дың жас ғылымдар кеңесі университет қабырғасында ғылыммен айналысатын жас маман өкілдерін біріктіруші бірлестік болып табылады. Жас ғалымдар: постдокторанттар, PhD докторанттар және жас буын магистранттар. Барлығы университетіміздің және еліміздің өркендеуі мен дамуы жолында негізін қалаушы кірпіш іспеттес.

Қазіргі таңда жас ғылымдар кеңесі аясында атқарылатын жұмыстар жас ғалымдардың кәсіби тұрғыда дамуына, өзекті ғылыми мәселелерді шешуге және еліміздегі басым ғылыми бағыттарда зерттеу жүргізуге, сонымен қатар жас ғалымдардың инновациялық қызметін дамыту үшін олардың күш-жігерін біріктіруге бағытталған. Жыл сайын іс-шаралар жоспары шеңберінде дөңгелек үстелдер, ғылыми семинарлар, ғылыми жетістіктері және тәжірибелерімен бөлісу үшін ғылыми қоғамдастық өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылып, арнайы тәжірибелік сағаттар өткізіледі.

Ерболат ҮСЕНОВ, Физика-техникалық факультетінің постдокаторанты:

– Мен осы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың түлегімін. Елімізде алғаш рет ашылған постодкторантура бағдараламасына бойынша ҚазҰУ-ға оқуға түсіп, қазір ғылыми жұмысымды әрі қарай жалғастырудамын. Постдокторантура бағдарламасының басты ерекшелігі мен талаптарының бірі (ғылыми басылымдардан басқа), кіші ғылыми топ құрып, докторанттар мен магистранттар дайындауға мүмкіндік береді. Одан бөлек постдокторантура бағдарламасы ғылыми жұмысқа толықтай уақыт бөлуге және шет елдерге ғылыми сапарларға шығуға да барынша жағдай жасағаны үшін университетіме ерекше алғыс білдіремін.       Осы жылы постдокторантура бағдарламасының алғашқы буыны яқталады. Жаңадан өсіп келе жатқан жас докторанттардың өз ғылыми жұмыстарын университетімізде ары қарай жалғастыру үшін постодкотрантура бағдарламасының ары қарай жалғасын табуға назар аударсаңыздар. Одан кейінгі әлемдік университеттерде «зерттеуші – доцент», «зерттеуші – профессор» секілді лауазымдар бар. Бұл мәселені соңғы уақыттарда біздің университетімізде де көтеріп жатқанын білеміз. Осыған байланысты факультеттерімізде ғылыммен белсенді айналысатын ұстаздар үшін осындай лауазымдарды енгіу қолға алынып, қолдау көрсетілсе екен.

Жиында басқа да жас ғалымдар мінберге шығып, инновациялық жобаларды қолдағаны, ғылыми зерттеулерге гранттар бөлгені және қоғамға орасан зор пайда әкелетін батыл ойлар мен идеяларды іске асыру үшін күшті ынталандыру болып табылатын басқа да бастамалары үшін университет басшылығына ризашылықтарын білдірді.

Шара соңында басқарма төрағасы – ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев кездесуге қатысушыларды алдағы уақытта да өзара пікір алмасуға, жас ғалымдарды қолдаудың қосымша шаралары мен тетіктерін бірлесіп әзірлеуге, ҚазҰУ ғылымы мен инновациясын одан әрі дамыту үшін идеялар мен ұсыныстар енгізуге шақырды.

989 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз