Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 06 Наурыз, 2021

Тараздық 135 отбасыға пәтер кілті табысталды

«Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында жыл сайын елімізде жүздеген жаңа көппәтерлі тұрғын үйлер пайдалануға берілуде. Сол секілді 8 наурыз мерекесі қарсаңында бірқатар тараздық отбасылар қоныс тойын тойлау мүмкіндігіне ие болды. «Бином» ЖШС салған 135 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйден баспаналы болғандардың арасында 27 жетім бала, 66 әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы және 42 бюджеттік ұйым қызметкері бар. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды. 

Айталық, солардың қатарындағы Амина Якубжанова мүгедек баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана. Ол өзінің пәтер кезегінің келуін бірнеше жыл бойы асыға күткендігін, мереке қарсаңында арманы орындалып, күтпеген тосын сыйға ие болғандығын айтады.

- Менің екі балам бар. Бүгін бізге екі бөлмелі пәтердің кілті табысталып, қуанышты сезімді бастан кешіп отырмыз. Бұл мереке осынау жағымды әсерімен біздің жадымызда ұзақ сақталатынына сенемін, - деп ол өз қуанышымен бөлісті.

Толық емес отбасы санаты бойынша кезекте тұрып, үйлі болған Назира Әбдірайымова да ағынан жарылды.

- Қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мен барлық аналар атынан облыс басшылығына деген ризашылығымды жеткізгім келеді. Кез-келген адам жеке баспанасына қол жеткізудің қаншалықты маңызды екенін түсінеді және соны армандайды. Мен әр отбасыға осындай бақытты сезінуін тілеймін, - деді ол.

Қоныс той иелеріне жаңа пәтерлердің кілттерін аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев табыстады.

- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жыл сайын облыстың жүздеген тұрғындары жаңа пәтерлерге ие болуда. Өткен жылы Тараз қаласының тұрғындарына екі мыңға жуық пәтер берілді. Ағымдағы жылы біз бұл көрсеткішті арттырып, сол арқылы кезекті қысқарта түсуді жоспарлар отырмыз. Осы 15-ші шағын ауданыныңдағы оң өзгерістерге өздеріңіз куәсіздер. Жақында мұнда тағы екі мектеп, балабақша, фельдшерлік пункт, полиция бөлімшелері ашылатын болады. 8 наурыз мерекесімен мен облыс басшылығы атынан барлық аналар мен аруларды құттықтаймын. Ана – отбасының жүрегі. Сондықтан біз оларды жан-жақты қолдап, жас ұрпақты соған үйретуіміз керек, - деді облыс әкімі.

Айта кетейік, қазіргі таңда облыста тұрғын үй қорынан пәтер алу үшін кезекте 30 мыңнан астам адам тұр. Өткен жылдың қорытындысымен 250 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді.

 

285 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *