Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 07 Наурыз, 2021

Интерьерлік сурет салудың хас шеберіне айналған альпинист

Нағима Ибрашева – интерьерлік сурет салудың хас шебері. Инстаграмда niama_art парақшасынан салған суреттерін көріп, тәнті болдым. Сонымен қатар, ол мықты альпинистердің бірі. Алайда сұқбат кезінде оның мамандығы мұнайшы екенін білдім. Оның мұнайшыдан интерьерлік сурет салу мен альпинизм саласына қалай келгеніне қатты қызықтым.

– Қостанай облысының Жітіқара қаласында дүниеге келдім. Қаныш Сәтбаев университетін мұнай-газ кен орындарын игеру және пайдалану мамандығы бойынша бітірдім. Тауға деген сүйіспеншілік 2016 жылы Бурабайдан басталды, – деп бастады әңгімесін альпинист қыз.

– Замандастарыңыздың қайсын альпинизмнің нағыз маманы деп санайсыз?

– Альпинизм – оңай спорт түрі емес. Мұнда тек дене шынықтыру жаттығулары ғана емес, сонымен бірге өзіңмен жұмыс істеу де маңызды рөл атқарады. Сондықтан осы спортпен айналысатын әр адамның жұмысын құрметтеймін.

– Тауды сүйетін адам альпинизм туралы қандай кітап оқуы керек?

– В.Н.Шатаевтің «Қиындық категориясы» деген еңбегі альпинизм туралы ең жақсы кітаптың бірі.

– Шыңға шығу бала кезден бергі арманыңыз ба?  

– Альпинизм туралы ойлауды Бурабайға барғаннан соң екі жылдан кейін бастадым. Мен тек 2018 жылы кәсіби түрде машықтанып, KZ альпинисі төсбелгісін алдым. 

– Биіктігі бірнеше мың метр болатын шыңды бағындыру үшін қанша уақыт қажет?

–  Көтерілу уақыты адамның дайындығына, шыңға жету жолының ұзақтығына, ауа райы жағдайына байланысты. Орташа алғанда биіктігі 4 мың метр болатын тауға тоқтауды ескере отырып, шамамен 5-6 сағатта жетесің.

 – Биіктікте қандай қиындықтар мен қауіптерге кезігесіз?

– Таудағы нақты қауіп мынадай болуы мүмкін: табиғи құбылыстар – қар көшкіні, құлау, мұздың түсуі және сел; қолайсыз климаттық жағдайлар – жел, тұман, найзағай, жаңбыр, қар жауу және т.б. Сондықтан әрқашан қауіпсіздік шараларын сақтау керек.

– Өміріңізге қауіп төндірсе де, альпинизммен айналысуға не мәжбүр етеді?

– Тау басында сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес сұлулық бар. Бұл мені суретші ретінде шынымен шабыттандырады. Маған, әсіресе, жоғарғы жағында сурет салған ұнайды. Менің туындыларым тек бір данамен ғана емес, сонымен бірге таудың ерекше энергиясымен жазылған.

– Альпинист болу үшін қандай қасиеттерге ие болу керек?

– Адамгершілік пен таза ақыл қажет. Шыңға жету жолында әртүрлі сезімдер мен эмоцияларды бастан кешіруге болады. Өзіңізді қолға алу мен әр топ мүшесіне қолдау көрсету маңызды. Жақсы үйлестірілген және бірлескен топтық жұмыс қана мақсатқа жеткізеді.

– Қанша шыңды бағындырдыңыз?

– Теңіз деңгейінен 4 мың метр биіктікте 11 шыңға шықтым.

– Шыңға көтерілген сәттеріңіздің қайсын ең қауіпті және есте қаларлық деп айтар едіңіз?

– Эльбрус шыңы. Бұл – Еуропадағы ең биік нүкте (теңіз деңгейінен 5642 метр). Сол мен үшін ең қауіпті және қиын өрмелеу болды, өйткені оттегінің жетіспеушілігін сезіндім.

–  Ал қалай суретші болдыңыз?

– Бала кезімнен өнерге құмар едім, бірақ оны ешқашан бүкіл өмірімнің мәні деп ойлаған емеспін. Университетті бітіргеннен кейін ғана суретші болуға бел будым. Қазір өз ісімнің кәсіби маманымын, 5 жылдан астам уақыттан бері декоратив кескіндемемен айналысамын.

– Идея қалай келеді?

– Шындығында, идея сурет салу процесінің алдында туады.  Әр жолы, әрдайым әртүрлі болады. Күн сайын бізді қоршаған әлемді бақылай отырып, адамдар әртүрлі көзден алынған идеялардан шабыт алады және әртүрлі бөліктерден тұтас жұмбақ жасалады.

– Туындыларыңыздың қайсын ең сәтті деп санайсыз?

– Әр жұмыс тапсырыс бойынша және тапсырыс берушінің қалауы бойынша жасалады, сондықтан мынау сәтті картинам деп айта алмаймын. Бірақ көңілімнен шыққан бірнеше жағдай бар, мен салған картиналардан кейін клиенттің қиялындағы армандары орындалды.

– Бір суретті салу қанша уақытты алады?

–  Суреттің күрделілігіне байланысты бір суретті салу бір күннен 7 күнге дейін созылады. Интерьер мен клиенттің қызығушылығын ескере отырып эскиз ойлап табу кейде көп уақытты қажет етеді.

– Жұмысыңызда болған қызықты оқиғаны айтыңызшы...

– Ең қызықты және тартымды сәт – таудағы 4 мың метрден асатын шыңдарда сурет салған кездерім. Қазірдің өзінде мұндай 5 жұмысым бар.

Гүлжан НИЯЗОВА, 
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың 1-курс студенті. 
Түркістан қаласы 

«Ұлан» газеті

2316 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз