Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 07 Наурыз, 2021

8 наурыз. Қызғалдақ туралы қызықты деректер

Бүгін біраз жігіт гүлбазардан алып сүйікті ана-апа, жары мен қалыңдықтарына сыйлайтын қызғалдақтардың "төркіні" қайда?..

Аңызға сенсек, есте жоқ ескі заманда қазақ жерінің қызғалдағын Османдық саудагерлер Еуропаға жеткізіп, Нидерланды асырған деседі...

Жұмыртқадан жүн қырыққан голландық көпестер сол заманның ең мықты селекционерлерін жинап, қызғалдақты "қолға үйреткен" көрінеді...

Ал, біздің қызғалдақтар неге шетелдік атаулармен аталғанын төмендегі жазбалардан біле аласыз.

1. Грейг қызғалдағы

1873 жылы Ресей бағбандар қоғамының президенті Самуил Алексеевич Грейгтің (1827-1887) құрметіне аталған.

Жабайы түрде тек Қазақстанның оңтүстігінде және Өзбекстанмен Қырғызстанның шектесетін жерлерінде өссе де әлемге жақсы таныс. Тау етегінде, жазықтарда, сазды және ірі қиыршық тасты Батыс Тянь-Шаньнің Өгем жотасыының бөктерлерінде және Шу-Іле тауларының беткейлерінде, Іле Алатау-ындағы Қордай асуына дейін (Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облысының шығысы) таралған.

Түр Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген, сөйте тұра әлі де базарларда және темір жол станцияларында жиі гүл шоқтары сатылады. Барлық өсу орындарын қорғауға алу мақсатында жинауға, пиязшықтарын қазуға тиым салу керек. Біздің түр 290-ға жуық қызғалдақтардың (қазіргі өндірістік ассортименттің 10 түрі) туысы басы болып табылады. Түрлерді жіктеуде қызғалдақтарды 15 топқа бөледі.

Оның ішінде ерекше топ "Грейг қызғалдағы және оның будандары". Негізгі түрлерді голландиялық сұрыптаушылар шығарған. 1877 жылы біздің жабайы түрде өсетін түрге бірінші кластық дипломын белгілеген. Ол қолда жақсы өседі, тұқымы толығымен өнеді, жақсы күтім жасалған жағдайда 4-5 жылда гүлдейді. Пиязшығының құрамында қант бар, бұрын тағамға пайдаланылған (шикі және пісірілген), желектері және қорапшасы тұқымымен, халықтық медицинада бас және өкпе ауруларына қарсы ем ретінде пайдаланылды.

Голландиялық сұрыптаушылардың көмегімен әлемде қызғалдақтардың жоғарғы сорттары шығарылды. Бұл кішкентай елде бірде-бір жабайы қызғалдақ жоқ, ХVІ ғасырдың ортасында белгілі ғалым және бағбан Карл Клузиус Голландияға Австриядан алып келінген "түрік" қызғалдағын өсірген. Европалықтар үшін таңқаларлық өсімдіктің тұқымы мен пиязшығын өзінің императорына 1554 жылы елші Ожир де Бруссек Константинопольдағы (Стамбул) ұлы Сүлейменнің бақтарынан алып, түрік сұлтаны Австрияға салып жібереді. 1560 жылы Австрия ғалымы Конрад Гесснер алғашқы ғылыми суреттемесін жасап, "түрік кызғалдағы" деген атау береді.

2. Кауфман қызғалдағы

(Лалагүлдер қызғалдағы) 1877 жылы Эдуард Людвигович Регель (1815-1892) зерттеп, XIX – ғасырдың 60-жылдарының соңында Ресейдің жаратылыстанушы ғалымдарын өлкенің табиғатын зерттеуге шақырған Түркістан генерал-губернаторы Кауфманның құрметіне солай атаған. Ерекше қорғауды қажет етеді. Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.

3. Шренк қызғалдағы

1873 жылы Эдуард Людвигович Регель (1815-1892) зерттеп, 1840-1843 жылдары Солтүстік және Шығыс Қазақстанның табиғатын зерттеген, Петербург ботаникалық бағының қызметкері Александр Иванович Шренктің (1816-1876) құрметіне атаған.

4. Островский қызғалдағы

1884 жылы Эдуард Людвигович Регель (1815-1892) зерттеп, қағазға түсірген.

5. Регель қызғалдағы

1887 жылы көрнекті ғалым-ботаник Андрей Николаевич Краснов (1862-1914) зерттеп, Петербург ботаникалық бағының директоры Эдуард Людвигович Регельдің (1815-1892) құрметіне, оның атын берген.

Қазақстанға тән түр, тек Іле, Шу, Өгем тауларында ғана кездеседі. Бұрыннан сақталған, сирек кездесетін түр ретінде Қазақстаннын Қызыл кітабына енгізілген

6. Колпаковский қызғалдағы

1877 жылы Э.Л.Регель суреттеп, Жетісу губернаторы Герасим Алексеевич Колпаковскийдің атымен атаған.

7. Жатаған қызғалдақ.

Қазақстанда кездесетін жабайы 34 түрдің ішіндегі оңтүстіктен солтүстікте өсетін орманды далаға дейін жеткені. Республикамыздың бүкіл солтүстік-шығыс бөлігінде (Қостанайдан Шығыс Қазақстанға дейін және Оңтүстік Қазақстан облысында) кездеседі. Ғалымдар жылдан-жылға азайып бара жатқандығын ескере отырып, бұл түрді басқа да қызғалдақтармен қоса Қазақстанның Қызыл кітабына енгізген.

2015 жылы баспадан шыққан "Ауыл тарихы - ел тарихы" кітабымнан

Өмір Шыныбекұлы

1829 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз