Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 15 Наурыз, 2021

«Forbes Next 1000» тізіміне енген қазақстандық

Осыдан бірер апта бұрын алып Америкада 27 жастағы қазақстандық Элисар Нұрмағамбетов  66 жастағы Амир Сандердж деген Танзания азаматымен бірлесе отырып Consilienz компаниясын құрған болатын. Танымал «Forbes Next 1000» тізіміне енгені туралы қуанышты жаңалықты ести сала, жерле-сімізбен байланысқа шығып, жас ғалыммен сұқбаттасқан  болатынбыз.

– Қайырлы күн, Элисар мырза! Ең алдымен америкалық танымал «Forbes Next 1000» тізіміне  енуіңізбен шын жүректен құттықтаймыз!  Бұл жетістікке қалай қол жеткіздіңіз? Неден бастадыңыз?

– Барлығыңызға шынайы алғысымды білдіремін. Жақындарымның, достарымның және жерлестерімнің қуанышы мен қолдауы мен үшін «Форбстың» өзінен гөрі маңыздырақ. Мен он жылдан бері АҚШ-тамын. Өзімді осы елде әртүрлі салада сынап көрдім. 2017 жылы әлемдегі ең ірі инновациялық орталықтың, яғни Plug and Play-дің резиденті болдым. Онда финтекстермен, банктермен және басқа да қаржы институттарымен жұмыс істеу бақыты бұйырды. Тәжірибемді шыңдай отырып, жобамды осы бағытта жүзеге асыруға арналған көптеген идея пайда бола бастады.

– Оқырманға өзіңіз жайлы толығырақ айтып берсеңіз... Қайда туып-өстіңіз?

– Алматы қаласында туып-өстім. №105 гимназияны бітірдім, бұл маған жақсы оқу базасын берді деп айта аламын. Қазақстанда туып-өскеніме өте қуаныштымын, өйткені біз қоршаған ортада достық, адамдарға деген сүйіспеншілік және көмек сияқты маңызды өмірлік құндылықтарды біліп өстік. Он сегіз жасымда болашақта Қазақстан үшін құнды болатын білім мен тәжірибе жинау мақсатында Америка Құрама Штаттарына жол тарттым.

– Consilienz  деген қандай жүйе? Қандай қызмет атқарады?

– Consilienz – қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру, терроризмді қаржыландыру және адам саудасын анықтау және тергеу жүйесі. Бұл платформа адам, ұйым, көлік және тағысын тағы туралы бірнеше дереккөз жинау және синтездеу арқылы жасырын қатерлерді анықтауға көмектеседі.

– Сіз мектепте қандай оқушы болдыңыз? Көбіне қандай пәндерді қызығып оқыдыңыз?

– Шыны керек, өзімді жақсы оқыдым деп мақтанбаймын. Бірақ мектеп мұғалімдеріне өте ризамын. Себебі ұстазымның  арқасында математиканы жақсы көрдім. Ол менің өмірімдегі ең жақсы мұғалім деп айтар едім. 

– Мамандығыңыздағы ең қиындық тудыратын тұстар деп нені айтар едіңіз?

– Бұл салада міндетті түрде төтенше жағдайларда тыныштықты сақтау және тіпті күйзеліс жағдайында болса да объективті ойлана білуіңіз қажет. Кез келген бизнес – көптеген жұмыс және тәуекелге бару. Өзіңізді ұстау және жағдай сіздің пайдаңызға шешілмей тұрса да, шешімді әрекет ету басты қағида саналады.

– Сіз туралы жағымды жаңалық халық арасына кең тарап, түрлі сайттар  мен газеттер сіз жайлы жарыса жазды. Осындай сәтте өзіңізді қалай сезіндіңіз?

– Мен үшін қазақстандықтардан осындай қолдауды сезіну өте жағымды болды. Өз халқымды өте жақсы көремін және олардың үмітін үзбеу үшін жауапкершілікті сезінемін. Құдайға деген терең ризашылықты сезіндім.

– Қазақстан мен Американың білім жүйесінде қандай айырмашылықты байқадыңыз?

– Меніңше, Қазақстанда орта білім Америкаға қарағанда жақсы деп ойлаймын. Мықты іргетасы қаланады және бізге ересек өмірде өте маңызды болып саналатын тәртіпті бала кезден бастап үйретеді. АҚШ-та жоғары білімнің артықшылығы болуы мүмкін. Бірақ әрдайым академиялық білімнің арқасында емес, көбіне ашылатын атмос-фера мен мүмкіндіктердің арқасында, сондай-ақ бүкіл әлемнің адамдарымен және мәдениеттерімен танысу бұл ойлау көкжиегіңіз бен дүниетанымыңызды айтарлықтай кеңейтеді.

– Жобаңызды өз елімізде жүзеге асыру жоспарыңызда бар ма?

– Иә, қазір Қазақстанның әртүрлі ұйымдарымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз.

– Алға қойған қандай жоспарларыңыз бар?

– Алда көптеген жоспарым бар. Мен үшін дамудың керемет мүмкіндіктері ашылып жатыр. Сондай-ақ, жақын арада жүзеге асатын жоспарларыма кейбір қазақстандық компанияларға өз өнертабыстарын әлемдік деңгейге шығаруға көмектесу кіреді.

– Газетіміздің жас оқырмандарына, соның ішінде болашақ жас ғалымдарға қандай кеңес айтар едіңіз? 

– Оқырмандарға ең алдымен адамдарға көмектесуге, мүмкіндігінше көп пайда әкелуге тырысуға кеңес берер едім. Ешқашан тырысудан және қателесуден қорықпаңыз. Әрбір әрекет пен кез келген қателік – жеңіске жетелейтін қадам. Барлығыңызға сәттілік тілеймін!

– Сұқбатыңызға рақмет!

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №11

                    
 

 

2424 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз