Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 19 Наурыз, 2021

Кәусария Сағадатқызы: 30 күнде 30 кітап оқыдым

Кәусария Сағадатқызы – Сүлейман Демирель университетінің 3-курс студенті. Жылдам оқу мен есте сақтаудан тренер. Оқушылардың сұранысына жауап беретін ұстаз болу үшін оннан аса курстан өтіп, өз методикасын құрастырған. Осы күнге дейін  550 адамға жылдам оқуды үйреткен. Ең жылдам оқитын оқушысы бір минутта бір кітап оқиды. Өзі ғана білім алып қоймай, өзгелерге де білгенін үйретіп, қатарының алды болуға ұмтылған Кәусарияны әңгімеге тарттық.

– Мектепте оқып жүргенде, кітапты қалай жылдам оқуға болады деп ойлайтын едім. Таңдау пәнім қазақ тілі мен әдебиеті болды, оқитын дүние көп, ал уақыт аз еді. Кітапты қалай жылдам оқуға болатынын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімінен де сұрай беретінмін. Ұстазым көбірек кітап оқуға кеңес берді. Оған қанағаттана қоймадым. Сөйтіп жүргенде Инна Кауринаның  минутына 133 мың сөз оқитын Адина Манатбекова деген оқушысын ютубтан  көріп, қатты қызықтым. Бір-екі жыл Қазақстанда жылдам оқуды үйрететін ең қымбат курсқа ақша жинай алмай жүрдім. Ақыры сәті түсіп, екінші курстың екінші семестрінде оқуға азырақ, дамуға көбірек уақыт бөлу мақсатында жылдам оқуды үйрену мүмкіндігі туды.    

– Оқитын кітапты қалай таңдайсыз? Мектеп оқушыларының кітап оқуға әуестігін қалай оятуға болады?

– Кітапты мақсатқа қарай таңдау керек. Кәсіби педагог болуым үшін  жан-жақты  дағдыларды меңгеруім керек. Атап айтқанда, уақытты басқару, жылдам оқу, шешендік өнерді меңгеру, басқа да түрлі сауаттылық  дағдысын меңгеру маңызды. Осы дағдылардың әрқайсы бойынша кітап оқимын. Өзімді жан-жақты дамыту арқылы мінсіз мұғалім болуға қадам басамын. Кітап таңдаудың келесі жолы – ішкі сұрақтарымызға жауап ретінде таңдау. Сонда кітапты жалықпай оқисыздар. Мысалы, қазір сіздің проблемаңыз уақытыңызды ұйымдастыра алмау, үнемі кешігіп жүру болса, ішкі сауалыңыз – «Уақытты қалай дұрыс басқаруға болады?». Сосын осыған сай тайм-менеджментке байланысты кітаптарды оқисыз. Келесі жолы басқа болады. Мысалы, кімге ұқсағыңыз келеді, кімді үлгі тұтасыз, сіздің салаңыздағы ең жетістігі мол  адам кім, соның оқитын кітаптарын оқуды қолға аласыз.

Балада мотивация болуы үшін оны кітап оқуға мәжбүрлемеу керек, мақсатына қарай мотивациясымен жұмыс істеу керек. Баланың  қызығушылығын арттырып, әуестігін ояту – мұғалім мен ата-ананың жұмысы. Олар баланың мотивациясына қарауы керек. Ол болашақта қандай маман иесі болғысы келеді? Білім қуғысы келе ме, спортты таңдасам дей ме, соған қарау керек. Мысалы, бала болашақта дипломат болғысы келсе, мамандығына сәйкес жан-жақты болып, көп тіл білуі керек. Көп оқу керектігін осылай талдау арқылы біледі.

– Жылдам оқуды бастағалы бері қанша кітап оқыдыңыз?

– Нақты санын айта алмаймын. Кейінгі 30 күнде 30 кітап оқыдым. Өзіме осындай челлендж ұйымдастырдым. Оңай болған жоқ. Бір күнде екі кітаптан, кейде күрделілеу бір кітаптан оқыдым. Көп адамның бір жылда оқитынын бір айда оқып тастадым. 

– Электронды кітап жазу идеясы қайдан келді?

– Менен сабақ алғысы келетіндер көп. Өйткені жылдам оқу мен есте сақтау дағдысын дұрыс қолдана алатын адамдар аз, үйретушілер тіптен аз. Осыны ескере келе, жан-жақтан үйренген білімімді жинақтап, толықтырып, электронды кітап жазып шықтым. Сұраныс көп болса, кітап түрінде басып шығарамын. Тікелей эфирде өтетін курстарымды доғарамын деп шешкен соң, білімім өзіммен шектелмесін, басқаларға пайдасын тигізсін деген мақсатпен де жазып жатырмын. 

– Қанша тіл білесіз? Жылдам оқу тіл үйренуге пайдасын тигізді ме?

– Төрт тіл білемін. Туған тілімнен бөлек, орыс, ағылшын, түрік тілдерін есте сақтау қабілетіне көмегі 10-20% ғана шығар. Есте сақтауды жеке үйрену керек. Әр дағдыны жеке дамыту қажет. Мысалы, жылдам оқумен айналысып, оқыған кітабымызбен жұмыс жасамасақ, мазмұнын талдамасақ, маңызды ақпаратты жеке есте сақтамасақ, жай жылдам оқып шыққаннан есте қала салады деу қиын. Есте сақтауды жеке меңгерген оқушыларым сабаққа келіп жүріп қана бір сағатта шет тіліндегі 120 сөзді жаттауды меңгеріп алды. Жеке сабағыма қатысатын оқушыларым 180 сөзге дейін жаттайды.

– Ұлттық бірыңғай тестілеуден қанша балл жинадыңыз? ҰБТ тапсыратын түлектерге қандай кеңес бересіз? Мысалы, өзімнің ұстазым тарих пәнін ассоциация әдісі бойынша жаттауды үйреткен еді. Сіз қандай әдісті қолданғанды жөн көресіз? 

– Мен ҰБТ-дан 115 балл алдым. Менің қателігім, қазақ әдебиетінен оқуға көңілім соқпаған ақын-жазушылардың шығармаларын оқымадым. Тура сол тақырыптардан сұрақтар келді. Сондықтан ҰБТ-ға дайындалатын түлектерге бірінші кеңесім: өздеріңізге ұнамайтын тақырыптарды бірінші кезекте оқыңыздар.  Екінші кеңесім: дайындықтың өзіне ұзақ дайындық ұзаққа созылмайтын болсын. Мысалы, ҰБТ-ға дайындық үшін бәленбай оқулықты сатып алайын, бәленбай нұсқа тест шығарып алайын демеңіздер. Қолда бармен жұмыс істеңіздер. Ал ассоциация әдісіне келер болсақ, ассоциация деген – бір нәрсені айтқанда, екінші бір нәрсенің еске түсуі. Қазақстан дегенде Қазақстанның туының еске түсетіні сияқты.

Бірақ мәселе тек онда емес. Мәселе сол екі сөздің образды ассоциациясын байланыстыра алуда. Өзімнің ең сүйікті мысалымды айта кетейін осы жерде. Түрік тілінде mantar деген сөз бар, қазақ тіліне саңырауқұлақ деп аударылады. Мысалы, mantar дегенде мантыны, сосын саңырауқұлақ дегенде қандай да бір саңырауқұлақты елестетемін. Екі сөзге екі ассоциация шықты. Енді екеуін бір-бірімен байланыстыруым керек. Саңырауқұлақтың үстінде манты тұр немесе мантының ішінде саңырауқұлақ бар дегендей. Екі образ бір-бірімен байланысса, тез жаттай аламыз. Тест жаттаған кезде солай. Сұрақтағы бір негізгі сөз бен жауаптағы негізгі сөзді алып, байланыстырамыз.  

– Тіл үйренуге және жылдам оқуға қатысты қандай лайфхактарыңыз бар?

– Мен ең бірінші есте сақтауды үйренуге кеңес беремін. Өйткені, ол дағдыны жеке меңгерген адам өзіне сенімді болады, нақты қалай тіл меңгеруді біледі. Ал жалпылама түрде тіл меңгерген кезде, белгілі бір мәтінді оқымас бұрын немесе видеоны қарамас бұрын сондағы өзіңіз білмейтін сөздерді аударып, жаттап алған жөн. Кітап оқығанда таныс емес сөздермен жұмыс жасаңыз. Сосын мәтінді оқып, видеоны қарауға көшесіз. Кітап оқып жатып түсініксіз сөзге кездессеңіз, гуглдан іздеп  кетесіз. Осылайша ойыңыз қайта-қайта бөлінеді. Бұлай тиімді білім алу мүмкін емес. Тіл меңгерушілер фильмді көріп жатырмын, тіл меңгеріп жатырмын деп іс тындырғандай болғанмен, ол фильммен жұмыс істемесе, фильм көру арқылы тек қана уақытын өлтіреді.  Дыбыстауды жақсарту үшін сериал немесе фильмнің 1-2 минут, тіпті 30 секундында айтылған сөздерін қайталап, даусын диктофонға жазып, өзін тексеруіне болады. Ал кітапты оқығанда грамматикалық құрылымдармен жұмыс істемесеңіз, қажетті сөздерді жаттамасаңыз, жай ғана оқығаннан пайда болмайды. Кез келген дағдыны тиімді меңгеруге, қалыптастыруға  болады. Нақты қадамдарын білсеңіз, кез келген тілді бір жылда төменгі деңгейден ең жоғары деңгейге жеткізуге болады. Жылдам оқу үшін көп кітап оқуға және қарындашпен өзіңізді асықтырып оқуға кеңес беремін. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Перизат Шаден

«Ұлан» газеті, №11
 

2245 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз