Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 28 Наурыз, 2021

Жоғары балл жинаған Қазинаның құпиясы

Биыл ҰБТ тапсырудың шарты өзгеріп, қаңтар айында алғашқы лек емтиханнан білімін сынап көрді. Соның бірі – Қазина Нұртазина. Қазина – таңдау пәні бойынша бұған дейін бір-қатар жетістікке жеткен түлек. Сондай-ақ ол қаңтардағы ҰБТ-да да жақсы нәтиже көрсеткен. Замандасы-мызды сөзге тартып, пайдалы әңгіме өрбіткен едік. 

– Қазина, сұхбаттың мақсаты – сенің қаңтар айында өткен ҰБТ-дан 120 балл алу құпияңды білу еді... 

– Біріншіден, өзімді таныстырып өтсем... Аты-жөнім – Қазина Нұртазина Жалғасқызы. Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы Кемерши ауылында тұрамын. «Алтын белгіге» үміткермін. Таңдау пәнім – қазақ тілі мен әдебиеті. ҰБТ-ға дайындықты 9-сыныптан бастадым. Сондықтан болар, оқу аса қиынға соқпады. Бұл орайда анам әрі ұстазым-ның көмегі зор болды. Таңдау пәніме көп көңіл бөлдім. Уақытты тиімді пайдаланып, сабақпен қатар ҰБТ-ға дайындықты алып жүрдім. Психологиялық дайындыққа келер болсақ, бұл өте маңызды. Көп оқушы психологиялық тұрғыдан дайындалмай, қателік жасайды. Тест болар күннің алдында тынығып, миды тазартып, мейлінше қорықпауға тырысу керек. Тестілеуге кірерде өзіме сенімді болғандықтан қорқыныш болмады. Аудиторияға кіргеннен бастап өзімді жинақы ұстадым. Бастысы – қорықпай, байыппен әр сұрақты мұқият оқу керек. Егер қиын сұрақ болып жатса, бірден байбалам салмай оңай сұрақтарды белгілей берген жөн. Ең бастысы,  уақытты тиімді пайдалану керек екен.

– Сонымен, қазір сен ҰБТ-ға күніне неше сағат дайындала-сың?

– ҰБТ-ға 1 ай ғана қалғандық-тан жүйелі дайындық жүргізіп жүрмін. Ескеретін басты нәрсе, көбі жеті сағат дайындалсам да түк ұқпаймын деп жатады. Оның бір ғана шешімі бар. Миыңыз қай кезде белсенді жұмыс атқа-ратынын анықтау керек. Мен бес сағат дайындаламын. Бірақ бір күнге бес пән қою миға үлкен ауыртпашылық салады. Сол үшін күніне 2 таңдау пәнін және негізгі пәндерді күнара оқу керек. Ескеретін басты жайт –  шаршап-шалдығып оқыған жеті сағаттан, жүйелі бір сағат дайындық артық.

– Осы уақытқа дейінгі дайындығыңды қалай жүргіздің?

– Мен тамыз айында өзіме әр айға мақсат етіп белгілі бір балл шкаласын қойдым. Мысалы, қыркүйекте 80 балл алсам, алдымдағы әр ай сайын бастапқы балыма 10 балл прогресс қосылуы тиіс деп өзіме шарт қойдым. Бірақ қыркүйекте өзім күткеннен де жақсы нәтиже болды. Алғашқы байқау сынағынан 98 балл алдым.

Осы балл маған әрі қарай жүруге күш берді. 110 балды да еңсере алатыныма сендім. Мен бар зейінімді қазақ тілі мен әдебиетіне, яғни таңдау пәніне қойдым және таңдау пән маңызды екенін ескеріп, оған көп бөлуді құп көрдім. Тест тапсырмаларын шешіп, қосымша курстарға қатыстым. ҰБТ сұрақтары 5-11-сыныптардағы мектеп бағдарламасынан келетіндіктен, кітаптарды әр айға бөліп толық аяқтадым. Қайталау білім анасы демекші, қазір қайталап, жаңа мәліметтер игеріп жатырмын.

– Таңдау пәніңді, яғни қазақ тілі мен әдебиетін таңдауға не себеп болды? Әлі де таңдай алмай жүргендерге қандай кеңес айтар едің?

– Кішкентай кезімнен ертегі көп оқып, кейіннен көркем әдебиетке бет бұрдым. Көркем шығарма оқығанды жақсы көрдім. Жастайымнан көп байқауға қатысып поэзия, проза оқығанды жаным сүйетін. Осыған орай  мамандығымды да осы құлшынысыма  сәйкес таңдадым. Ал таңдау жасай алмай жүрген құрдастарыма айтарым, жүрек қалауы не айтады, соны таңда. Себебі грант аз, грант көп, не болмаса қолымнан келмейді деп өзің сүймеген оқу орнына түссең, ертеңгі болашағыңда оны тастап кетесің, не өмір бойы бақытсыз боп өтесің. Сол себепті алдымен өзіңді, өзің жақсы көретін істі, пәнді таңдау керек. Тіпті, оның ақшасы көп, яғни жұмыс істегенде алатын жалақысы көп деп таңдап та жатады. Бірақ мен халықаралық қатынастар бағытын оқып, оны аяқтамай, тастап кеткен, сөйтіп жеке кондитерлік бизнес ашқан қызды білемін. Осындай жандар жетерлік. Осыған орай мен тек бір қағиданы ұстанам – адам сүйетін іспен айналысса, ол оған міндетті түрде табыс әкеледі.

– «Қазақ әдебиеті оңай, сондықтан көп балл жинауға болады ғой» деген пікірмен келісесің бе?

– Осындай пікір өте көп және көбі: «Ой, мына пән оңай екен, ой ана пән оңай екен»  деген стереотиппен таңдау пәнін таңдап жатады. Меніңше, оңай пән болмайды. Әр пәннің өзіндік ерекшеліктері мен қиындықтары бар. Қазақ тілінде ережелер мен нақты деректер болса, әдебиет түпсіз тұңғиық. Әдебиет халқымызда ерте заманнан бері пайда болған-дықтан, осы кезеңге дейінгі барлық ақын-жазушының өмірі мен оған қоса жазған еңбектерін игеру, есте сақтау тіпті  оңай емес. Десе де, өз пәнін қалап, сүйіп, жақсы көріп оқыған жанға бұлар еш қиындық тудырмайды. Бастысы – түсініп оқу.

– Негізі дайындықты әлі де бастай алмай жүрген оқушылар баршылық. Оларға айтар кеңесің... 

– Ең алдымен алдағы үш айға жоспар құр. Бірінші байқау сынағын шпорсыз тапсырып, қабілетіңді анықтау керек. Қатарластарың ЖОО-ға түсіп жатқанда, өзіңнің орта білім алғың келмесе, дәл қазір бар зейініңді ҰБТ-ға сал. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен акылың екі жақтап» дейді Абай. Міне, дәл қазір осы сөзді өзіңе көптеп қайталап айта бер, айта бер. 

– Тарих пәнінен дайындалған сәтте оқушылардың көбі қина-лып жатады. Саған қиындық тудырған жоқ па? Тарихтан дайындалу схемаңды айтып берші...

–  Қазақстан тарихы пәнін игеруде онлайн ресурстарды көбірек қолдану керек. Тарихи кинолар, тарихи тұлғалар туралы деректі фильмдер көру есте тез сақталады. Тарихты оқудағы басты ұстанымым – «тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр» деп, өз тарихыңды білуге шын ұмтылу.

Тарихта нақты дата мен оқиғалар болғандықтан, хронологиялық кесте арқылы, сызба арқылы жаттауға да болады. Жаттап алу есте уақытша ғана, ал тарихта болған окиғаны түсініп оқыса, ол санаңда жаңғырып тұрады.Игерген ақпаратты қайталап тұру да маңызды рөл атқарады. Ал өзім міндетті түрде тақырыпты бекіту үшін тест тапсырамын және тест талдаймын. Әр айға тарих кезеңдерін бөліп жаттап жүрмін, мұғаліммен де кері байланысым жақсы. Тарихты оқыған кезде, жаттап болған соң алдында оқушы бардай сезініп түсіндіру, шын сөзім, сырттай біртүрлі көрінгенімен, есте мықты қалады.

– ҰБТ-ға дайындық бары-сында нұсқа талдаудың көп көмегі бар деп естіп едім. Осыған қатысты ойыңды білсем...

– Әрине, тест талдау арқылы өзің білмейтін тақырыптарды анықтайсың. Тестті топ болып талдаған тіпті жақсы. Білгеніңді бөлісіп, біліміңді толықтыра аласың. Бірақ тестті тек талдап қана қоймай,  қайталап, қатемен жұмыс жасау керек, сонда мүлде ұмытпайсың.

– ҰБТ-ға дайындықтан қажып кеткен сәттер болды ма? Ондайда не істеу керек?

– Депрессияға түсу түлек үшін қалыпты жағдай. Әрине, кейде бойды бойкүйездік басқан сәтте, тесттен өзің калаған балды ала алмай қалған кезде немесе ойдағыдай нәтижеге қол жеткізе алмай қалғанда болып тұрады. Сол кезде депрессияға түсіп кетпес үшін өзіме ұнаған әуендерді тыңдаймын, миымды тынықтырып, далаға серуендеп келемін. Қара шоколад та көмектеседі. Жаным қалаған іспен шұғылданып, өзіме бір сәт демалыс сыйлаймын. Өзімнің күні бойғы жетістіктерімді жазып, қанаттандырамын. Содан соң сабақ оқитын жерімді тазалап,  жанартып, қайта іске көшемін. Түсінбеген тақырыптарды қайта қарап, анализ жасаймын. Бірақ бастысы, мынаны ұғыну керек – сарыуайымға салынып, салыңды суға кетіріп, болмашы балға бола ашулануға әсте болмайды. Идеал болуға ұмтылу дұрыс, әрине. Бірақ кей сәттерде жандүниемізге еркіндік керек.

– ҰБТ өміріңдегі ең маңызды шешім деген оймен келісесің бе?

– Бұл біржақты қарау керек деп ойлаймын. ҰБТ өміріңнің қандай болатынын, білім  көрсеткішіңді айқындап бермейді. ҰБТ-дан құлап, бірақ өмірде жетістікке жеткен жандар да аз емес. Бірақ қолда тұрған кезде неге бар күшті салып мемлекеттік грантты ұтып алмасқа? Бұл өзіңе деген сенімділікті арттырады. Өзіңді дәлелдеудің де сәті түскен уақыттың бірі деп ойлаймын.

– ҰБТ тапсыратындарға айтарың...

– Бастысы, қорықпа. ҰБТ өмірді өлшемейді. Бірақ бар күшіңді сал. Әр күніңе жоспар құр, өзіңе ыңғайлы график қой. Есіңде болсын, 140 балл алынбас қамал емес, шектеу тек миыңда ғана. «Ой, үш-ақ ай қалды, енді не істей аламын?» деп бірден беріле салмай, курсқа жазыл, оқы, үнемі ізденісте бол, әлеуметтік желі, вайн, Тикток саған пайда әкелмейді. Бар болғаны үш айда өзіңді дамытып, уақытша нәрседен шектеле біл. Алдағы төрт жылда соның жемісін көресің. «Талпынған жетер мұратқа» деген рас. Жоғары балл алуға бәріміздің де мүмкіндігіміз бар. Ол мүмкіндікті тиімді пайдалану – әркімнің қандай бағытта, қалай қолдануын-да. Мен саған сенемін, достым. Болашақтан тек жақсыны күтейік те, іске құлшына кірісуді қазірден бастайық.

– Қазина, қызықты сұқбат үшін рақмет! Биік жетістіктерге жетіп, армандарыңды шындық-қа ұластыруыңа тілектеспін. 

Салтанат СЫЗДЫҚ, 
Қ.Сәтбаев атындағы 
№9 мектептің 
11-сынып оқушысы.

Степногор қаласы
Ақмола облысы

«Ұлан» газеті, №11

 

2471 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз