Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 28 Наурыз, 2021

Зағип бала туралы таңғажайып оқиға

Мəскеудің көп мектебінің бірінде оқып жүрген оқушы бірнеше күн қатарынан сабаққа келмей қояды.

Бір апта, екі апта өтеді. Хабарласуға телефоны жоқ. Оқушысына алаңдаған мұғалімі сыныптағы оқушыларды ертіп үйіне барады. Есікті Леваның анасы ашады. Жүзі жабырқаңқы анасынан балалар:

- Лева неге сабаққа келмей жүр?- деп сұрайды.

Анасы:

- Лева енді сендермен оқымайды. Оған ота жасалды. Сәтсіз аяқталды. Оның көзі көрмейді. Өздігінен жүріп-тұра алмайды,-деп, күрсіне жауап берді.

Балалар үнсіз қалды. Ішінен біреуі тұрып:

- Леваны мектепке кезекпен алып келеміз.

- Иә, кезекпен үйге жеткіземіз.

- Сабағына да көмектесеміз.

Ананың көзі жасқа толды. Төрге дастарқан жайып, балалардың нан ауыз тиюін өтінді. Сол сәтте қабырғаны жағалап, көзі ақ дәкемен байланған Лева кірді. Сыныптастары оның жағдайы олар ойлағаннан да ауыр екенін шын түсінді. Лева

“Сәлеметсіздер ме!” деп әрең айтты.

Балалар:

- Мен ертең сені мектепке апарамын!

- Ал мен үйіңе әкелемін!

- Мен үй жұмысыңа көмектесемін!

- Мен тақтадағы тапсырманы дәптеріңе жазып беремін!- деп, бір-бірімен жарыса сөйледі.

Лева кімді тыңдарын білмей, тек басын изей берді. Бұл көрініске анасы мен мұғалімі көз жасын тоқтата алмады.

Балалар үйден шыққан бойда жоспар құрды. Әрқайсысы мазмұндайтын, түсіндіретін пәндерді бөліп алды.

Парталасы мұғалімнің тақтаға жазғанын мұқият түсіндіріп отыратын. Лева сабақ айтқанда, класта мүлгіген тыныштық орнайтын. Ол бес алғанда, бәрі қуанатын. Лева өте жақсы оқитын. Леваға көмектесемін деп, сыныптағы барлық баланың сабақ үлгерімі жақсарды.

Кластастары оны мұз айдынға да ертіп апаратын. Леваның классикалық музыканы ұнататынын білетін олар симфониялық концерттерге де  бірге баратын.

Ол мектепті алтын медальмен бітірді.

Университетке түсті. Жақсы достар тапты. Олар да Леваға көмегін аямады. Университет бітірсе де оқуын тоқтатпады. Өмірін ілім-білімге арнаған Лева әлем танитын математик, академик Лев Понтрягин еді.

Лев Семенұлы Понтрягин (1908-1988) – 14 жасынан зағип болған совет математигі, ХХ ғасырдың ең ірі математиктерінің бірі, КСРО академигі. Оның жұмыстарын дүние жүзі әлі күнге қолданады.

Аударған Айнұр Бұлақбай

 

 

862 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз