Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 03 Сәуір, 2021

Күнді жақсы көңіл-күймен бастаудың 7 əдісі

Таңертеңгі уақытта оятқыштың дауысынан бірден ұйқыңыз шайдай ашылып кетеді ме? Әрине, жоқ. Немесе кейбіреулер бірден атып тұруы мүмкін. Ұйқыңыздың қанып, көңіл-күйіңізге байланысты күніңізді неден бастау керек екенін ойланасыз ба? Мүмкін, бірден жоспарлар құратын шығарсыз? Әлде алып бара жатқан жұмыс жоқ деп ұйқыңызды түскі уақытқа дейін жалғастырасыз ба? Мен мысалы, таңертең тұра сала алдағы күнімді қалай өткізерімді ойланып отырамын. Және сол бойынша әрекет етемін. Мүмкін сіздерге де менің бірнеше кеңестерім керек болып қалар. Мысалы:

1. Ерте ояну. Кешкілік уақытта дағдылы ұйықтап жүрсеңіз, ерте оянуға еш кедергі болмайды. Себебі, ерте тұру сізге стрессіз, бос және көңілді күн жасауға көмектеседі. Миыңыз тынығып, алдағы күнге жаңа бір деммен дайын боласыз.Ал, сізде ұйқысыздық ауруы болса, дәрігердің емін алған жөн. Сонда ғана бойыңызды сергек, ұйқыңызды оятқышсыз ашасыз!

2. Бір стакан су ішіңіз. Ұйқыдан тұрғаннан кейін бірден 1 стакан жылы су ішіңіз. Су адам бойындағы ағзаны тазартып және мидың тиімді әрі жақсы жұмыс істеуіне көмектеседі. Сол арқылы асқазан, ішек жолдарына өтіп, ас қорыту жүйесін жақсартады.

3. Жаттығу. Спортпен шұғылданудың ең жақсы уақыты – таңертеңгі кез. Бойыңыз сергек кезде жаттығуға мәжбүрлеу әлдеқайда оңай. Денеңіз демалып, бұлшық еттеріңіз қимыл жасауға ыңғайырақ болады. Әрі таңғы спорт денсаулығыңыздың жақсы болуына үлкен септігін тигізеді.

4. Таңғы медитация. Бойыңыздағы жаман ойларды өшіріп, үнсіз 10-15 минут терең ойға батыңыз. Ғажайып, еркін әлемде өмір сүргендей сезініңіз. Ойыңызға жақсы нәрселерді түсіріп, содан шынайы сезіммен қуат алыңыз. Медитацияны шынайы сеніммен қабылдасаңыз, бойыңызға сенімділік, жайлылық орнатады.

5. Аффирмациялар айта білу. «Аллаға шүкір, мен баймын», «Мен бақыттымын», «Менде бәрі бар».  Міне, қай кезде болсын осы аффирмацияларды шынайы сеніммен айту арқылы сіздің армандарыңыздың орындалуына сеніңіз! Таңертеңнен жағымды ойлар айту немесе тыңдау арқылы алдағы өміріңіз ойыңыздағыдай деңгейге өзгеруі мүмкін.

6. Тәуліктің бірінші сағаты - алтын сағат. Робин Шарма күннің бірінші сағаты ең маңызды уақыт деп санайды. Алғашқы сағатты өзін-өзі дамытуға арнап, өзіңізбен жұмыс жасаған дұрыс. Сіздің миыңызды қажетсіз ақпаратпен бірден толтырмас үшін компьютер мен теледидарды қоспаңыз, газет оқымаңыз және жаңалықтарды тыңдамаңыз. Өзін-өзі дамытумен айналысыңыз: жеке жазбалар жазу, медитация және рефлексия, шабыттандыратын кітаптарды оқу сынды.

7. Таңертең пайдалы кітаптарды оқыңыз. Сізді өзгерте алатын екі нәрсе - сіз оқыған кітаптар және сіз араласатын адамдар. Дұрыс кітаптарды оқыңыз. Сіздің тақырыбыңыз бойынша: іскерлік, жеке тиімділік, ынталандыру болуы мүмкін. Күніне кем дегенде 30 минутыңызды оқуға бөліңіз. Осылайша, бір жыл ішінде сіз алдыңғы 5 жылдағыдан көп кітап оқитын боласыз. Бұл сізді едәуір алға жылжытады және сіздің болашаққа деген ынтаңызды арттырады!!!

Міне осы басты ережелерді орындай отыра күніңіздің әрі қарай жалғасуына тағы да жоспарлар құрыңыз! Күніңіздің жарқырап бастауы арқылы өмірден ләззат алып, рахат дүниені сезіне біліңіз!

 

Құралай ЖАНДАРБЕК

«Тұран» университетінің студенті

 

1297 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз