Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 06 Сәуір, 2021

Расул Парвизи. «Менің көзілдірігім» (әңгіме)

Расул Парвизи – Иран жазушысы. Ол 1919 жылы Иранның Бушеһр облысының Тангестан қалашығында дүниеге келіп, 1977 жылы Ширазда қайтыс болды. Парвизи Иранның жаңа дәуір әдебиетінің негізін салған Жамалзаденің жолын жалғастырушылардың бірі саналады. Жазушы 1957 жылы «Жамау шалбарлар» атты балалар мен жасөспірімдерге арналған ең атақты әңгімелер жинағын жариялады. «Менің көзілдірігім» – осы жинаққа енген әңгімелердің бірі.

Бұл оқиға әсерлілігіне байланысты ұмытылмай, жадымның қараңғы қатпарларының арасынан әлі күнге дейін ашық күндей жарқырайды. Тіпті күні кеше ғана болғандай есімде жақсы сақталған. Сегізінші сыныпқа дейін көзілдірікті галстук пен асатаяқ сияқты мәдениетті ер адамдар сән үшін тағатын еуропалық керек-жарақ деп ойладым. Мырза Ғоламреза нағашым сырбаз болатын: балағы тар шалбар киетін, галстукті Парижден алдыратын. Сәнге қатты еліктейтіндіктен, қаламыздың адамдары оны «мсье» деген лақап атпен атайтын. Мен көрген алғашқы көзілдірікті сол кісі еді. Нағашымның аяқ киіміне май жағып жылтыратуы, тағы басқа заттарға әуестігі менің еуропалықтарды үлгі тұту сезімімді күшейте түсті. Сонымен, көзілдірікті көзге әуестеніп тағатын заманауи нәрсе деп түйдім. Осы әңгіме есіңізде болсын. Енді мен оқып жатқан мектепке бас сұғайық. Құрдастарыммен салыстырғанда бойшаң болдым. Құдай анама ұзақ ғұмыр берсін, ағам екеумізге киім сатып аларда үнемі қиналғанымен, қалжыңдап, бізді «ұзынтұра» деп атайтын. Бойым ұзын болғанмен, көзімнің нұры кем болғандықтан дұрыс көрмейтінмін. Жақсы көрмейтінімді өзім білмесем де, қара тақтадағы жазуға көзім жетпейтіндіктен, барлық сыныпта еріксіз бірінші қатардағы орынға отыратынмын. Бәріңіз мектепке бардыңыздар. Алдыңғы парта қысқа бойлы балалардың орны екенін білесіздер. Сыныпта осы мәселе бойынша ұрыс болып, қортық балалармен жаға жыртысатынмын. Аздап бұзық болғандықтан, қысқа бойлы сыныптастарым мектептің сыртындағы төбелестен қорқып, көнетін. Бірақ іс мұнымен аяқталмайтын. Бір күні мектептің алдында мінезі жаман мұғалім құлағымнан аямай салып қалды. Шапалақтың дыбысы мектептің ауласында жаңғырып, балалардың құлағына да жетті. Қатты ұрғандықтан көзімнің оты жарқ етіп, құлағымды ұстай алдым. Мұғалім екі-үш дөрекі сөз айтып: «Көзің соқыр ма? Кеудеңе нан пісейін деген бе? Адамды көшеде көргенде амандаспайтын болғансың ба?» – деді.

Кеше мұғалім көшенің арғы бетінен өтіп бара жатқанда мен оны көрмегенмін, сәлем бермегем, сыңайы. Ол менің бұл қылығымды тәкаппарлық пен қырсықтық санап, қазір өшін алып, әдепке салып жатыр. Үйде де ұрыстан көзім ашылмайтын. Көбіне түскі немесе кешкі астың дастарқанынан тұрған кезде көзім көрмей, қолым су ішетін стақанға, тәрелкеге немесе су құятын көзеге тиетін. Я су төгілетін, я ыдыс сынатын. Сол кезде үйдегілер көзімнің жартылай соқыр екенін, көрмейтінімді білмегендіктен ашуланатын. Әкем зіркілдейтін. Анам айыптап: «Бұйдасыз түйеге ұқсайсың. Салақсың, даңғазасың. Аяғыңның астына қарамайсың. Егер алдыңнан құдық кездессе, соған да құлап түсерсің сен», – дейтін. Бақытсыздығыма қарай, жартылай соқыр екенімді өзім де білмейтінмін. Адамдардың бәрі осылай көреді деп ойлайтынмын. Сондықтан айғайға мойынсынатынмын. Ішімнен өзімді айыптап: «Абайлап қозғал! Мұның не? Әрдайым аяғың бір нәрсеге тиіп, ұятқа қалып жүресің», – дейтінмін.

Тағы талай оқиға болды. Футболда ешқашан табысты болған жоқпын. Басқа балалар сияқты аяғымды көтеріп, допты теппек болып дәлдегенде, аяғым допқа тимей, мүлт кететін. Балалар күлгенде намысыма тиіп, қатты ұялатынмын. Ең жаман оқиға циркке барған түні болды.

Ширазға сиқыршы Ғоламхосейн сияқты бір адам келді. Оның сиқырын көру үшін ерлер мен әйелдер, балалар топ-топ болып жиналды. Көрініс Шапур мектебінде өтті. Мектептің тәрбиешісі маған да бір тегін билет берді. Тегін билет озат және екпінді оқушыларға берілді. Өзіме осындай билет тигенге қатты қуанып, түнде көріністі тамашалауға бардым. Орын салонның соңынан бұйырды. Сахнаға тесіліп, ыждаһатпен қарадым. Бір адам ортаға шығып, сандықшасын алып, қойылымды бастады. Айналамдағылар көріністі беріліп тамашалады. Кейде таңданып, кейде күліп, қолдарын шапалақтап отырды. Бірақ мен көзімді сығырайтып, қиналғаныммен, бәрібір дұрыс көре алмадым. Көз алдыма тек қараң-құраң бірдеңе елестеді. Не екенін, кім екенін, не істеп жатқандарын ажыратпадым. Ренжіп, ұнжырғам түсіп, қасымдағыларға алақтап: «Не істеп жатыр?» – деп сұраумен болдым. Олар жауап бермейтін немесе: «Көрмейсің бе, соқырсың ба?» – дейтін. Сол түні өзімнің басқа балалар сияқты емес екенімді сездім. Алайда себебін бәрібір түсінбедім. Тек бойымда бір кінәраттың бар екенін білдім. Осы ой мені мұңға батырды. Алайда ешкім маған көмектесуге асыққан жоқ. Көрмейтінімнің салдары болған барлық салдыр-салақтығым мен шалағайлығымды қамсыздығым мен ұқыпсыздығыма жапты. Өзім де олардың ойына қосылдым. Қалаға көшіп келгенімізге көп жыл болса да, үйіміз ауылдағы жағдайды сақтап қалды. Айлақта тұрғанда үйімізге ауылдан он-он екі адам қонаққа келіп, ат, түйе, есектерін байлап, бірнеше күн жататын. Ширазда да осы әдетін қайталайтын. Әкем кедей болғанмен, қонақшыл қалпынан танбайтын.

Үй-мүлкіміздің бәрі кепілде жатып, делдалдардың қолына өтсе де, біз қонақжайлықтан арылмадық. Оңтүстіктен келетін, «жұртта қалған» кім көрінгеннің бәрі біздің үйге бас сұғатын. Құдай жарылқағыр әкем жомарт адам еді. Кедей болса да патшадай қонақжайлық танытып, сағатын сатса да қонағын күтетін. Сондай қонақтардың қатарында үйімізге казерундік кейуана келді. Ол кісі әйелдерге жоқтау шығарумен айналысып, өзі де жоқтау айтатын. Бір мерекеде ұйқассыз, мағынасыз өлеңдер оқыды. Көп сөйлейтін, әрі басқалардың ісіне араласатын. Әйтсе де тілі шұрайлы, әңгімешіл еді. Балалар оны өте жақсы көрдік. Ол келгенде бөркімізді аспанға атушы едік. Түнде ертегі айтатын. Кейде өлең оқығанда үйдегілердің бәрі қол шапалақтайтын. Ешкімнің көңіліне қарамайтын, тік, бірбеткей адам еді. Басқалардың кемшілігін бетің бар, жүзің бар демей, тура айтатын. Анам оны қатты жақсы көретін. Біріншіден, екеуі де Казеруннен шыққан. Казерундіктер әсіре жершіл келеді. Екіншіден, ол анама жақтасып, әкемді екі әйел алғаны үшін қатаң айыптайтын. Осылайша, ол кісі біздің үйдің құрметті қонағына айналды. Үнемі өзімен дұға кітаптарын алып жүретін. Кітаптың бәрін бір боқшаға түйетін. Бір көзілдірігі бар еді. Шынысы бадам пішіндес ертедегі көне көзілдірік. Көнелігі сондай, жақтауы да сынып қалыпты. Бірақ кемпір оң жақ құлақшасының орнына сым жалғап, мықты кенеп жіпті бірнеше рет айналдырып, сол құлағының айналасына әкеп байлайды екен.

Мен бір күні қулыққа басып, кемпір үйде жоқ күні боқшасын ақтардым. Алдымен кітаптарын шаштым. Сосын әзілдеп, балалықпен әлгі көзілдірікті қорабынан шығардым. Оны көзіме тағып, осы күлкілі түріммен апайымның мазасын алып, бетімді қисалаңдатамын деп ойладым. Міне, қызық! Бұл сәтті ешқашан ұмытпаймын. Мен керемет мезетті бастан кештім. Көзілдірікті тағуым мұң екен, дүние кенет өзгеріп, түрленіп сала берді. Күздің түстен кейінгі күндерінің бірі болғаны есімде. Күннің қызуы басылып, айнала қызыл түске еніп, ағаштардың жапырақтары оқ тиген сарбаздардай бір-бірлеп жерге түсіп жатты. Сол күнге дейін ағаштардың үстінен бір-біріне ұйысқан тұтас жапырақтан өзге ештеңе көрмеген мен жапырақтарды енді жеке-жеке тамашаладым. Бөлмеміздің қарсысындағы дуал бұрын маған біртұтас болып көрінетін. Кірпіштері бір-бірімен кірігіп, бүтін бір нәрсе секілді сезілетін. Батып бара жатқан күннің қызыл арайымен енді кірпіштер бөлек-бөлек сипат алып, ара-жігі ажырай бастады. Қандай ләззатқа бөленгенімді білмейсіздер-ау! Бүкіл дүниені қолыма ұстатқандай күй кештім. Сол сәттегі қуанышым ешқашан қайталанған жоқ. Ештеңе ол мезеттің орнын баса алмады. Қатты шаттанғаным сондай, сене алмай, рас екеніне көз жеткізу үшін өзімді бірнеше рет шымшыдым. Қуаныштан саусағымды сыртылдатып, билеп, секірдім. Өзімді дүниеге енді ғана келгендей сезініп, өмір мен үшін жаңа мағынаға ие болды. Қуаныштан тіпті үнім шықпай қалды. Көзілдірікті шешіп едім, әлем көз алдымда қайтадан қараңғылыққа батты. Алайда бұл жолы сенімді әрі көңілді едім. Көзілдірікті қабына салып қойдым. Анама ештеңе айтпадым. Егер бір сөз айтсам, көзілдірікті тартып алып, өзімді ұрып жібере ме деп ойладым. Кемпірдің бірнеше күнге дейін біздің үйге келмейтінін білдім. Көзілдіріктің қалайы құтысын қалтама салып, жаңа дүниені көргеніме масаттанып, көңілім марқайып, мектепке бардым.

Түстен кейінгі уақыт болатын. Мектеп цитрус ағаштары өсетін бақтың ішінде орналасқан, бөлмелерінің қабырғалары әйнекпен безендірілген, кезінде байларға тиесілі болған көне ғимараттардың бірі еді. Біздің сыныпқа ең жақсы бөлме бұйырыпты. Терезесі болмағанымен, түрлі-түсті шынымен безендірілген кішкентай әдемі есігінен кіріп-шығатынбыз. Бөлмеге күн сәулесі нұрын шашқанда, сыныптастарымның бейкүнә жүздері қымбат жүзіктің әсем тасындай мөлдіреп көрінді.

Бірінші сабақ араб тілі болды. Бұл пәннің мұғалімі қалжыңбас, әзілкеш, кәрі шал еді. Ширазда оқыған менің құрдастарымның бәрі оны таниды. Көзіме сенімді болғандықтан, мен енді алдыңғы партаға отыруға тырысқан жоқпын. Салып ұрып, соңғы партаға жетіп бардым. Көзілдірікті тағып, байқап көрмек болдым. Біздің мектеп кедей ауданда орналасқан. Сол себепті орта мектепте көп оқушы оқымайтын. Тарих пен әдебиетті оқудың орнына, оқуды тастап, нан табуды жөн көрген оқушылардың саны жылдан-жылға арта түсті. Шын мәнінде, оларды мектепті тастауға тұрмыс жағдайы мәжбүр етті. Біздің сыныпта да оқушы көп болған жоқ. Сабаққа бәрі келген күннің өзінде алтыншы қатарға дейін ғана отыратын. Сыныпқа он қатар орындық қойылатын. Мен «қаруланған» көзімді сынау үшін оныншы қатарды таңдадым.

Бұрыннан бұзақылықпен танымал болған менің бірінші сабақтағы бұл ісіме кәрі мұғалім күдіктеніп қалды. Маған жаман қарағанын байқадым. Ішінен: «Мына сотқар неліктен әдеттегі орнына емес, сыныптың соңына барып отырды? Бір гәп бар-ау...» – деп ойлады, сірә. Балалар да таңданысын жасыра алмады. Себебі, менің жағдайыма бәрі қанық қой. Бірінші қатарға отыру үшін көп жылдан бері жанжал шығаратынымды білетін. Әйтеуір сабақ басталды. Мұғалім араб тіліндегі тіркесті қара тақтаға жазып, кесте сызды. Арабша бір сөзді кестенің бірінші бағанына жазып, оған қарсы бағанда сол сөзді талдады. Осындай жағдайда мұрсатты пайдаланып қалғым келді. Қолымды созып, қорапты шығардым. Қораптан көзілдірікті еппен алып, көзіме тақтым. Сымын оң құлағымның артына байладым. Кенеп жібін сол құлағыма апарып, бірнеше рет орадым. Осындай күйдегі түрім күлкілі еді. Менің ұсқынсыз үлкен бетім, қоңқақ мұрыным шынысы бадам пішінді кішкентай көзілдірікпен үйлеспеді. Мұнымен қоса көзілдіріктің сымнан жасалған оралған құлақшасы не нәрсеге болсын, тіпті болмашы нәрсеге де күлкілері келетін мектеп оқушыларын айтпағанда, әкесі өліп, қайғырып отырған адамды да езу тартуға мәжбүрлер еді. Құдай оның бетін аулақ қылсын.

Алғашқы жолды жазып, оқушылардың түсінгенін түрлерінен байқағысы келіп, сыныпқа бетін бұрған мұғалім мырзаның көзі кенет маған түсті. Таңырқап, қолындағы борды тастай салды да, бір минуттай менің көзілдірігім мен бетіме тесіле қарады. Мен мәселенің байыбына бара қоймағам. Шаттық бойымды кернеп, басқа әлемде отырған едім. Бірінші қатардан тақтаның бетіндегіні қиналып көретін мен енді оныншы қатардан бұлбұлша сайрадым. Өз ісіме масаттанып, тіпті жағдайдан мүлдем бейхабар қалдым. Менің көңіл аудармауым мен алаңсыздығым мұғалімнің күмәнін арттыра түсті. Оны келеке етіп, мазақтау үшін жаңа бір ойын бастады деп сезіктенді. Кенет ызалы барыстай маған қарай бет алды. Қызық болғанда, бұл мұғалім шираздық диалектіде сөйлейтін. Бізден де ауызекі тілде сөйлеуді талап ететін. Алға жүріп келе жатып, өзіне тән диалектіде: «Пай, пай! Әдепсіз! Сайқымазақ сияқты бетперде тағып алдың ба? Бұл саған сиқыр көрсететін жер ме екен?» – деді. Мұғалім сөйлегенге дейін сынып тып-тыныш еді. Балалар қара тақтаға үңіліп жазып отырған. Мұғалім маған шабуыл жасағанда, оқушылар жағдайға қанық болу үшін біз жаққа ошарыла бұрылды. Оқушылар артқа қарап, әлгінде сипаттаған менің көзілдірігімді көргенде құдды жер сілкініп, тау құлағандай жағдай орнады. Олардың күлкісі сынып пен мектепті дүр сілкіндірді. Олар күлкілерін тыя алмады. Бұл жағдай мұғалімді одан әрі ашуландыра түсті. Ол мұның бәрін өзін келемеждеу үшін істедіге жорыды. Балалардың күлкісі мен мұғалімнің шабуылы менің есімді жиғызды. Қатер төнгенін сезіп, дереу көзілдірікті шешпек болдым. Қолымды көзілдірікке созуым сол екен, мұғалімнің айғайы естілді: «Тиме! Сені бетперде таққан күйде директорға апарамын. Бала, сен көше сыпыруың керек! Мектеп, кітап, сабақ сенің не теңің? Бар, моншаның төбесіне барып, асық ойна!» Сынып күлкіге шомылды. Мен бейшара сасқалақтап, абдырап қалдым. Не айтарымды білмедім. Алақтап, мұғалімге жалтақтап қарай бердім. Бұл жолы орнынан ауыр қозғалып, менің орындығымның тура жанына келді. Бір қолын пенжегінің артында ұстап, екінші қолымен шапалақ ұруға дайын тұрды. Осындай күйде: «Бар, құры! Кет, көзіңді жоғалт!» – деді.

Мен бейбақ көзілдірікті таққан күйде орнымнан тұрдым. Сынып күлкіден жарылып жатыр. Егер шапалақпен ұратын болса, тым құрығанда бетіме тимесін деген оймен мұғалімнен арырақ ығыстым. Шапшаң қозғалып, мырзаның алдынан сытылып шықтым. Кенет бетіме шапалақ тиіп, көзілдіріктің сымы үзіліп, бетімде ілініп тұрып қалды. Күлкілі көрініс. Оны алып тастамақ болғанда жамбасымнан екі рет теуіп жіберді. Ойбайлауға мұршам келмей, сыныптан атып шықтым.

Директор, тәрбиеші және араб тілінің мұғалімі комиссия құрып, көп сөйлескеннен кейін мені мектептен шығаруға шешім қабылдады. Олар шешімді хабарлағанда, өзімнің жартылай соқыр екенімді айттым. Бастапқыда сенбеді, бірақ қара тасқа да әсер ететіндей риясыз сөйледім. Менің жарым-жарты соқыр екендігіме көздері жеткенде, әйтеуір кешірді. Араб тілі мұғалімі әр іске араласатын, әр саланың «білгірі» болғандықтан, өз диалектісінде: «Балақай, ертерек айтуың керек еді. Жаның шыққыр, бұрыннан айтпадың ба? Ертең сабақ аяқталғанда Шаһ Черақтағы көзілдірік жасаушы Мырза Сүлейменнің дүкеніне кел!» – деді. Өмір бойғы азап пен қиындықтан және кешегі қорлықтан кейін сабақ аяқталған соң мен Шаһ Черақ алаңындағы көзілдірік жасаушы Мырза Сүлейменнің дүкеніне бардым. Араб тілінің мұғалімі де келіп, Мырза Сүлейменнен көзілдірікті бір-бірлеп алып, менің көзіме тағып: «Шаһ Черақтың сағатына қара! Кішкентай тілін көресің бе?» – деді. Мен көзілдірікті көп таңдадым. Ақыры бір көзілдірік дәл келіп, сол арқылы сағаттың кішкентай тілін көрдім. Он бес «қыран» ақша беріп, мырза Сүлейменнен сатып алып, көзілдіріктіге айналдым.

Парсы тілінен аударған Айнаш Қасым

«Ақ желкен» журналы, №3

 

700 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз