Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 07 Сәуір, 2021

ҰБТ-да ұпай жинау үшін...

Ұлттық бірыңғай тестілеу  емтиханын тапсыруға аз ғана уақыт қалды. Биылғы ҰБТ былтырғыдан өзгеше. Мектеп бітірушілерге 3 мүмкіндік беріліп отыр. Алғаш рет ҰБТ «1 талапкер – 1 компьютер – 1 камера» принципімен өтпек.

Қазір ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындайтын білім беру орталықтары көп. Онлайн форматта тестке даярлайтын сондай орталықтың бірі – JUZ40. Түлектерге пайдасы тиер деген оймен осы орталық-тың негізін салушы Жұлдызай Мұсаевадан сұқбат алған едік. Ол JUZ40 орталығы және ҰБТ-ға дайындалу, жетістікке жету жайлы әңгімелеп берді. Жас кәсіпкер жасөспірімдерге былай дейді:

– Жоғары оқу орнында ақылы бөлімде оқыдым. Бір жылдық оқу ақысы 650 000 теңге болатын. Ол кезде өте қомақты қаражат еді. Мектеп бітіретін жылы Абылай Ахметқалиев ашқан «ҰБТ академиясы» деген алғашқы онлайн курс болды. Математика пәні бойынша сол курсқа қатысатынмын. Ол кісі сабағын орыс тілінде жүргізетін. Бір күні сабақты неге қазақша өткізбейтінін сұрап, комментарий жаздым. Нақты жауабы есімде жоқ, алайда «өзің курс ашып, қазақ тілінде жүргізсеңші» деген сыңайда болды. Содан өзіме «курс ашып, қазақ тілін дамытамын» деп уәде бердім. Сол жылдары әдебиет пәніне байланысты ешқандай топтар, курстар жоқ еді. 1-курс оқып жүргенде «Вконтакте» желісінде топ ашып, әдебиеттен материалдар салып, түлектерге көмектесіп жүрдім. Оқырман саны 7000-дай болған кезде, жәй ғана «Әдебиеттен дайындалғысы келетіндер хабарласыңыздар» деп жазғанмын. Мені ешкім танымағандықтан, сенімдеріне кіру үшін бастапқы бағасын 500 теңге деп қойдым. Күні-түні демалмай балаларға материал, тесттер дайындайтынмын. 2019 жылы 100-дей оқушы оқытқан шығармын, соңына дейін 50-60 оқушы қалды, жақсы нәтиже көрсетті. Логотипті 2019 жылы жазда Махаббат деген оқушым ұсынды. Кейін пәндер арасына Қазақстан тарихын, Математикалық сауаттылықты біртіндеп қоса бастадым. Барлық пәнді осы 2020 жылы тамызда қостым. 

Жастарды әрқашан батыл болуға шақырар едім. Мен курс ашып, сәтсіздікке ұшырап, қатемді түсіну әлдеқайда жақсырақ деп ойладым. Не нәрсе болса да түк істемей отырғаннан жақсы. Өйткені ол – тәжірибе. Адам бірден үлкен жетістікке жете салмайды. Сол жетістікке жету жолында кем дегенде екі-үш мәрте жаңылады. Тек сол арқылы  тәжірибе жинаймыз және жіберген қателіктерді екінші қайталамауға әрекет жасаймыз.

Былтырғы Жұлдызай мен қазіргі Жұлдызайдың арасында үлкен айырмашылық бар. Мен бір басыма жетерлік қателік жібердім, соның арқасында көп тәжірибе жинадым және қазір өзімді дамытып жатырмын. Өмірлік миссиям – ең бірінші ата-анама, кейін басқаларға көмектесу. Ата-анама да, оқушыларыма да көмектесіп жүрмін және осы әрекетімнен ләззәт аламын. Өмірімде болып жатқан барлық оқиғаға шүкір деймін. Бұйырса алдағы уақытта осы ісімді жалғастыра беремін.

Өмір жолымда үлгі тұтар адамым – анам. Оның сабыры, даналығы мені алға қарай жетелейді. Отбасымызды бір жұдырыққа жұмылдырып, бірлігімізді сақтап отырған анам десем, артық айтқаным болмас. Мұғалімдік жолда үлгі тұтар адамым – әдебиет пәнінен берген ұстазым Ербол Ісләмұлы. Қатаң тәртіп жақсы нәтижеге жеткізетінін көрсеткен сол кісі. Тұлға болып қалыптасуыма үлес қосқан адамдардың бірі деп айта алам, ұстазымды өте сыйлаймын және сол кісінің ісін жалғастырамын. Ал бизнес жолында Қуаныш Шонбайды үлгі тұтамын. Ол кісінің «Екінші болма» кітабы сана-сезімімді түбегейлі өзгертті. Кейінірек Қуаныш Шонбайдың онлайн курстарына қатысып жүрдім, сұқбаттарын қарап, ол кісіге тұлға ретінде қызыға бастадым. Әлі күнге дейін кітаптарын оқимын.

Енді қалыптасып келе жатқан жасөспірімдерге кітап оқуға кеңес берер едім. Қазір кітап оқу – проблема. Өзім бала кезімнен бері көркем шығармаларды сүйіп оқыдым. Менің санамды өсірген де, тіл байлығымды кеңейткен де – кітаптар. Кез келген шығарманы оқу барысында оның мазмұнын түсіну маңызды. Тұлға болып қалыптасу кезеңінде кітаптың тигізетін пайдасы зор. Жас талапкерлерге айтарым, сабырмен дос болып, еш қаймық-пай, сабақтарыңды ынтамен оқыңдар. Қалаған оқу орнының студенті атануларыңа тілектеспін. 

Алуа ЗЕЙНУЛЛАЕВА, 
№122 мектептің 
11-сынып оқушысы.
Алматы қаласы

«Ұлан» газеті

 

1939 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз